Елбасы осы аптада Қостанай облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы осы аптада Қостанай облысына барды

12.11.2017

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Челябіге барар жолда жұмыс сапарымен көрікті қала, көк қала Қостанайға барды. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы жақсарған. Әсіресе, құрылыс іркіліссіз, қарқынды. Мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысын болса да Қостанай облысы өте тиімді пайдаланып отыр. Құрылыстан бөлек, автомобиль құрастыру бойынша еліміздегі ең ірі зауыт та осы өңірде. Осы жолы шетелдік инвесторлармен 1 млрд доллардың құжаты бекіді. Бұл қаражат елімізде автоиндустрияны дамытуға жұмсалады.

Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы жұмыс сапарында «Милх» деп аталатын сүт зауытының жұмысымен де танысты. Өндіріс кешені жылына 26 мың тоннадан астам дайын өнім шығара алады. Жақында ғана балмұздақ шығаратын жаңа желіні іске қосқан кәсіпорын осы күні 250-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы жерде Елбасы агроөнеркәсіп кешенінде белсенді жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен де кездесті. Шаруаларға саладағы жұмысты ғылыммен байланыстыруды тапсырды.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу