Қазақ баспасөзіндегі өзекті мәселелер көтерген газет-сайттарға шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ баспасөзіндегі өзекті мәселелер көтерген газет-сайттарға шолу

08.04.2018

«Qamshy.kz» идеология саласына тәжірибелі маман келді, - деген мақала жариялапты. Портал сәрсенбі күні Дін істер және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған Дархан Кәлетаевтың бұған дейінгі атқарған қызметтеріне шолу жасап өтеді. «Қоғамдағы ең бір жауапты салаға басшылыққа келген министрді жастар саясатын өзгертуге бастамашы болғандардың бірі деп сипаттайды. Ал билік партиясының тұтқасын ұстаған кезінде ол елдегі барлық саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен, түрлі бірлестіктермен өзара диалог орнатуға ұйытқы бола білген еді. Енді Дархан Кәлетаевтың мемлекет пен дін арасындағы қатынасты реттеудегі алғашқы қадамы дін туралы жаңа заң жобасының Парламент қабырғасына өтуінде болмақ»,- деп жазады «Qamshy.kz».

«Түркістан» апталығы сарыағаштық баланың тағдырына қатысты ақпарат басқан екен. Бүлдіршіннің ісін тергеуге төрт елдің мамандары кірісіпті. Қоғам белсендісі Аружан Саин «Facebook» парақшасында «зорлық құрбаны болған баланың ісін зерттеуге қазақстандық сарапшылардан бөлек Грузия, Қырғызстан және Ресейден келген мамандар жұмылдырылды» деп жазады. Оның айтуынша, келешекте басқа да сараптамалар жүргізіледі, ал олардың мән-жайын түсіндіру жұмысы Бас прокуратураның құзыретінде екен.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 6 жасар қызға байланысты Аружан Саин жариялаған ақпаратты қыздың ата-анасы жоққа шығарды, - деп хабарлайды «Абай-ақпарат». Басында баланың ата-анасы Түркістан қаласындағы клиникаға емделген. Кейіннен көмек береді деген ниетпен әлеуметтік желі арқылы Аружан Саинға хабарласып, көмек сұрайды. Ал қыздың құжаттарымен танысқан қоғам белсендісі Бас прокуратураға баланың ата-анасына қатысты «Ата-ана құқығынан айыру» туралы арыз берген. Қылмыстық іс ашылып, облыстық және Түркістан қалалық прокуратураларының бақылауымен 1 жарым жылдай тергеу жүргізіледі. Осы аралықта баланың денсаулығы нашарлап, ем қабылдауына қатты кедергі болыпты. Өйткені, баланы күтуші ата-анасы мен туған-туыстары, тіпті көршілеріне дейін тергеуде болған екен. Қыздың әкесі Аружан Саинның көмектесудің орнына неге сотқа бергенін түсінбейтінін, керек болса онымен бетпе-бет кездесуге дайын екендігін айтыпты.

Саят Ыбыраевтың босап шығуына заң бойынша еш кедергі жоқ. «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі адвокат Абзал Құспановтың осындай пікірін жариялады. 2011 жылы «экстремизм» бабы бойынша 12 жылға сотталған профессор қазір 51-де. Ғылымға бергенінен берері көп, - дейді адвокаты. Үкім шыққалы Семейдегі қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан Саят Ыбыраев осы жылдар ішінде мүлдем тәртіп бұзбаған. Қайта кітап жазып, ғылыми жұмыстармен айналысып жатыр екен.

Осы «Qamshy.kz» порталы Ақын Мұхтар Шахановтың сөзі үшін Әлібек Әлденей кешірім сұрағанын да хабарлады. «Алматы» телеарнасының басшысы әлеуметтік желіде халықтан кешірім сұрап, мәлімдеме жасады. Оның бұлай істеуіне 4-сәуір күні «Алматы» телеарнасындағы «Ақшам Алаң» бағдарламасында ақын Мұхтар Шахановтың XX ғасырдағы қазақтың өмірден өткен ұлы есімдеріне қарата айтқан сөздері себеп болған. «Онда иісі қазақ төбесіне тұтқан ұлы тұлғалардан, айтылған қисынсыз ой-пікірлер үшін кешірім өтінемін, - дейді телеарна директоры.

Нұрбол ҚАПЕШОВ

Хабарламаларға жазылу