Мемлекет бюрократтық шығындардан бас тартпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет бюрократтық шығындардан бас тартпақ

10.01.2016
Мемлекет бюрократтық шығындардан бас тартпақ
Әлемдік тәжірибеде экономиканы басқаруға бюджеттен 2 ары кетсе, 3 пайыз ғана шығын кетеді. Бізде бұл көрсеткіштің көлемі - 5 пайыз.

Жаһандық экономикадағы дағдарыстың түрлі себебі, түрлі сипаты бар. Алдымен геосаяси текетірестер «жуан» елдердің бір-біріне деген қысастығына ұласты. Санкция, эмбарго, визалық шектеу, террор, әскери операциялар, жойқын қару сынақтары бірінен-бірі балалап, әлемдік тәртіп шайқалды.

Бұрын да оңып тұрмаған аймақтарда саяси, діни, нәсілдік, топтық кикілжіңдер ушықты. Содан соғыс тұтанды, миграциялық сел жүрді.

Дәл қазір жағдай бір күнде түзеледі, бұрынғыдай экономикалық қарым-қатынастар орнайды, барлық кикілжіңдер тек дипломатиялық қимылдар арқылы реттеледі деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Яғни, жаңа әлемде жаңа іс-қимылға көшуден басқа жол жоқ. Ресейдің өзі жалпы ішкі өнімін 4 пайызға төмендетіп алды.

Қытай экономикасындағы 10-11 пайыздық бұрынғы өсім баяулап 5-6 пайызға кеміп кетті. Көрші елдер мұндай жағдайға түскенде, біздің де қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болып отырмасымыз айдан анық.

Осындай кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Ұлт жоспары – қоғамды ілгері бастаудың дара жолына айналмақ. 5 реформаның үшінші бағыты – индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамту.

Ерекше экономикалық кезеңді бастан кешіп жүрген жаһан жұрты үнем сөзін жиі айтып жүр. Ақшаны үнемдеу, шикізатты үнемдеу, энергияны үнемдеу, тамақты үнемдеу...

Бірақ, біздің Үкімет үнемді ешқашан әлеуметтік саламен байланыстырмайды. Президент мақаласында мәйектелгендей, біз бюрократтық шығындардан бас тартамыз.

Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты:

Бюрократия шығындары дегеніміз - мемлекеттің кәсіпорындарды басқарудағы кетіп жатқан шығындарын азайту мәселесі.
Бұл шығындарды, яғни, бюрократтық басқарудың әлемдік принципі бар. «Мемлекет өте жақсы кәсіпкер емес», деген. Сондықтан, мемлекеттің кәсіпкерлікке араласа бермеуі қажет. Кәсіпкерліктер өздерін өздері басқару жолына өтуі керек.


Әлемдік тәжірибеде экономиканы басқаруға бюджеттен 2 ары кетсе, 3 пайыз ғана шығын кетеді. Бізде бұл көрсеткіштің көлемі - 5 пайыз. Түсінгенге, қомақты қаржы. Бюрократтық шығындарды қысқартудың екі жолы бар.

Біріншісі - мемлекет басқаратын дүниелердің барлығын заң бойынша өздеріне беру. Екіншісі - мемлекеттік кәсіпорындарды қысқарту. Қазір елімізде 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендіру жоспарын жүзеге асыру басталды.

Жекешелендірілетін нысандардың тізімінде 65 ірі компания бар. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ, «ҚазАгро» АҚ, ҚазМұнайГаз» ҰК, сияқты ірі кәсіпорындар солардың қатарында. 2021 жылға қарай квазимемлекеттік сектордағы республикалық меншікті 15 пайызға дейін қысқарту көзделіп отыр.

Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты:
«Самұрық-Қазынаны» жекешелендірсек, көп кәсіпорындар өздері дамуға әрекет жасайды. Олар ғылыми-инновациялық тұрғыда ізденіп, қор құру басталады.

Тек компаниялар емес, биылдан бастап мемлекет қарамағындағы жерлер де жеке меншікке беріледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 миллион гектар жер аукцион арқылы сатылмақ.

Жер кодексіндегі жаңа өзгерістер жер телімдерін тиімді пайдалануға бағытталған. Мемлекеттің жер мәселесіне алаңдауы бекер емес. Жалға алған жерден гөрі, меншіктегі жердің қадірі артық.

Мұны әсіресе, ауылдағы ағайын жақсы түсінеді. Иелігіндегі жерді баптап, құнарлылығын үнемі арттырып отыруға тырысатын олар, жұрт жалға алынған жерге дәл осылай қарамайтындығын айтады.

Алмасбек Садырбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Негізгі суармалы жерлерді осыдан 15-20 жыл бұрын қолы жеткендер меншіктеп алған. Бірақ, оны мемлекетке қайтару механизмі немесе сатып алу жағы қиынға түсті де, қазіргі жаңа Жер кодексінде соның жеңіл жолы көрсетілген.

Ауқымды алқаптар аукцион арқылы 2 тәсілмен сатылымға шығарылады. Әуелгісі ағылшындікі. Яғни, кадастрлық құнын арттыру арқылы. Бұл тәсіл іске аспаған жағдайда жер телімі голландық жүйе бойынша қайта саудаға түседі. Осы кезде алқаптың құны 50 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Алдын ала есеп бойынша жер сатылымынан түсетін қаржы 1 триллион 200 миллиард теңге. Ал, жер телімдері шетелдіктерге сатылмайды. Тек 25 жылға жалға беріледі. Әрі жаңа технология әкелген азаматтарға ғана. Сандармен сөзімізді өре кетейік.

Жалпы, елімізде 230 миллионға жуық гектар жер бар. Оның 1,2 пайызы жекенің меншігінде болса, 97 миллион гектары жалға берілген. Ал, мүлікті заңдастыру мемлекет тарапынан бай-қуаттыға берілген үлкен көмек. Тасада жатқан тиыныңыз болса, көлеңкеде көп үйіңіз болса, ашық жариялаңыз.

Мүліктің есеп-қисабын жасау мерзімі мешін жылының 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мемлекет сіздің құпияңызды сақтайды, әрі заң алдында қудалаудан қорғайды.

Көлеңкелі экономиканың жолын кесетін тағы бір жаңа жол - салық саясаты. Елімізде енді қосымша құн салығының орнына сауда салығы енгізілуі мүмкін. Салық саясаты - қатып қалған қағидаға сүйенбейді. Заманға сай өзгеріп тұрады.

Сапарбай Жұбаев, экономика ғылымдарының кандидаты:
Егер де экспортқа тауар шығаратын болсақ, ҚҚС төлейсің ғой, соны қайтып алу процесі бар. Мұны «көлеңкелі экономика» дейміз бе, сондай мәселелер бар. Сауда салығы содан құтқарар еді.

Заңға сәйкес кәсіпкерлерге салынатын салық енді онлайн режимде бақыланып отырады. 2016 жылдан бастап жанар-жағармай мен алкогольдік өнім сататындар, кассалық бақылау қондырғыларының жаңа үлгісімен жұмыс істеуге міндетті.

Сайран Жақыпов, Мемлекеттік кірістер басқармасының инспекторы:
Бақылау касса машиналарының ерекшелігі - кәсіпкерлер бақылау касса машинасынан мөлшерлі түрде өзінің соммасын соққан кезде ол Салық комитетінде көрініп тұрады.

Динара Нұрғалиева, кәсіпкер:

Жаңа кассалық аппаратты 1 шілдеден бастап сатып алдық. Қазір сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Жасаған саудамыздың мөлшері онлайн режимде бақыланып тұрады. Сондықтан, заңсыз саудаға жол жоқ. Сонымен қатар, салық қызметіне есеп беруіміз де жеңілдейді.

Мемлекет басшысы мақаласында мән берген маңызды дүние - сыртқы инвестициялардың жаңа көздері. Қазіргідей қиын кезде инвесторға әркім-ақ таласып жатыр.

Өйткені, шикізат бағасы мың құбылып тұр. Әрі 50 жылдан бері мұнайын сыртқа сатпаған азулы АҚШ тұтынушыдан экспорттаушы мемлекетке айналмақ. Бұл онсыз да құн сүймей тұрған «қара алтын» құнын құлдилатады. Сұраныстан ұсыныс көбейеді.

Бұл экономикасы шикізатқа тәуелді елдерге жақсы жаңалық емес. Бізге де. Сол себепті Президент тығырықтан шығу үшін экономиканың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды тапсырды.

Ол үшін өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа да отандық компаниялардың 3 тобы қамтылады. Айтпақшы, «Астана қаржы орталығы» да инвестиция тартудың жаңа құралы болады.

Қайрат Лама Шариф, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі:

Дүние жүзіндегі көптеген елдер осындай орталық құруды армандап жүр. Қазіргі уақытта Катарда, басқа да Араб елдерінде мұндай орталық бар. Дубайдың тәжірибесі және инвесторларға арналған заңдар осы жерде шетелдік инвесторларға ірі жобаларға ақшаларын салуға мүмкіндік беріп отыр. Дәл осы қағидат бойынша Астанада да жұмыс істейтін болады.

Жүйелі экономикалық дағдарыстан шығудың жолы - индустрия мен инновация. Ұлт жоспарында бұл бағыт - айшықты. Бірінші электр энергиясы секторын дамыту. 5-6 жылдың ішінде ІЖӨ-ге энергоресурстардан түсетін үлесті 25 пайызға, 50-ші жылға қарай 50 пайызға азайту қажет.

Ол үшін энергия саласына стратегиялық жоспары бар инвесторларды тарту көзделген. Қарағандыдағы 3-ші жылу энергия орталығы жанынан қытай инвесторлары көмегімен әмбебап 6-шы турбина салынып жатыр. Жобаға бөлінген қаржының 90 пайызы игерілді.

Мәди Әбіш, «Қарағанды энергорталық» ЖШС бас директоры:
Жаңа энергобөлім арқылы сағатына электр энергиясы 110 мегаватқа, сондай-ақ, қазандықтың бу қысымы 675 тоннаға артады. Нәтижесінде жылу жетіспеушілігі болмайды.

Облыста электр энергиясының жетіспеушілігі 500 мегаваттай болса, бұл да азаяды. Электр энергиясын солтүстік өңірлерден қымбатқа транзиттейміз. Тарифке бұл кері әсер етеді. Жаңа жоба осының алдын-алуға арналған. Осылайша, Елбасы қойған тапсырманы кезең-кезеңімен жүзеге асырмақпыз.


Экономиканың күретамыры - жол. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылады. Жол ақылы болады.

Сөйтіп, 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алым шамамен 41 миллиард теңге болады. Қаржы жолдар тесілсе, соны қайта жөндеуге, яғни, өзін-өзін асырауға жетеді.

Қазақстан қазір даму мен жаңғыру жолында. Ауқымды мақсаттар анық көрсетілген мазмұнды мақаланы оқыған саналы адам бей-жай қалмасы анық. Бағыт белгілі. Қиындықтарды жеңбек керек, ол үшін еңбек керек.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу