Елді ғана емес, ТМД құлақ түріп, бүкіл посткеңестік кеңістікті елең еткізген ауқымды шаралардың ондығына Еуразиялық экономикалық одақ кіреді. Келісім осыдан тура үш жыл бұрын бекіген. Одаққа 2015 жылдың екінші ақпанында Армения, сегізінші мамырда Қырғызстан мүше болып кірді.
Қазақстан үшін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің орны ерек. Аталған кеңеске бүгінде 26 мемлекет мүше.
Жаһандық экономикадағы түйткілдерді талқылауға және шешуге арналған сұхбат алаңы - Астана экономикалық форумы. Өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де елорданың еншісіне тиесілі ерекше жиын. 2015 жылы Астанадағы бесінші съезд «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» деген тақырыппен өтті.
Астана процесі деп аталып кеткен Сириядағы соғысты тоқтатуға арналған келіссөздер бас қалада осымен бірнеше рет өткізілді. Женева процесінің ажырамас бөлігі болған бұл келіссөздер 6 жыл бойы қарулы қақтығыс зардабын тартып келе жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятты.
Тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды халықаралық шара ол сөзсіз «ЭКСПО» көрмесі. Бес жыл бұрын халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 ел өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында Астана жеңіске жетіп, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын ретінде таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдаған. Екі миллион адам қатысады деп жоспарланған бүкіл әлемдік шара 3 айға дейін жалғасады.
Саламат ОМАШ