Жыр алыбы – Жамбылдың портреті мен шығармашылығы туралы сыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыр алыбы – Жамбылдың портреті мен шығармашылығы туралы сыр

28.02.2016
Жыр алыбы – Жамбылдың портреті мен шығармашылығы туралы сыр
Жүзге жеткенше жүрегінен жыр саулаған ұлтымыздың ұлы жырауы ең алдымен ұлтына керек.

Бүгін жыр алыбы - Жамбыл Жабаев өмірге келген күн.
«Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан»
-дейді ақын.

Жамбыл жастайынан зерек, өлең жырға құмартып өскен. Тума таланат талай шаршы топта айтысқа түсіп, аты алашқа мәшһүр болған суырып салма, айтыскер ақын.

Сонау Мәскеуге барып, Сталиннің алдында салмақты сөз, саналы ой айтуының өзі оның ақындық қана емес, азаматтық қайраткерлігінің бір қыры ғана болса керек.

«Өлең – жырдың даңғылы», қазақтың Жамбылы – ұлы жырау. Мұхтар Әуезовше айтсақ, «Жамбыл - аса зор құбылыс, ол әрі эпик, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің ақыны».

Жамбыл жырының бастауы тым тереңнен, айтыс ақындарының алтын діңгегінен тамыр тартады. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай!» деуінің сыры да осында. Жамбыл өзі өмір сүрген қоғамның жақсылығын да, қайшылығын да поэтикалық өрнек айшықтарымен өре білді.

Сауытбек Абдрахманов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақтың әлемге танылуын бастап берген шоғырдың басында Жамбыл тұрады. Неге? Жамбыл шыққанда Абай әлі феодалшыл, бай деген жаманаттан арыла қоймаған шақ еді.

«Абай жолы» әлі толық шығып, әлемге таныла қоймаған шақ еді. Басқа Алаштың арыстары репрессия құрбандары болып кетіп еді. Сол тұста, сол кездегі Кеңес одағына, әлемге қазақтың атын алғаш жайған адам – Жамбыл.


Айтыс – ежелден есіл өнер. Жамбыл кіммен айтысса да, елдіктің, бірліктің туын биік көтерген. Жамбыл айтысын зерделеген зерттеушілер оның суырып салмалық қасиетін сан қырынан саралап, том-том кітаптар шығарды.

Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы:

Жүзге келіп, екі ғасырдың куәсі болған Жамбыл бірнеше қасиеттерді бойына жинаған. Алдындағы айтыскер, жыраулардың дәстүрін жалғастырушы. Терең дүниетанымымен, ақындық шеберлігімен, импровизаторлық өнегесімен ұлы мектеп.

«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт». Ақын жырының алтын арқауы – ізгілік, елдік, бірлік. Жамбыл сөз қағыстырғанда тұтас елдің туын жықпай, абыроймен алып шыққан ақын.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:

Жамбыл өмір бойы жырлап өткен. Жамбылда қара сөз болмаған. Жамбыл халықтың қамқоршысы, жырау, данышпан. Ол өзге ақындардың да бағасын білген.

Сонау сұрапыл соғыста «Ленинградтық өренім! »деп өлең арнап, қала халқының жігерін жаныған да қарт жырау Жамбыл еді. Амал не, Алатаудай аңқылдап аталық сөзін айтқан жырауды Розенбаум деген «біз сенің балаң емеспіз, бірінші Петрдің баласымыз» деп мысқылдап, пародия жасағанын да естідік.

Өзі Розенбаум болса, бірінші Петрге қалай бала болатынын кім білген. Алайда, мына қайшылыққа қараңыз: бұл көріністер жақында ғана сол бірінші Петр қабырғасын қалаған қаладан түсірілді. Санкт-Петербургтегі мектеп оқушылары Жамбылдың өмірбаянын жатқа айтып, өнерпаздары өлеңін оқып тұр.

Ақын мұрасына күдікпен қарайтын күбір-сыбыр әңгіме абырой әпермесі анық. Айтыста алдына жан салмаған ақынның алысқа кеткен атағы әрқашан алдымыздан шығып отырады.

Сауытбек Абдрахманов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығында Санкт-Петербург қаласына барып үлкен іс-шара өткіздік. Мен Мәдениет министрінің бірінші орынбасары едім.

Сонда Таврия сарайының залында бірнеше адам «Жамбылдың «Колыбельная» бесік жырын айтып, бізді аналарымыз ұйықтатушы еді», дегенде біз шалқамыздан түсе жаздадық.

«Ленинградцы, дети мои!» деген плакатты былай қойғанда. Өзге халықтың бесік жырына айналған ұлы тұлға. Біз Жамбылға қарыздармыз, тарихтың тар кезеңінде халқының атын әлемге жайғаны үшін.


Жамбыл – таза ұлттық құбылыс. Жүзге жеткенше жүрегінен жыр саулаған ұлтымыздың ұлы жырауы ең алдымен ұлтына керек. Қадір тұтар халқына керек. Тура өзі айтып кеткендей: «Жамбыл менің жай атым, Халық менің шын атым!».

Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу