1 наурыз – Алғыс айту күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 наурыз – Алғыс айту күні

14.02.2016
1 наурыз – Алғыс айту күні
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстар достығын нығайта түседі.

Биыл мемлекетте ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке пайда болды. 1 наурыз Елбасының Жарлығымен Алғыс айту күні болып бекітілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлыстар достығын нығайта түседі, дейді мамандар.

Гауһар Төлекбай, тілші:

Тарих қойнауында қалған Патша империясы Қазақстанға көпэтносты халықты мұра етті. Олар күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру кезінде қазақ жеріне қоныс тепті. Бүгінде бәрі бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы бір мүддеге біріккен халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетті. Елбасы ұсынған 5 реформаның төртіншісі біртектілік пен бірлік деп аталады. Ол түрлі тарихи себептермен қазақ топырағына табан тіреген этностардың «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне топтасуын көздейді, дейді мамандар.

Нәубат Қалиев, саяси ғылымдар докторы:

Ұлттық біртектілік басты міндеті - этностардың түптің түбінде Қазақстанның патриотымыз, азаматымыз, Қазақстанның даму жолдары, даму мақсаты біздің де ісіміз деп түсінуі. Біртектіліктің бастауы – азаматтық патриоттық болу керек.

Қазір елімізде 140-қа жуық ұлыс өкілдері тұрады. Олардың Қазақстанға қандай себеппен қоныс аударғандарын терең зерттеп жүрген ғалым Құндызай Ерімбетова үш ғасыр бойы демек, 1690-1990 жылдар аралығында қазақ жеріне 7 миллион 600 адам көшірілгенін айтады. Оның 1 миллион 203 мыңы 1917 жылдан бері қоныс аударылғандар.

Құндызай Ерімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты:
Олар татарлар, ингуштер, орыстар, немістер, тағы тағылар. Бұл тағдырдан теперіш көрген ұлыстарды өзекке теппеген Қазақ елінің дархандығын көрсетеді.

Элла Габананың ата-анасы 1941 жылы Германиядан Ақмоланың Ерейментау ауданына жер аударылған. Неміс отбасы ауылдағы Бұқаш атты қарияның отбасын паналапты. Әжей алыстан арып-ашып келген оларға ас-су, киім-кешек берген қайырымды атайды ешқашан ұмытқан емес.

Элла Габана, неміс ұлтының өкілі:
Егер қазақтар болмағанда, біз бұл жерде өмір сүре алмас едік. Біз алғашында Бұқыш ата деген кісінің үйінде тұрдық. Отын-су, тамақ бәрін сол кісі берді. Кейін ауылға сіңіп, үйреніп кеттік. Қазақ еліне рахмет!

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Гүлнар Шадманқызы Грузиядан жер аударылғанда бойжеткен қыз болатын. Бүгінде Бөржардан береке тауып, 7 ұл мен 5 қыздың анасы атанған. Кезінде өрімдей қызды өзекке теппеген Қазақстанды ол өзінің қасиетті Отанына балайды.

Гүлнар Шадманқызы, әзірбайжан ұлтының өкілі:
Қазақстаннан өмірі жамандық көрген жоқпын. Бізді көтерді. Жамандық көрсетпеді. Рахмет, рахмет барлығына. Бәріміз бір халық сияқтымыз қазір. Шақырады барасың. Олар келеді.

Осы Бөржар ауылының жасы ең үлкен тұрғыны Клавдия Степанова - қарашай ұлтының қызы. 94 жастағы кейуананың Мәскеу түбіндегі Воскресенск қаласында туғанын ауылда біреу білсе, біреу білмейді. Соғыс жылдары ата-анасынан айырылған қарашай қызын қазақ отбасы бауырына салған. Ауылдастары Қалампыр деп атап кеткен.

Клавдия Степанова, қарашай ұлтының өкілі:
Мейманшыл келеді. Құда түседі. Кәдімгі қазақтың жолымен кеттік қой. Ырза болып отырмыз бәріне. Қазір немерелерім, үш шөпшегім бар. Құдайға шүкір.

Қазақстандағы әр этнос өкілінің өмірлік өз тарихы бар. Сондықтан, олар 1 наурыздың Алғыс айту күні болып аталуын тек ризашылық күні емес, тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке деп қабылдайды.

Астаналық студент Ислам Рашидов та атасының Сталиндік репрессияға ұшырап, 1940 жылдары Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданын паналағанын айтады.

Ислам Рашидов, түрік ұлтының өкілі:
Мен рахмет айтамын. Кезінде бізді бауырына басқаны үшін, шеттетпегені үшін, алғысымыз шексіз. Рахметіміз кез келген уақытта өмір бойы шексіз болып келеді. Мен осы сәтті пайдалана отырып, түрік халқының атынан қазақ халқына алғыс айтқым келеді.

Әбдірашит Тоқтоғұлұлы қырғыз әуенін сағынғанда отбасымен қомуз үнін тыңдайды. Ол Қырғызстаннан Қазақстанға Кеңес одағы ыдыраған тұста көшіп келіп, біржола тұрақтап қалған.

Қазақтармен біте-қайнасып, құдандалы болып кеткен. Немелер қазақ тілінде білім алып, қырғыз тілі мен мәдениетін әуелі отбасында, сосын «Қырғыз-Астана» мәдени орталығында үйреніп жүр. Ақсақал мұндағы қазақ-қырғыз бір туған деген бауырмалдық ниет адамға қуат береді дейді.

Әбдірашит Тоқтоғұлұлы, «Қырғыз-Астана» мәдени орталығы директорының орынбасары:
Мен әрине разымын. Мен сияқты адамдар да разы болса керек. Қиыншылық кезде келіп, қазақ бауырлардың үйін баспана қылғандарын айтып жүр олар. Қазақ халқына рахметін айтып жүргендерді көп естимін.

Осылайша, Алғыс айту мерекесін қуана қарсы алған түрлі ұлыс өкілдері бұл мереке Қазақстан халықтары арасындағы татулықтың жаңа сатысы іспетті, дейді.

Гауһар ТӨЛЕКБАЙ

Хабарламаларға жазылу