Елімізде өткен кезекті сайлауға халық өте белсенді қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде өткен кезекті сайлауға халық өте белсенді қатысты

27.03.2016
Елімізде өткен кезекті сайлауға халық өте белсенді қатысты
Сайлауды шетелдік байқаушылар жоғары бағалады. Шетелдегі отандастарымыз да саяси науқаннан тыс қалмады.

Саяси науқанның хронологиясын тағы бір ой елегінен өткізгенді жөн санадық, құрметті көрермен. Естеріңізде болар, 13-ші қаңтар күні депутаттар Мәжілісті мерзімінен бұрын таратуды сұрап, Президентке Үндеу жолдады.

Мақсат - әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыстың ұлттық экономикаға әсерінің алдын-алу, өзге де қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін елдің иммунитетін күшейту. Депутаттар үндеуін қоғам қолдады.

Содан-соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәжілісті тарату туралы» Жарлыққа қол қойды. Міне, сол сәттен басталған науқан күн құрғатпай жалғасып, 20 наурыз мәресіне жетті. Сайлау қалай өтті, байқаушылар не деді?

20 наурыз. Таңғы сағат 07:00. Еліміздегі 9840 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Кешкі сегізге дейін, яғни 13 сағат ішінде 7 миллион 566 150 қазақстандық өз таңдауын жасады. Ел тұрғындары сайлауға бір кісідей қатысты. Бұл сайлауда жастар ерекше белсенді. Алғаш рет дауыс бергендердің қатарында павлодарлық Әсел Ертуған да бар.

Әсел Ертуған, студент:
Биыл 18-ге толып, алғаш дауыс беріп жатырмыз. Ерекше көңіл-күй, толқыныс. Осындай маңызды сәтті суретке түсіріп ата-ана, туыс-туғандарымызбен бөлісіп, оларды дауыс беруге шақырып жатырмыз. Өйткені, дауыс беру біздер үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін маңызды. Өйткені, біздің даусымыз бұл біздің болашағымыз.

Сайлау күні түс ауа сайлау учаскелерінде көшпелі қызмет түрі көрсетіле бастады. Түрлі жағдаймен үйінде дауыс беруге өтініш білдірген тұрғындарға сайлау учаскелерінің қызметкерлері арнайы дауыс беру жәшігі мен бюллетеньдерді алып дауыстарын жинайды.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын 105 жастағы Қаникамал Әмірсалина да сайлауға қатысып, дауыс берді. Аудандық сайлау комиссиясының мүшелері бюллетеньдер мен оларды салатын жәшікті қарияның үйіне әкелді. Қаниқамал әже 15 перзентті дүниеге әкелген. Бүгінде тыл ардагері осы балаларынан 22 немере мен 30-ға жуық шөбере сүйіп отыр.

Қаниқамал Әмірсанина, Қ. Қайсенов кентінің тұрғыны:
Отбасымызды бір уыс бидаймен асырадық. Қазіргі өмірде, мына заманда рахатқа батып, ішкеніміз алдымызда, дүкенде дайын тұр. Осы бақыт, осы заман басымыздан кетпесін.

Көшпелі қызмет ауруханада жатқан азаматтарға да барып, дауыс жинады. Сайлау күні ешкімнің құқығы бұзылған жоқ. Зиялы қауым өкілдері мен түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар сайлаудан қалыс қалған жоқ.

Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті:
Біздің таңдауымызға байланысты Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың құрамы белгіленеді. Біз білімі жоғары, ғылымы дамыған елміз. Сайлаушыларымыз саяси сауаттылығын көрсетеді деп ойлаймын.

Ескендір Хасанғалиев, ҚР Халық әртісі:
Отанымызда болып жатқан үлкен оқиғаларға біз атсалысуымыз керек. Жайбарақат қарап отыруға болмайды. Әдейі ерте келіп, дауыс бердік. Ол не деген сөз? Ол - Отанымыздың тыныштығын аңсау, халқымыздың бірлігін, достығын аңсау.

Серік Сәпиев, Лондон Олимпиадасының чемпионы:
Таңертең адам көп болады. Сондықтан, мен сағат 15:00-те келдім. Біздің таңдауымыз - бірлік, еңбек, тұрақтылық.


Әлима Әбдіхалықова, облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы:
Бүгін өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, азаматтық борышымды орындау үшін сайлауға қатыстым. Дауысымды Қазақстанның болашағы үшін, қазақ халқының өркендеуі үшін, жасампаздығы үшін, бірлігі үшін бердім.

Нұрлан Әлімжанов, театр және кино актері:
Жар құлағы жастыққа тимей, сайлау науқаны бір айдың көлемінде жүріп жатты. Халық Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаппай келіп, үлкен ықыласпен дауыс беріп жатыр. Яғни, халықта немқұрайдылық жоқ.

Халықтың бірлігі мен белсенділігін шетелдік байқаушылар да ерекше бағалады. Қазақстандағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы мыңға жуық шетелдік байқаушының және 147 шетелдік ақпарат құралдары өкілдерінің жіті назарында болды. «Қазақстан халқы ел тағдырына аса жауапкершілікпен қарайды», деп бағалады олар өткен сайлау барысын.

Франко Паница, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы байқаушылар делегациясының мүшесі:
Байқағанымыз, сайлауды ұйымдастыру өте жоғары деңгейде. Заңдылық пен тәртіп сақталуда.

Сырт көзді сонымен қатар, электораттың ерекше белсенділігі таңқалдырған. Олар сайлау учаскелерінде қолданылған стандарттар демократиялық елдердің талабына сай келетінін атап өтті.

Йохан Карл Бергер, халықаралық байқаушы /Италия/:
Халықты ақпараттық сәйкестендіру өте сауатты жүргізіліпті. Мәліметтер мұқият тексеріледі екен. Бір адамның екі рет дауыс беруі мүмкін емес. Дауыс беру орындарының жабдықталуы еш мінсіз. Науқан сайлау талаптарына сәйкес өтіп жатыр. Ешқандай заңбұзушылық көрмедік.

Сайлауға шетелдегі Қазақстан азаматтары да белсенді қатысты. 51 мемлекетте 65 сайлау учаскесі құрылды. Азия елдерінде 25 бөлімше, Оңтүстік және Солтүстік Америкада- 4, Африкада - 1, Еуропада -20 бөлімше, ТМД бойынша 15 сайлау учаскесі жұмыс істеп, оларда шетелдегі 14 мыңнан астам қазақстандық өз таңдауларын жасады.

Рахматулла Балашов, «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендианты:
Мен, Лондон университетінде білімімді арттырып жүрген «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты өз Отанымнан алыста жүрсем де азаматтық борышымды атқару үшін Ұлыбритания елшілігінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып отырмын. Бұл менің Лондондағы екінші тәжірибем. Бұған дейін мен Президент сайлауында осы учаскеге келіп, дауыс бергенмін.

Түбі бір, бауырлас түрік елінде 1400 қазақстандық ресми тіркелген. Олар елшілік қызметкерлері, әрі осы елде білім алып жатқан жастар мен Анадолы еліне түрлі себептермен сапарлай барған азаматтар. Жерлестеріміз Анкарадағы елшілікте, Стамбул мен Анталиядағы консулдықтарда дауыс берді.

Мырзахан Байжанұлы, Гази университетінің докторанты:
Бүгін елімізде үлкен мереке. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде демократиялық таңдауымызды жасадық. Саяси додаға түсіп жатқан барлық партиялардың бағдарламаларымен таныстым.

Елімізде өткен парламенттік сайлау халықаралық баспасөздің де назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстандықтардың қалай дауыс бергені жайында АҚШ, Қытай, Еуропа, Ресей, Үндістан ақпарат құралдары көптеген материал жариялады.

Бельгияның «Брюссель таймс» басылымы сайлауда бақ сынайтын кандидаттардың санына тоқтала келіп, еліміздегі дағдарыспен күреске оң баға берген. «Қазақстан экономикалық өсімді позитивті дәрежеде ұстап тұр. Сол үшін үкімет маңызды дағдарысқа қарсы шараларды қолданды», - деп жазады бельгиялық репортер.

Ресейдің РИА Новости агенттігі Латвия Орталық комиссиясының төрағасы Арнис Цимдрастың «Мұнда бөлімшелерді ұйымдастыру бойынша үлкен шаруа атқарылды. Мені учаскелер санының Астананың үлкеюіне сай келгені қуантты» деген сөзін келтірген.
Осы елдің ТАСС агенттігінің материалы «Назарбаев Қазақстан Конституциясының өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды», деген атпен жарық көрді.

Қытайдың маңдайалды ақпарат агенттігі – Синьхуа
«Республикамыздың барлық аймақтарында халық дауыс беру үшін кезекте тұрды. Ал, қазақстандық саяхатшылар үшін Қытай мен Ресей территориясында ондаған дауыс беру учаскесі ашылған», деп жазды.

Сайлауға сырт көздің берген бағасы осындай. Халық бұл күнді ерекше мерекелік көңіл-күйде атап өтті. Аса күрделі жаһандық ахуалда қазақстандықтар бірлікті, тұрақтылық пен жасампаздықты таңдады. Бұл құндылықтар Мәңгілік Елдің іргетасын қалауда адастырмас темірқазық болары сөзсіз.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу