Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонға құрмет ретінде «Парасат» орденін табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонға құрмет ретінде «Парасат» орденін табыстады

18.03.2018

Орта Азия елдері басшыларының кездесуіне Тәжікстан президенті де қатысқан еді. Негізі, Эмомали Рахмон елімізге ресми сапармен келді. Мәртебелі мейман үшін Ақордада салтанатты шара ұйымдастырылды. Кейін президенттер шағын құрамда бас қосып, делегацияаралық келіссөздер жүргізді. Биыл қос елдің дипломатиялық байланысына - 25 жыл. Ширек ғасырда мемлекеттер арасында ешбір араздық я түсініспеушілік болған жоқ. Бірігіп жеткен жетістік мол. Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы саясатта да бір-біріне тіреу. Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланарында да Тәжік елі үлкен демеу көрсетті. Сауда-саттықта да жағдай тұрақты. Екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі былтыр 30 пайызға артып, 1 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан қазір Тәжік еліне өзімізде құрастырылған көліктерді жібере бастады. Оның алғашқы легін Душанбенің таксопаркі пайдаланып жүр. Ресми сапар аясында қос президенттің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Министрліктер арасында да бірнеше жілікті құжат бекіді. Енді ведомстволар мемлекет басшылары бекіткен тапсырмаларды бірігіп іске асырады. Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонға құрмет ретінде «Парасат» орденін табыстады.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу