Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

15.04.2018

Әуелі Ақордада болған ресми кездесулерді шолып өтелік. Апта басында Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Саясат алаңында салмағы бар Сағатханұлының билік партиясының биік лауазымына келгеніне көп болған жоқ, 2,5 ай. Соған қарамастан, іргелі істермен ізін қалдыруға талпынып жүр. Кездесуде Елбасы елордада «Жас Отан» жастар қанатының құрылтайы табысты өткенін тілге тиек қылды. Сондай-ақ, «ұйым төңірегінде барлық жастар топтасса, біріксе біздің арманымыз сол», - деді. Ал, Мәулен Әшімбаев ІV съезге өңірлерден мың жарымнан астам делегат қатысқанын, форумның бірінші күні партияның конференциясы және арнайы бес панельді сессия өткенін айтты. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру ісіне партияның қалай атсалысып жатқанын баяндады. Кездесу соңында Президент партияның түрлі бағыттағы жұмысын жандандыру үшін Әшімбаевқа бірқатар нақты тапсырма берді.

Апта ішінде Ақордаға шақыртылған шенеуніктің бірі - Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Ол Президентке білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді. Бесенеден белгілісі, білім беру жүйесі еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру ісінде ерекше маңызға ие. Мұны Президент те шенеунікке шегелеп айтты. Елбасы сонымен қатар, еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалардың уақытылы жүргізіліп жатқанын, оның ішінде жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшіру жайына ерекше тоқталды.

Хабарламаларға жазылу