Еліміздегі мерзімді басылымдар мен сайттарда ең көп талқыланған мақалаларға шолу (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі мерзімді басылымдар мен сайттарда ең көп талқыланған мақалаларға шолу (ВИДЕО)

19.11.2017

Баспаналы болсам дейтін адам көп. Біреу үйді ақша жинап алады, екіншілеріне мұраға қалады, енді біреулері түрлі жобалардың көмегіне жүгінеді. «Ult.kz» порталы бұл ретте оқырман талқысына «Нұрлы жер» бағдарламасымен үйлі болудың жолдарын ұсынған екен. Мақаладан «Нұрлы жер» бойынша үй алу туралы ең өзекті 5 сұраққа жауап ала аласыздар.

«Түркияда жылына 2 миллионнан көп турист келетін «Қазақ музейі» ашылады», - деп хабарлайды «Qamshy.kz». Порталдың Стамбулға жолы түскен тілшісі Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы басқарушы кеңесінің төрағасы Шабан Серкан Динчтүрікпен сұхбаттасыпты. Бұл музейдің ашылуы 16 желтоқсан - Қазақстанның Тәуелсіздік күніне жоспарланып отыр екен.

«Қасиетті Қазақстан» картасына енген нысандардың толық тізімі жарияланды», - деген сүйінші хабарды да осы «Qamshy.kz»-тен оқи аласыздар. Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, еліміздегі барлық қасиетті нысандар негізгі бес топқа жіктеліпті. Тарихи жәдігерлермен қоса бұл тізімде Алматыдағы 1991 жылы Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған «Үкімет үйі» ғимараты, Астана қаласындағы «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтері де бар екен.

«Қабатов һәм тобырлық мəдениет...». «Abai.kz» Қуандық Шамахайұлының Фейсбуктегі жазбасын көшіріп басқан екен. «Тұрсынбек Қабатов табиғи таланты бар, тумысынан əзілқой бала екендігінде дау жоқ. Бірақ, сахнаға да, эфирге де ешбір сценарийсіз, дайындықсыз шыға салады. Бұл өнер емес. Мұндай тосын сандырақпен халықты уақытша алдарқатуға болады. Бірақ, алысқа бармайтын тірлік», - деп ашынады автор.

Шетелдіктер Абайдың латын қарпіндегі өлеңдерін жарыса оқып жатыр екен. «Qazaquni» порталы алматылық Дәурен Куреевтың видеоблогын жариялады. Онда шетелдіктердің Абай Құнанбаевтың латын әліпбиіне көшірілген өлеңін қалай оқып жатқандары көрсетілген. Видеода әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар түсірілген екен. Видеоблогердің айтуынша, қатысушылар бұл өлеңдерді бірінші рет оқып тұр.

Хабарламаларға жазылу