Егер әлем елдері ядролық қаруға қатысты келіссөз өткізуді қаласа, Қазақстан оларға алаң ұсынуға дайын – Н.Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егер әлем елдері ядролық қаруға қатысты келіссөз өткізуді қаласа, Қазақстан оларға алаң ұсынуға дайын – Н.Назарбаев

21.01.2018

Қазақ Президенті Вашингтоннан кейін арасын 4 сағат бөліп жатқан Нью-Йоркке сапарлады. БҰҰ-ның бас штабы осы шаһарда орналасқан. Ал, Қазақстан Жаңа жылдан кейін осы төбе ұйымға төрелік қызметін бастады. Бейсенбіде Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы ашылып, «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі пікірталас өтті. Ядролық қару - қазақтың жанды жерінің бірі. Өткен ғасырдағы алапат зұлматтың бірі ядролық сынақтар қазақ даласында жүргізілгенінен қазір жер жүзі хабардар. Әлі күнге Семей, Павлодар, Қарағанды жұрты Қызыл үкімет қалдырған қасірет пен қайғыдан қан жұтып келеді. Қаншама адам дауасы жоқ дертке шалдықты.

Ең өкініштісі, сол бейбақтардың ұрпағы да жарық дүниеге дімкәс, кемтар болып келіп, жауыздық пен жалғанға лағынет айқан күйі өмірден өтіп жатыр. Дегенмен, біздің ел бейбітшілік жолында бірінші қадам жасады. Атом бомбасынан бас тартты. Біреулер суық қаруын құшақтап ұйықтап, енді бірі «қайтсек екен» деп он ойланып, жүз толғанып жүргенде, Алаш баласы азаттық ала, Семей  полигонын жапты. Сөйтіп, «жойқын қаруың болмаса, жойылып кетуің мүмкін» деген қасаң түсініктің қате екенін дәлелдеді. 

Қазақ басшысы әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға шақырды.  Тіпті, «Егер әлем елдері ядролық қаруға қатысты келіссөз өткізуді қаласа, Қазақстан оларға алаң ұсынуға дайын» деп мәлімдеді. Кезінде Иранды ядролық қарудан бас тартуға шақырған ел енді үміттеніп, Солтүстік Кореяны үгіттеді. Назарбаев қазір ғылыми жетістіктерді қару жасауға қолдану әлемге қауіп төндіріп тұрғанын, ғарыш әлемін әскери алаңға айналдырудың алдын алу керектігін айтты.

Жалпы, ресми Астана Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіндегі басымдықтары ретінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес секілді мақсаттарды атап отыр. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт жайында Бақытжан Омар баяндайды.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу