Мемлекеттік қызметтің этикасы мен қызметте өсудің жаңа жолы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметтің этикасы мен қызметте өсудің жаңа жолы

10.01.2016
Мемлекеттік қызметтің этикасы мен қызметте өсудің жаңа жолы
Елбасы мақаласында мемлекеттік қызметкердің этиканы қатаң сақтауы керектігі айтылған.

Жеке адамдар арасында болсын, мемлекеттер арасында болсын, кез келген қарым-қатынас әдеп шеңберінен шықпаса ғана тиімді әрі нәтижелі болмақ. Әсіресе, мемлекет атынан сөйлейтін, яғни, мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнері адамдардың мемлекетке, ұлтқа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Президент мақаласында мемлекеттік қызметкерлердің жаңа этикалық кодексін жасау туралы міндет бар. Ал, мемлекет қызметіндегілерге әдептен озбауды үйрететін арнайы өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Бұл қоғамға есеп беретін ашық, транспарентті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.

Мақалада бұдан бөлек, халықты қағазбастылықтан арылтып, бір анықтама үшін бірнеше мекемеге сабылудың жолын кесу қарастырылған. Ол үшін «Үкімет - азаматтар үшін» корпорациясы құрылады. Жаңа құрылым халыққа түрлі құжат беретін бірнеше мемлекеттік мекеменің басын қосады. Сөйтіп, мемлекеттік қызметтің 500-ден аса түрі жалғыз терезе арқылы жүзеге аспақ.

Елбасы бағдарламасындағы елеулі бастаманың бірі қоғамға есеп беретін ашық мемлекет құру. Бұл жұмысты жүйелі жүргізудің тәсілі ғана емес, халықтың билікке деген сенімін арттырып, мемлекеттің нығаюына серпін беретін тың тәсіл. Бұдан былай әрбір мемлекеттік органның жұмысы нақты нәтижеге бағытталады.

Әр бөлімнің өзіне жүктелген міндетпен айналысуы қадағаланады. Бұл жұмысты жеңілдетумен қатар, нақты мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді. Сондай-ақ, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы құрылады.

Жаңа құрылымға «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары біріктіріледі. Яғни, қарапайым халық қажет құжаттарды тек бір жерден алатын болады. Бұл орталықта бұрынғыдай 50 емес 520 қызмет түрі көрсетіледі.

Әлихан Бәйменов, ҚР Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты басқару комитетінің төрағасы:

Мемлекеттік қызмет көрсету саласын компьютермен салыстырса болады. Мысалы, осыдан 20-30 жыл бұрын компьютердің көрсететін қызметі аз болғанымен оны басқару күрделі болатын. Ал қазір біздің компьютерлеріміздің мүмкіндігі мол, бірақ оны басқару оңайланды.

Сол секілді мемлекеттік қызмет көрсететін орталық та сол сияқты болуы керек. Әр азамат ол жерге келгенде ең аз құжатпен өзіне тиісті қызметті ала білуі керек. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтереді.

Нарық заманында кез келген саланың дамуына ең тиімді ықпал ететін дүние бәсекелестік. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биылдан бастап бірқатар мемлекеттік функциялар да жекенің қолына беріледі. Бұл кезең-кезеңмен жүзеге асады.

Алғашқы саты биыл басталса, келесі кезең 2018 жылы басталады. Ал үшінші, соңғы сатысы 2020 жылы жүзеге аса бастайды. Жалпы, төрт жарым мыңға жуық мемлекеттік қызмет бәсекелестік ортаға өтеді.

Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты басқару комитетінің төрағасы:

Жеке кәсіпорындар істейтін салаларда сапаның жоғарылауы мемлекеттік кәсіпорындарға қарағанда жоғарылау. Қазақ айтады, «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар», дейді. Мысалы, жеке кәсіпорын болса сіз артық адамды алмайсыз ол жерге, сіз сапалы адамды іріктеуге тырысасыз.

Себебі, сіз оның әрбір тиынына жаныңыз ашиды. Ал, біздегі квазимемлекеттік сектор көрсетіп отырғандай, менеджерлердің біразы ысырапшылдыққа жол береді және тиімді жұмыстың орнына кейде тамыр-таныс адамдарды алуға мүдделі болып кетеді.


«100 нақты қадам» шеңберінде жүзеге асатын тағы бір бастама – халықтың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту. Яғни, қарапайым тұрғындардың мемлекеттік құпиялардан өзге ақпараттарды түсінікті, әрі қолайлы алуына барлық жағдай жасалады.

Арнайы ақпарат беру формасы әзірленеді, интернет порталдардың жұмысы жанданады. Осы істің сапалы атқарылуын қадағалайтын қоғамдық кеңестер құрылады.

Бұл институтқа мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалары жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талқылау құқы беріледі.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Аудандық, облыстық бюджеттер жария болуы керек. Қоғамдық кеңестер әкімшіліктен тәуелсіз өзінің пікірін айта білу керек. Ашық үкімет халықтық үкімет. Яғни, Үкімет мен халыққа қызмет көрсетіп отырмын.

Ауданның бюджеті, міне. Биыл мына көпірді саламыз, келесі жолы мына жолды саламыз, келесі жылы балабақша саламыз, бірге болайық. Ұлттық бірлік болу керек бізде, елдік бірлік болу керек.


Мемлекеттік қызметкер ең алдымен халыққа қызмет көрсететін адам. Сондықтан, оның адамдармен қарым-қатынасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Елбасы мақаласында мемлекеттік қызметкердің этиканы қатаң сақтауы керектігі де айтылған. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалады.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Этика деген не? Әдеп қой. Әдеп сақта. Сен, мемлекеттік қызметкер әдепті бол. Әдептің үлгісін көрсет. Сыйластықтың үлгісін көрсет. Адаммен сөйлесудің үлгісін көрсет. Тазалықтың үлгісін көрсет. Мәселе шешудің үлгісін көрсет. Міне, сонда мемлекеттік қызметкердің беделі өседі. Мемлекеттік аппараттың беделі өседі.

Тағы бір жағымды жаңалық - мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу тәртібінің өзгеруі. Бұдан былай жалақы әр қызметкердің жұмыс көлемі мен нәтижесіне қарай төленеді. Яғни, еңбегіне қарай өнбегі. Бұл бастама 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.

Айдар Әбуов, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясы мемлекеттің саяси стратегиясы кафедрасының меңгерушісі:

Халықаралық меритократия деген түсінік бар. Бұл түсінік бойынша мемлекеттік қызметкер тек қана біліктілік пен қабілетінің арқасында қызметі өзгеруі мүмкін, егер ол осы категорияға сай болмаса ол төмендейді, егер осы категориялардан артып тұрса ол келесі сатыға өсуі тиіс.

Сондай-ақ, осы мақалада мемлекеттік қызметкердің еңбекақысы туралы айтылады. Ол тікелей еңбегіне байланысты болуы керек. Арнайы индикаторлармен арнайы өлшеумен мемлекеттік қызметкердің үлесіне байланысты көтеріледі, не төмендейді. Сонымен қатар, жақсы нәтижелі жұмыстары үшін бонустар қарастырылған.


5 институттық реформаны жүзеге асыратын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау еліміздің жаңа белестерді бағындыру жолындағы жан-жақты жоспары.

Осы арқылы еліміз дүрбелең дүниедегі өз орынын тауып, іргелі елдермен иық теңестіріп тұра алады. Яғни, тәртіп пен заң үстемдік еткен Ұлы дала елі атанатын күн де алыс емес.

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу