Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындылары жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындылары жөнінде кеңес өткізді

28.01.2018

Жаһанда жайдың атқан тасындай құдіретті, ықпалды һәм жуан мемлекет болса, ол АҚШ. Жалғанды жалпағынан басқысы келетін қанға сіңген алапат амбициясы бар. Бір елдерге кірпідей жиырылып, қырын қарайды, енді бірін құшақ жайып, жолдас санайды. Біреумен дос, біреумен қас. Табиғи ресурсқа бай елдерге қой көрген қасқырдай жұтына қарайтын қасиет, саясат – билікке тарпаң мінезді Трамп келсе де өзгерген жоқ. Сол баяғы АҚШ. Өзгермейтін де болар?! Қанша сынағанмен, сыбағанмен, әлем мойындайды. Жаһандық саясатта ол лидер! Лидермен дос болсаң, төңірегің де тыныш. Қазақ президенті сол алыстағы АҚШ-қа сапарлап келгелі, апта өтті. Сапардың саяси салмағы, шабыс, қол жеткен табыс, айтулы алты келісім, әсер әлі ауыздыға сөз болып жатыр.

Елге келген соң апта басында Нұрсұлтан Назарбаев осы АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындылары жөнінде кеңес өткізді. Жоғарыда айттық, бұл сапар дипломатиялық құрылымдар үшін ақ тер-көк тер шабысты болғанмен, нәтижесі табысты болды. Экономикамызға пайда әкелер алты келісімге қол жетті. Сондықтан, Президент кеңесте шетелдік компаниялармен экономикалық ынтымақты одан әрі нығайтып, байланысты бекемдей беруге пәрмен берді. АҚШ-та Елбасы бірнеше маңызды кездесулер өткізіп, жілікті келісімдерге қол жеткізгенін білесіз. Енді осы уағдаластықтарды уақытымен іске асыру қажет. Президент берген тапсырмалар осындай.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ел үшін табысты келісімдер бар. Саяси жақтан қолдау бар. Осының бәрін пысықтап, тапсырма беруіміз керек.

Ал, сейсенбі күні Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бұл жиында да Елбасының АҚШ-қа ресми сапарының нәтижелері мен қол қойылған келісімдерді іркіліссіз іске асыру мәселелері сөз болды. Әсіресе, АҚШ-тың алпауыт компанияларымен және қаржы институттарымен жасалған келісімдерді салғырт қарамай, сапалы орындау керек. Президенттің айтуы орынды. Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары деңгейдегі диалогы еліміздің экономикасын дамытып, өңірдегі қауіпсіздікті нығайту тұрғысында өте маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз бүгін әр сала бойынша нақты тапсырмаларды қарастырамыз. Өте жауапты міндеттер күтіп тұр.

Хабарламаларға жазылу