Алматылық шеберлер ұлттық құндылықтарды брендке айналдыруға тырысып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық шеберлер ұлттық құндылықтарды брендке айналдыруға тырысып жүр

13.03.2016
Алматылық шеберлер ұлттық құндылықтарды брендке айналдыруға тырысып жүр
Зергерлердің темірден түйген туындыларынан бөлек, киіз үйдің сүйегін иіп, ер тоқым жасайтындардың да еңбегі елене бастады.

Бұрнағының заманы болса, түстіктегі жұрнағының түгел ақшаңқан киіз үйлер тігіп, түтіні түзу ұшып, тірлігі қайнаған жұртты көрер ме едік, кім білсін?! Бірақ, бір нәрсе анық. Өткенге салауат айтып, өркениет көшінен қалмай келе жатқан еліміз ұлттық құндылықтарын барынша ұлықтап, брендке айналдыруға тырысып жүр.

Көненің көзі, асылдың сөзі заманына сай жаңғырып, қайтадан жандана түсті. Әсіресе, қолөнер шеберлерінің бұйымдарына деген тапсырыс пен сұраныс көбейген. Зергерлердің темірден түйген туындыларынан бөлек, киіз үйдің сүйегін иіп, ер тоқым жасайтындардың да еңбегі елене бастады.

Бір сөзбен айтқанда, «Ұлт боламын десең, бесігіңді ұмытпа, ұлттық құндылықтарыңды ұлықта» деген тәмсіл тәуір дәріптеле бастады. Өйткені, қазақтың ұлттық жәдігерлеріне біздегі жұрт қана емес, жер-жүзінің елдері де ерекше қызығушылық таныта бастады.

Секен Нұрғалиев әке жолын жалғап жүрген шебер. Жиырма бес жыл өмірін осы өнерге арнаған ісіне адал азамат. Жасаған ер-тоқымдары керемет енді. Ең бастысы, еңбегі еш кетпейді. Сұраныс бар. Бұл кісі ерлерінің тарихын да тереңінен біледі. Сондықтан, елдің әр түкпірінен тапсырыс беретіндер көп.

Секен Нұрғалиев, қол өнер шебері:

Анау Өскемен, Павлодар жақтарға көбінесе, сыйлыққа айбас ер, найман ер, арғын ерлерді алады. Ал біздің мына Алматы, Жамбыл, Шымкент жақтағылардың көбінесе алатыны құсбас құранды ер. Сұраныс жақсы қазір.

Керей ері, Адай ері, Үйсін ері деп кете береді. Адай ерінің өзі қозы құйрық, шошақ бас деп екіге бөлінеді екен. Бұл кісі тек қана жеке тұлғаларға емес белгілі кинокартиналарда көрсетіліп жүрген түрлі бұйымдарды жасаған.

Секен Нұрғалиев, қол өнер шебері:
Киноға сұраныс бойынша мысалы «Біржан сал» фильміне керей ері керек болды. Баймағамбет деген атымен, ер тұрманымен сыйлыққа береді ғой Біржанға. Ол мысалы арғын ері. Үйрек бас ер керек болды. Өйткені, тарихы солай. Сол үйрек бас ер жасалды.

«Біржан сал», «Жау жүрек мың бала» сияқты фильмдерде Секен ағаның қолтаңбасы бар. Бұрынғы шеберлер ауылында ісін ілгерілетіп, еңбегінің жемісін жеп отырған ол жұмыстарына қызығатын адамдардың көбейгеніне қуанады.

Күмісті осылай балқытады. Осыдан әдемі білезік, әсем сырға мен түрлі сақиналар жасайды. Шағын ғана шеберханасында жұмыс істеп отырған Айдар Молдаханов әйгілі Дәркембай Шоқпаровтың шәкірті. Қазір сұранысты арттыру үшін әшекейлерін заман талабына сай лайықтап түрлендіреді. Бастысы, қазақтың көне ою-өрнегін өзгертпейді.

Айдар Молдаханов, қол өнер шебері:
Үлкен кісілер көп сұраныс береді. Негізгі орта жастағы апа-жеңгелерімізде де қызығушылық туып келе жатыр, қазір мұндай жұмыстарға. Музейдегі дүниелер бар ғой. Соны дамытып келе жатырмыз. Жаңартып дегендей, осы заманға лайықтап кішкене. Елге сұранысты көбейту үшін өзгерту керек.

Шеберлер қазақы бұйымдарға ешкім қызықпайтын кезеңдерді де бастан өткерді. Жасаған жұмыстарын шетелдегі көрмелерге ғана апарып жүретін. Сол кезде ағылшындар мен жапондар ою-өрнекке ерекше таң қалады екен. Енді өз елімізде де сәнге айналып келе жатыр.

Қазір елімізде ұлттық бұйымдар мен киім-кешек сататын дүкендер мен дүңгіршектердің саны артып келеді. Білезікті қазір әжелер ғана емес қыз-келіншектер де сәнге айналдырды. Қазақ әйелдері білезікті тек сән үшін емес пайдасы үшін де қолына тағыпты. Ас әзірлегенде, тамаққа ауадан тарайтын зиянды заттарды жолатпауға күміс білезіктің септігі көп.

Дана Досымова, ұлттық бұйымдар сататын дүкеннің иесі:

Қазіргі жастар ондай нәрсеге өте қызығады. Мұны таққанда біздің қазақтың қыздары одан әрі әдеміленіп, сұлуланып кетеді. Мен қыздар таққан кезде өзім де қызығамын. Ертеде өзіміз жас кезімізде мұндай әшекей тақпағанымызға әлі де өкінеміз. Қазір жастар таққанда қызығамыз.

Шапанды киіп көрдік. Көктемнің ең ұлық мерекесіне киюге лайық-ақ шапан екен. Ал қыстың күні құндыз бөрік киіп жүру сәнге айналғаны жасырын емес. Мәселен, еліміздегі белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова өзінің киім үлгілеріне ұлттық бұйымдар мен ою-өрнекті қосқанды ұнатады. Лондон Олимпиадасына барған спортшыларымыз да Құралайдың киім үлгісін кигені есімізде. Ұлттық нақыш брендке айналды деген осы.

Құралай Нұрқаділова, дизайнер:
Қазір ұлттық жәдігерлеріміздің элементтері бар киімге сұраныс күшті. Кәдімгі коллекцияға тапсырыс беретіндер жиі кездеседі. Бұл өте жақсы. Бір көйлектің өзінде кішкене ою-өрнек қоссаңыз, өте әдемі көрінеді. Болашақта қазақтың ою-өрнегі бедерленген дүниелер әлемдік сәннің қатарына қосылуы тиіс.

Әлемдік сән үлгілерінен қазақы ою-өрнек көрсек таң қалмау керек. Өйткені, біздің бұйымдар артық болмаса еш елдікінен кем емес. Әсіресе, көктем келгенде сұраныс та арта түседі.

Мирас Мұқаш, тілші:

Міне, нағыз көктем келді деген осы. Енді алматылықтар саф ауамен тыныстап, таза ауада тынығып қайту үшін таудың етегіне жиі жиналатын болады. Ал ол үшін Алматының тау бөктерлерінде ұлттық нақышта бедерленген керемет осындай киіз үйлер мен қазақ үйлер жеткілікті.

Мына шағын ауылдың атауы – Кәусар бұлақ. Атауының өзі құлаққа жағымды. Көңілге қонымды. Қазіргі қоғам адамдары улы-шулы мейрамханаларға емес осындай жерде тыныққанды жөн санайды. Бұл ең алдымен киіз үйіміздің көркемдігін паш етеді.

Жеңіс Мұхамедиұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
Биыл өзі бақытты, жақсы жыл болғалы тұр. Енді міне, біз де мына жастарға, келешек ұрпақтарымызға бұрынғы ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен құндылықтарын насихаттаймыз. Осыларды алға қарай келешек жастарға үйретіп, ары қарай дамытуға үгіт-насихат жүргізіп отырмыз қазір.

Осындай жерлерге келген жас ұрпақтың ата-бабалары мекен еткен үйлердің өзі қай жағынан алсаңыз да мықты болғанына көзі жетеді. Сондықтан, сәнге айналып келе жатқан ұлттық бұйымдарымызды дәріптеу, дамыту бізге де парыз.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу