Жыл қорытындысы. Елімізде Мәжіліс сайлауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы. Елімізде Мәжіліс сайлауы өтті

25.12.2016
Ел парламентіндегі басым көпшілік орын «Нұр Отан» партиясына бұйырды.

Жыл басталмай жатып сайлау дүбірі естілді. Бұл жолы Мəжілістің бесінші шақырылымының депутаттары өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып, кезекті саяси додаға себеп тауып берді. Ай бойы алашақпын науқанда кімнің атының, яғни, қай саяси партияның жеті пайыздық межеден асатыны жөнінде түрлі болжамдар айтылды. Нəтижесінде, ел парламентіндегі басым көпшілік орын «Нұр Отан» партиясына бұйырды.

«Ақ жол» мен коммунистер екеуара он төрт депутаттық орынды теңдей бөліп алды. Жаңа Парламент болған соң жаңа үкімет құрамы да жасақталуы тиіс емес пе? Бұл жолы аса көп өзгерістер бола қойған жоқ. Бірен-саран министрлерге ротация жасалғаны болмаса.

Алайда, жыл ортасына қарай ең үлкен екі даудың ортасында қалған екі министрге орындарын босатуға тура келді. Алдымен, басы оқулық дауынан арылмаған Білім жəне ғылым министрі Аслан Сəрінжіпов орынтағымен қош айтысса, жазғытұрым болған жер дауының əсерінен министр Ерболат Досаев отставкаға кетті.

Жер реформасына байланысты мəселені Елбасының өзі мораторий жариялаумен орнына қойды. Ал, білім саласына байланысты əңгіме жаңа министр Ерлан Сағадиев тұсында да тоқтамай тұр. Бұл жерде үштілділік жөніндегі аталған министрліктің позициясы қоғамда алдағы жылда да жалғасып, үлкен пікірталастың өзегіне айналуы мүмкін.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу