Жер реформасы жөніндегі комиссия кеше үшінші жиынын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер реформасы жөніндегі комиссия кеше үшінші жиынын өткізді

29.05.2016
Жер реформасы жөніндегі комиссия кеше  үшінші жиынын өткізді
Үшiншi отырысқа комиссияның 75 мүшесiнiң 62-сi қатысып, 33 адам сөйледі.

Жер реформасы жөніндегі комиссия кеше үшінші жиынын өткізді. Бұл жолы талқыға түскен тақырып – жерді шетелдіктерге жалға береміз бе, жоқ әлде бермейміз бе деген мәселе.

Үшiншi отырысқа комиссияның 75 мүшесiнiң 62-сi қатысып, 33 адам сөйледі. Айтылған пікір сан алуан. Белсенділердің біразы шетелдіктерге жер мүлде жалға берілмесін десе, келесі топ – берейік, бірақ, шекаралас 5 мемлекеттің азаматтарына рұқсат етпейік десті.

Араб елдеріндегідей, шетелдіктер бизнесін біздің азаматқа байласын деген де ұсыныстар айтылды.
Үшінші отырыс, апта бұрын құрылған 4 жұмыс тобының бір жұмада не тындырғанын тыңдаумен басталды. Алдымен, Ақылбек Күрішбаев сөз алды. Жердің экономикалық тиімділігін сараптаушы топ – шетелдіктердің жерді жалдауына рұқсат берейік,-деген позицияны ұстаныпты.

Ақылбек Күрішбаев, Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Бәрімізді аграрлық ғылым мәселесі толғандырады. Мысалы, Австралияда жауын-шашын бізге қарағанда, бірнеше есе төмен жауады. Бірақ, астықтың көлемі екі есе жоғары. Себебі, австралиялық шаруалардың қолында қуаңшылыққа төзімді сорттар бар. Егер біздің Солтүстік Қазақстан аумағында сондай сорттар болатын болса, аймақтың егістігінің жағдайы басқаша болар еді.

Көптің пікірі «жалға бергеннің өзінде шекаралас елдерге бермейік»,-дегенге саяды. Енді бір топ, бұлай бөліп-жару халықаралық заңдарға томпақ келеді. Егер кейбiр мемлекеттерге тыйым салсақ, бұл үлкен дауға себеп болуы мүмкін дегенді айтты.

Марат Шибутов, саясаттанушы:

Бұл үрдiстi аукцион деп емес, конкурс деп атау керек. Жердi жалға берерде – шетелдіктердің ақшасына емес, олардың жоспары мен бағдарламасының ең үздіктеріне қарау керек. Қандай жерді игеруге келе жатыр. Не екпек? Қанша жұмыс орнын ашады?
Қандай жаңа техникалары бар? Осындай деректер ұсынып, ең жақсысы конкурстан ұтады. Екінші кезең бойынша, сол ұтқан компания жалдайтын жерге келіп, ауыл жұртымен кездесу өткізеді. Халыққа өз жоспарын түсіндіреді. Жұрт мақұлдаса, жер жалға беріледі. Болмаса жоқ.


Шетелдіктер ауылшаруашылық саласына келсе ұтпасақ, ұтылмаймыз,-деген Темірхан Досмұханбетов қызықты бір мысал келтірді. Шетелдік келсе, жер өңдеудің тың тәсілімен келеді. Біздің диқандар соған еліктей жүріп, агро саланы көтереді,-дейді ол.

Темірхан Досмұханбетов, «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіп холдингінің жетекшісі:
Сосын жерді жалдауға келген шетелдік міндетті түрде жеке тұлғамен келісім шарт жасасуы керек. Яғни, бизнесін біздің азаматқа байлауы тиіс. Сонда тұрғынымыз пайыздан ақша алып отырады.

Ал, мемлекетке салық төлейді. Былайша айтқанда, бірлескен кәсіпорын секілді болады. Заңды орындамай жатса, келісімшарт шетелдікпен емес, біріккен өндіріспен үзілген болады. Сонда, халықаралық дау болмайды.

Комиссияның осындай қызық пікір, қызу талқылаулары бұқараға дұрыс жетпей жатыр. Мәселеден шығар жол әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашудан бастап, комиссияның барлық мүшесі ақпарат құралдарына еркін шығуы тиіс. Мұнан бөлек, халықты қандай сұрақтар мазалайтынын білу үшін, сол жұрттың арасына барған абзал.

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:

Өткен жылы бұл Жер кодексi Парламентке барды. Парламентке барардың алдында арнайы зерттеу институттары, ғалымдар зерттеп, ұсыныстарын бердi. Қанша жұмыс орны ашылады, қанша инвестиция келедi, қандай жерлердiң түрлерi бар, кiм оны иеленiп жатыр? Осының барлығы Парламентке барып, шешiм қабылдаған кезде сондай құжаттарға сүйенуi керек. Менiң ойымша, комиссия мүшелерiне де ақпараттың барлығы берiлуi керек.

Көп жер бос жатыр,-деген сөз негізі дұрыс емес. Сол, далаларда дәрілі өсімдіктер өте көп. Шетелдік сол құнарлы шөптерімізді орып алу үшін жер жалдаса, қайтеміз. Белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің бұл күдігін отырыста Жүрсін Ерман оқып берді.

Жүрсін Ерман, ақын:

Егер осы сала дұрыс жолға қойылса, миллион гектарлап егiн екпей-ақ, Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар едi ғой?! Бiз бос жатқан жерлердегi дәрiлiк және емдiк өсiмдiктер, шөптердiң бiрiншi кезекте, шетелдiк инвесторлардың оңай олжа табатын саласына айналып кете ме деп қауiптенемiз.

Бiр күндiк аз ғана табыс үшiн бiздiң кейбiр азаматтарымыз сол байлықты асқан жыртқыштықпен түп-тамырымен жойып, сатып жатыр. Осыған мемлекет тосқауыл қоюы керек. Комиссия осы мәселеге ерекше назар аударса деймiз.

Ауыл шаруашылық министрі жалдағы жерлер туралы ақпарды көпшілік алдына жайып салды. 20 жылға дейінгі мерзімге берілген жер саны небәрі он пайыз. Ал 25 жылдан 49 жылға дейін берілген жерлер саны - 90 % немесе 236 мың 771 гектар.

Жиын соңында, шетелдіктер мен олармен бірігіп ашылған кәсіпорындар туралы да сөз қозғалды. Оларға берілген жер көлемі басында 65 мың гектар болса, қазір азайған. Себеп – дұрыс игермеген. Мемлекет ол жер телімдерін өз меншігіне қайтарып алуда.

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Алғашында жалға берілген жер көлемі 65 мың гектар болған. Қазір бұл азайды. Біріккен кәсіпорындардың еншісінде 44, 9, заңды тұлғаларда – 17,8, жеке тұлғаларда – 2,4 мың гектар. 44, 9 мың гектардың 32,6 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Бұл шетелдіктерге, біріккен кәсіпорындарға қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді.

Комиссиядағы құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолы, елге шығып, шаруалармен келісе отырып, жұмыс істеу екенін айтты.

Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан қорының президенті:

Бiз әзiрше бiр пiкiрге келген жоқпыз. Осындай маңызды шешiмді 75 адам жиналып қабылдағанымыз дұрыс болмас. Өңiрлерге барып, халықтың пiкiрiн тыңдап, түсiнiп, жинап, ұсыныстарымызды беремiз.

Кезекті отырыста келелі мәселелер көп айтылды. Нақты ұсыныстар жасалды. 4 топтың да тоқтағаны – әзірге шешім шығармайық. Халық арасына шығып, жұрттың пікірін білейік,-дегенге саяды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Келесі аптада Ақмола облысына іс-сапарға шығуға келістік.

Төрағаның айтуынша, комиссия бір айда өңірлерді аралап, Астанада қайта бас қосуды жоспарлап отыр. Сосын қорытынды талдаулар жасауға кіріседі.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу