Наурыз мейрамының 62 жылдық үзілістен кейін қайта түлеген жері - Алматы қаласы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мейрамының 62 жылдық үзілістен кейін қайта түлеген жері - Алматы қаласы

25.03.2018

Наурыз тойы қыс пен жаздың ат алмастырар сәтінде келеді. Бұл адамзаттың ғана емес бүкіл табиғаттың мерекесі. Дегенмен, шығыстан батыстың десі басымдау болып тұрған заман емес пе?! Григориан күнтізбесімен жүруге мәжбүрміз. Қаңтардың қақаған қысында жаңарудың, жаңғырудың көлеңкесі көзге шалынбаса да, телміріп, түнгі 12-ні күтеміз. Шампан атып, Аяз атадан сыйлық дәметеміз. Орыстардың Аяз ата деп жүргені - Наурыз түні ел аралап, бақ пен ырыс үлестіреді деп балаларымыз ғана емес, бабаларымыз да нанып-сенген Қыдыр атаның образына ұқсас екенін ойлайтындар аз, есесіне жақсылап тұрып тойлайтындар көп. Өзіміздің дүниені өзгелер сіңіріп алып, қайтадан бізге өзінікіндей ұсынып жатқаны қазақ баласының намысын қайрақтай жанитын дүние.

Сол намыстың бір ұшқыны сонау кеңестік заманда баспасөзде байқалды.  60-70 жылдары «Лениншіл жас» газеті жыл сайын 22-наурызға арналған тұтастай мерекелік санын шығарған екен. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловтар бастаған осынау дәстүр ұлттық мейрамымызды қайтаруға зор ықпал етті.

Көзкөргендер сонау 88-жылғы Алматыдағы наурыз тойына 100 мыңға жуық адам жиналған деседі. Тап сол мерекеде Желтоқсан оқиғасынан кейін сескеніп қалған қазақтың бір серпілгені рас. Осы ретте қазақ қайраткерлеріне көршілеріміздің біразы қарыздар екенін айта кетейік. Бізден кейін бір жылдан соң, қырғыз, тәжік, өзбектерде Наурызды тойлауға рұқсат алған. Қысқасы, Наурыз мейрамының 62 жылдық үзілістен кейін қайта түлеген жері - Алматы қаласы. Тілшіміз Нұрлан Асқарұлы алып шаһардағы ауқымды тойдың қалай өткенін жеткізеді.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу