Үкімет көктемгі тасқын суға қарсы дайындықты осы аптада бастап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет көктемгі тасқын суға қарсы дайындықты осы аптада бастап кетті

25.02.2018

Премьер-министр Б.Сағынтаев облыс әкімдерімен осы мәселені пысықтап өтті. Өткен жылы көктемгі тасқынға қарсы тұру үшін «2017-2020  жылдарға арналған Жол картасы» бекіген еді. Осы бағдарлама аясында біраз жұмыс атқарылды. Бірақ қауіпті аймақтар әлі де бар. Негізі, биыл қар аз жауды. Бірақ, жердің тоң қабаты қалың. Сол себепті, күн күрт жылынса, еріген қар суы жерге сіңбей, айналасына тез жайылып кетеді. Мұндайда қапқа толтырылған құм, аласа бөгеттер тосқауыл бола алмайды. Сондықтан, тасқын су ырық бермей кетуі мүмкін. Салдары белгілі, зардабы халыққа түседі, салмағы қазынаға жүк болады. Мәселен, соңғы 10 жылда дәл осы су тасқыны салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға зиянды өтеу үшін 60 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Ол қаржыға ғимараттар қалпына келтірілген, тұрғын үй салынды, инфрақұрылым жүйелері жөнделген. Ал, ең көп материалдық шығын 2010, 2011, 2015 жылдары болған. Егер осында кеткен 60 млрд.теңге басқа салаға жұмсалса, талай шаруаны шешіп, тіпті шағын қала салып тастауға болушы еді. Сонымен, Үкіметтің тасқынға қарсы іс-қимылы қандай? Қай елді мекендерге қауіп төніп тұр? Осы тақырып турасында Ғабит Ұзақбайдың материалында.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу