Президент елмен бірге «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты мюзиклді тамашалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елмен бірге «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты мюзиклді тамашалады

25.03.2018

Алаштың ардақты ұлы Сұлтанбек Қожановтың «Наурыз - табиғат мейрамы. Наурыз - дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруа мейрамы» дейтіні бар. Демек, байырғы қазақтың ұғымында Наурыз ас ішіп аяқ босатудың емес, өткеніңе есеп беріп, тұрмыс-тіршілігіңнің келесі кезеңін бағдарлайтын кезең. Яғни, жылды түйіндейтін уақыт. Сонымен, тауық кетіп, ит жылы табалдырықтан аттады. Өткен жылға өкпе айтпайтын, келер жылдан жақсылық күтетін қазақ мұндайда «ит жылы игілікті болсын» дейді. Биыл да ел халқы наурыз тойын ерекше салтанатпен тойлады. Бес күн демалыс. Жұрт арқа-жарқа. Бала-шаға көжеге тойып, мәз. Көктемі ерте келетін өңірлерде төрт түліктің аузы көкке ілікті. Тек Арқа мен кей аймақтарда кәрі құда қысыңның жантайып, жамбастап жатып алғаны болмаса. Дегенмен, күн райы халықтың көңіл-күйіне әсер еткен жоқ. Ел-жұрт ағарған ішіп, арқа-жарқа болды. Көкпар тартып, ат шаптырып, балуан күрестіріп қыз-бозбала қызық қуды. Араздар татуласып, жоқ-жiтiктерге жәрдем жасалды. Ұлттық құндылықтар жаңғыртылды, дәстүр-салт дәріптелді.

Мейірім мен молшылықтың осы бір мерекесін ел халқы - Ертістен Жайыққа, Іледен Тобылға дейінгі аралықта тұтас тойлады. Ал, ең  үлкен той Есіл жағасындағы елордада өтті. Елбасы бас шаһардағы басты салтанатқа қатысып, барша отандасты ұлық мерекемен құттықтады.

Алдымен Президент елмен бірге «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты мюзиклді тамашалады. Жоғары технологиялық музыкалық хореографиялық этно-модерн қойылымында Қазақстанның белгілі өнер тарландары, опера, балет, театр сияқты сахналық өнердің жас таланттары өнер көрсетті. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралады. Мұнда декоративті-қолданбалы шығармашылық көрмесі, музыкалық театрландырылған көріністер және ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Елбасы халықпен тілдесіп, оларды мерекемен құттықтады.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу