Мәжілістегі фракция өкілдері мерзімінен бұрын сайлау өткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілістегі фракция өкілдері мерзімінен бұрын сайлау өткізеді

17.01.2016
Мәжілістегі фракция өкілдері мерзімінен бұрын сайлау өткізеді

Жаңадан сайлау өткізу туралы бастама көтерген депутаттар саяси доданы мерзімінен бұрын өткізудің негізгі себептерін атады.


Төменгі палата – тараймыз деп жатыр. Сәрсенбі күні Мәжілістегі үш партияның өкілдері мәлімдеме жасап, сайлауды мерзімінен бұрын өткізген жөн десті. Сөйтіп, Президенттің атына Үндеу жолдады.

Депутаттар былай дейді: «Бүгін – кейбір шаруаны ертеңге қалдыруға болмайды. Қазірден бастап Ұлт жоспарында көрсетілген жаңа реформаларды және дағдарысқа қарсы шараларды шұғыл әрі тиімді жүзеге асыруға кірісу керек!».

Ол үшін жылдың соңын күтпей-ақ, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын мезгілінен бұрын өткізу керек. Бұл бастаманың салмақты-салмақты бірнеше себебі бар.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Біріншіден, қазіргі Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады. Парламент 80-ге жуық заң қабылдады. Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «Жол картасы» жасалды.

Ал қазір, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте партиялар сайлаушылардың жаңа Сенім мандатын алуы айрықша маңызды.

Екіншіден, осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс-әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, біздің реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет.

Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді.


Парламентегі үш партия фракцияларының Үндеуін кейін, бұл бастаманы жалпы отырыста депутаттар бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Үндеуді Президентке жолдады. Сонымен қатар, депутаттар елдегі қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды және барлық азаматтарды бастаманы қолдауға шақырды.

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚКХ пртиясы фракциясының төрағасы:

Қазіргі тарихи сәттің барша жауапкершілігін сезіне отырып, бұл Үндеуді Парламенттегі барлық үш фракцияның депутаттары қолдады. Парламенттік аламанға қатысуға және әлеуметтік стратегия мен саясатты жүзеге асырудың бір бөлігін өзіне алуға дайын екендіктерін бірнеше мәрте мәлімдеген барлық саяси партияларды әділ және ашық күреске қатысуға шақырамыз.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясы фракциясының төрағасы:

Ұлттық бизнес өкілдерінің партиясы ретінде Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымын таратып, сайлау өткізуді қолдаймыз.

Бұл Президент жариялаған бес институционалдық реформа мен дағдарысқа қарсы стратегияны жүзеге асыру үшін халық сенімін алған жаңа парламент құруға мүмкіндік береді.


Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу