Сириядағы қақтығысты бір аптаға тоқтату туралы келісім жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядағы қақтығысты бір аптаға тоқтату туралы келісім жасалды

14.02.2016
Сириядағы қақтығысты бір аптаға тоқтату туралы келісім жасалды
Осы уақыт ішінде соғыс жүріп жатқан аудандарда қалып қойған жүздеген мың адамға гуманитарлық көмек жеткізілуі тиіс.

Осы аптаның басты халықаралық жаңалығы – Сириядағы атысты тоқтату туралы келісімнің жасалуы. Бірақ, оның жүзеге асуы екіталай. Өйткені, сол мәмілені жасасқан 17 мемлекеттің бірі – Ресей көтерілісшілерді бомбалауды доғармайтынын мәлімдеді. Оппозиция да қаруын тастамақ емес.

Ал, Мәскеуге сүйенген Сирия армиясы енді өз алдына бүкіл елді бағындыру мақсатын қойып отыр. Бұл жағдай Түркия мен Еуропаны қазіргіден үлкен миграциялық дағдарысқа ұрындыратын тәрізді.

Сириядағы соғысқа сырттан киліккен екі негізгі күш бар. Ол – Ресей мен АҚШ. Осы аптада бұл алпауыт елдер атысты тоқтату мәселесі бойынша биік мінберлерден көп дауласты. Мәскеу соғысты наурыздың 1-де доғарайық, деді. Өйткені, кейбір сарапшылардың пікірінше, Кремльге Башар Асад армиясына елдің екінші ірі қаласы – Алеппоны алып беру үшін уақыт керек.

Бірақ, Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұған көнген жоқ. Ол Сириядағы жанжалдасушы тараптар қаруын дәл қазір тастасын деген позициясынан тайынбады.

Даудың нәтижесі сол – бейсенбінің кешінде Мюнхенде Сирияны қолдау тобының кездесуі өтіп, онда қантөгісті бір аптаға доғару туралы келісім жасалды. Осы уақыт ішінде соғыс жүріп жатқан аудандарда қалып қойған жүздеген мың адамға гуманитарлық көмек жеткізілуі тиіс.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

Мен ризамын. Бүгін Мюнхенде біз гуманитарлық майданда және әскери қимылдарды тоқтату мәселесінде прогресс жасалды, деп сеніп отырмыз. Және де осы екі майдан, осы прогресс толық жүзеге асып, Сирия халқының күнделікті өмірін өзгертеді, деп үміттенемін.

Екі жақ қол жеткізген уағдаластықты жиынға қатысқан барлық елдер қолдады. Бірақ, атысты тоқтату туралы келісім «Даиш», «Нұсра майданы» тәрізді радикалдық топтарға жүрмейді.

Сондықтан, Лавровтың ескертуінше, Ресей бұл ұйымдарға қарсы бомбалау операциясын әрі қарай жалғастыра бермек. Ал, Британ Сыртқы істер министрі Филип Хэммондтың ойынша, Ресей авиациялық операцияны доғармаса, Мюнхен келісімі орындалмауы мүмкін.

Өткен аптада Женевада Сирия үкіметі мен оппозициясы арасындағы екі жылдан бергі алғашқы бейбіт келіссөздер басталмай жатып, тоқтап қалды. Өйткені, Асадтың қарсыластары Ресей әуе шабуылдарын жалғастырып жатыр деген шағыммен үкімет делегациясымен сөйлесуден бас тартты. Мюнхенде Керри мен Лавров сол кездесуді дереу жалғастыруға да келісті.

Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:

Келіссөздер мүмкіндігінше 2254-ші резолюцияға сәйкес ешқандай ультиматумсыз, ешқандай алдын-ала шартсыз тезірек басталуы тиіс. Оған оппозициялық күштердің түрлі бөліктері қатысқаны жөн.

Соғысты тоқтату туралы келіссөздер ақпанның 25-де қайта басталуы тиіс. Сол күннен бастап, 18 айдың ішінде Сирияда әділ сайлау өтіп, өтпелі үкімет құрылып, жаңа конституцияны әзірлеу процесі жүргізілуі керек.

Алайда, мұның бәрін үкіметпен бірлесіп жүзеге асыратын оппозиция құрамы толық айқын емес. Енді Сириядағы соғысқа келсек, қазір үкімет армиясы мен ирандық және ливандық шиит мұсылман жасақтары Ресей әуе күштерінің көмегімен басымдық байқатып отыр.

Ал, Америкаға, Сауд Арабиясына, Түркияға және өзге де Араб елдеріне сүйенген көтерілісшілер соңғы төрт айда талай территориядан айырылды. Олар қазір елдің екінші ірі қаласы – Алепподан айрылуға жақын. Қарулы көтерілістің орталығына айналған бұл шаһарды уысынан шығарып алса, Сирияда үкіметпен келіссөз жүргізетін оппозиция да қалмауы мүмкін.

«The Guardian»:
«Бір аптадан асты, Ресей әуе күштерінің Сирия үкіметтік армиясы мен Иранға сүйенген әскери топтарын қолдап, көтерілісшілер ұстап тұрған – Алеппоны бомбалап жатқанына.

Бұл бір кездері ең үлкен қала еді. Егер жою стратегиясы осылай жалғаса беретін болса, Сириядағы азаматтық соғыста күштер тепе-теңдігі түбегейлі өзгереді. Ал, Керридің мәселені саяси жолмен шешейік деген ұсынысы мәнін жояды. Өйткені, келіссөздерге тартуға болатын оппозиция қалмайын деп отыр.

Алеппода қалыптасқан жағдай таяуда 90-шы жылдардағы Сараевоны еске салуы мүмкін. Алеппо – Батыстың Сириядағы жеңілісінің символына айналып, Америка әкімшілігінің беделіне дақ түсіріп отыр».


Алеппоны алғаннан кейін шииттер көтерілісшілерді қолдаған сүнниттерді аштық пен қырғынға ұшыратпайды дегенге кепілдік жоқ. Сондықтан, мыңдаған адам Түркия шекарасына қашып жатыр. Босқындар саны 40 мыңға жетіп қалды. Тағы мыңдаған адам жолда келе жатыр.

Болжамдарға қарағанда, Алепподан таяу күндері 300 мың адам қашуы мүмкін. Бірақ, түрік үкіметі Ресейді авиациялық шабуылды тоқтатуға мәжбүрлеу ниетімен, ел қақпасын ашпай отыр. Онсыз да Түркия бұған дейін миллиондаған босқынды аумағына кіргізді. Оларды асырауға миллиардтаған доллар қаражат керек.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

Бүгінге дейін 3 миллиондай ирактық пен сириялықты қабылдадық. Сонда өзгелер не істеп отыр? Қайсы ел 300, 500 немесе 1 мың адам кіргізді? Біз 3 миллион босқынға пана бердік.

Сен, Біріккен Ұлттар Ұйымы, соларды асырауға небәрі 455 миллион доллар бердің. Ал, біз 10 миллиардтай доллар жұмсадық.


Сирияда халықтың ғана емес, Башар Асадқа қарсы содырлардың да жағдайы өте қиын. Өйткені, оларға қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік, әскери жасақ жеткізетін жалғыз ғана жол қалды. Ол – Түркия-Сирия шекарасындағы Баб әл-Ава бекеті.

Ал, Сириядан тағы миллион босқын жетсе, Түркиядағы жағдай тұрақсызданып, Еуропадағы миграциялық дағдарыс тіпті ушығуы мүмкін. Оның үстіне Ердоғанның Асадты орнынан кетіру арманының әзірге орындалуы екіталай. Керісінше, Ресей әскери авиациясының арқасында Асадтың армиясы бүгінде бүкіл Сирияны қайта бағындыруды мақсат етіп отыр.

Бірақ, жұма күні Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаменті ескерткендей, Сирия президентінің соғысты күшпен тоқтатамын деген жоспары – адасушылық.

Марк Тонер, АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы:

Ол Сириядағы жанжалдың әскери шешімі бар деп ойласа, қатты қателеседі. Бұл – адасқандық дер едім. Сирия режимі соғысты тоқтатпаса, тағы көп қан төгіледі, қарсы жақтың позициясы күшейеді.

Ал, былтыр «Даишты» Түркия шекарасы бойындағы аудандарда талқандаған күрдтер осы айдың басында Мәскеуде өз өкілдігін ашты. «Сирия демократиялық күштері» деп аталатын ұйым Сирияның солтүстігінде мемлекет құрудан ниетті.

Олардың бақылауындағы Кобани қаласына таяуда америкалық дипломат Брэтт Макгерк сапар шегіп, Ердоғанның шамына тиді. Сондықтан, Түркия Президенті Вашингтоннан не күрдтерді, не Түркияны таңдауды талап етіп отыр.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Біз Сирия күрдтерінің демократиялық одағын террористік ұйым дейміз. Америка олай есептемейді. Америка, саған мұны қанша рет түсіндіруге болады?

Сен біздің жағымыздасың ба, әлде күрдтердің ПКК тәрізді террористік ұйымының жағындасың ба? Америка, сен бізді сириялық күрдтермен таныстыра алмайсың. Біз олардың кім екенін өзіміз де жақсы білеміз.

Айта кету керек, бүгінде Вашингтон да, Мәскеу де Сирияда жауынгерлігімен көзге түскен күрдтерді «Даишпен» күреске пайдалануға мүдделі. Ал, Анкара күрд саяси күштерінің Сирия шекарасының арғы-бергі бетінде бірлесіп күндердің-күнінде мемлекет құруына әу бастан қарсы.

Сириядағы соғыс 2011 жылы басталды. Британияның «Гардиан» газетінің мәліметінше, одан 470 мың адам қаза тапқан. 11 миллион тұрғын үйлерінен босып кетті.

Ресей бомбалауға, Асад жеңіске ұмтылып отыр. Ал, Сауд Арабиясының жоспары - Сирияға жаяу әскер кіргізу. Соған қарағанда, құрбандар мен босқындар саны әлі де көбейе түсуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу