Сиқырлы әлемнің алғашқы тамшысы осы алпыс жылда қазақтың сөйлеп сілтер қамшысы, жаңалықтың жаршысы, руханияттың жоқшысы болды. Халықтың қазыналы шежіресін жасады. Сол кезден бері елге тұтқа болған ерен тұлғалардың бейнесі мен орамды ойлары осындағы «Алтын қорда» жатыр. Қазақ телевизиясы халыққа «Айтысты» қайтарды, «Тамашамен» таңғалдырды, «Күй керуенмен» көңілдің қылын шертті. Осы жылдар аралығында қазақтың «Қарызы мен парызын» өтеп, «Бары мен жоғын» түгендеді, «Қазақтың жанын» іздеп, «Мезгілі» жеткен мәселелерді көтерді. «Қымызханаға» өнерлі қыз-жігітті жинап, «Көкпардың» телевиялық нұсқасын жасап, экранның арғы бетіндегі қазақтың арқасын қоздырды. Иә, алуан-алуан арна бар, ал, Ұлттық арна жалғыз. Отандық телевизияның қарашаңырағынан талайлар енші алып тарқасты, өздігінше отау тігіп, түтін түтетті. Ал, «Qazaqstan» Ұлттық арнасы әке мұрасына иелік еткен кенже ұлдай, қарашаңырақты құлатпай ұстап қалды. Тоқырау жылдары қиналды, тарықты, қызметкерлер жалақысын ала алмай зарықты, бірақ, еліміздің басты арнасы бағытынан тайған жоқ. Сүрінсе де құламады, жолынан жаңылмады. Тәуелсіз елмен бірге дамып, бүгінде отандық телеиндустрияның алпауытына айналды. «Qazaqstan» Ұлттық арнасының қазірде 14 облыста филиалы бар. Тәулігіне үздіксіз 20-сағат хабар таратады. Оның көбі өз өнімі. Әрі тек қана қазақша.
Айнұр ОМАР