Жыл қорытындысы: Мемлекет басшысының сапарлары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Мемлекет басшысының сапарлары

27.12.2015
Жыл қорытындысы: Мемлекет басшысының сапарлары
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы қызметі қандай оқиғалармен айшықталды?

2015-шы жыл тұтас біздің өңір үшін сынақ жылы болды десек ешкім сөге қоймас. Геосаяси текетірестер экономикалық мүддені бүктеді. Ресей мен Украина, Ресей мен Еуропа, Ресей мен АҚШ арасындағы кикілжіңдер өңірге де, өмірге де әсерін тигізбей қоймады.

Бұрын көрші-көлемнің шарбағын ырғаудан әрі бармаған аю таңбалы көршіміз қазір - АҚШ-пен дүрдараз, Украинамен мүлде араз, Еуропамен бір күн тату, бірде араз. Бұл бір таусылмайтын айыптау, қыжырту, бірін-бірі қаралаудың әлемдік науқанға ұласты.

Өздерін де, өзгені де ығыр қылған бұл ахуалдың қашан тоқтары белгісіз. Ал, белгілісі экономикаға қатты зиян тиді. Хош.

Қазақ елі биыл ДСҰ-ға мүше болды. БҰҰ-ның биік мінберінде тұңғыш рет қазақ тілінде баяндама жасалды. Индустриялды-инновациялық бағдарламаның ІІ бесжылдығы басталды. Зияндысы экспортқа шығатын шикізат біткен құнсызданып, металл, мұнай нарығын мұнар, мұң басты.

Ал, дүниенің төрт бұрышын аралаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің пайдасын көздеп, ірі инвесторларды шақырды. Үлкен елдермен түрлі салада ынтымақты мықтайтын келісімдер жасады, келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы қызметі қандай оқиғалармен айшықталды?

Қой жылының басты саяси оқиғасы Президент жария еткен бес институционалды реформа. Олар «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет», «Заңның үстемдігі», «Орнықты экономика», «Болашағы біртұтас ұлт» және «Ашық, халыққа есеп беруші мемлекет», деп жіктелді. Ал, осы салаларда қамтылған міндеттерді іске асыру үшін «100 нақты қадамның» жоспары түзілді. Оның мақсаты - Қазақстанды 30 озық елдің қатарына қосу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қуатты мемлекетті қалыптастыру үшін 40-50 жыл бойы экономика дамылсыз дамып отыруы керек. Біз сол бағытта жүріп барамыз. Мен ұсынып отырған реформалар қазіргі қоғамдық қатынасты түбегейлі өзгертеді.

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы жұмыс жоспарына сай барлық облыстарды аралап шықты. Оның сыртында алыс-жақын шетелдерге жасаған ресми сапарлары тағы бар.

Мәселен, Ұлыбританияға, Францияға, Италияға, Швейцарияға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Ресейге, Катарға және АҚШ-қа ат шалдырып, осы елдердің басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Түрлі деңгейдегі жиындарға қатысты.

Ел үшін пайдалы болған Елбасы сапарының бірі қыркүйек айында Қытайда өтті. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы сапарларының ішіндегі мәртебесі ерек, мемлекеттік сапар. Сапар нәтижесінде Қытай жағы құны 23 миллиард долларды құрайтын, 25 жобаға инвестиция салуға келісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші кезеңде 45 жоба, екінші кезеңде тағы 45 жобаны жүзеге асыра бастаймыз. Біздегі индустриялды даму бағдарламасына үлкен үлес қосып отыр. Дағдарыс жағдайында банктерде ақша жоқ. Бұл - бізге үлкен көмек.

Қыркүйек айында Елбасы АҚШ-қа ресми сапармен барды. Нью-Йоркте өткен БҰҰ –ның 70-ші мерейтойлық сессиясына қатысты. Биік мінберден Нұрсұлтан Назарбаев жаһанды толғантқан тақырыпта баяндама жасап, тың бастамалар көтерді.

Жаңа ғасырда жаңғыру кезегі Азияға ауысатынын ескерген Қазақ лидері осы отырыста ұйымның штаб-пәтерін Азияға көшіруді ұсынды. Әрі террормен күресте әлем елдері күш біріктіру керектігін де тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажет. Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолданудың маңызды қадамы ретінде бағалауы тиіс.

Жаһан саясаткерлері жиналған саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті. Америка Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Елге елеулі қаржы құйып отырған негізгі инвестор.

Кездесуде екіжақты қатынасты одан әрі нығайту жайы талқыланды. Айта кететіні, Обама мырза еліне келген 200-ден астам мемлекет басшыларының ішінен санаулы президентті ғана қабылдады. Осыдан-ақ, Ақ Үйдің Ақ Ордаға деген пейілін аңғару қиын емес.

Қазан айының соңында, Қазақ басшысы Катарға сапарлады. Шейх Тамим бен Хамад Аль Тани Қазақстанның инфроқұрылымдық қорына 100 миллион доллар инвестициямен кіруге ынта білдірді. Сондай-ақ, Араб елі Астанада 20 мың оқушыға арналған мектеп салады. Оқу орнына Катар эмирінің аты берілмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бүгінде ірі транзиттік-логистикалық хаб жасақтап жатырмыз. Ол шығысты, батысты және солтүстікті байланыстырады. Сол арқылы адамзаттың 4/1-і тұрып жатқан 60-қа тарта мемлекетті бір-бірімен байланыстыратын жаңа «Жібек жолы» Қытай, Ресей, Орталық Азия нарығын үйлестіреді.

«Букингем» сарайы. Ұлыбритания билігінің стратегиялық нышаны II Елизавета Қазақстан Президентінің құрметіне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Ұлы Дала елінен келген меймандарды Патшайымның өзі күтіп алды.

Лондонға сапары кезінде Президент «Даунинг стриттегі» №1 үйдің қазіргі иесі Дэвид Кэмеронмен кездесті. Келіссөздер кезінде тараптар екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасқа тың серпін беру жайын талқылады.

Жалпы, ағылшын Премьер-министрі мұндай кездесулерге бар-жоғы 10-15 минут қана уақытын бөлсе, қазақ Президентімен болған келіссөз 2 сағатқа жалғасты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Сіздерден бірдеңе дәм етіп келген жоқпыз. Біздің бір өтінішіміз бар. Қазақстанға келіп, бірлесе бизнес жасап, өздеріңізге тиеселі қаржыны алып кетулеріңізді ғана сұраймыз.

Тұманды Альбионда өткен табысты келіссөздер Франция астанасында жалғасты. Екі ел президенттері алғаш 2012 жылы дәл осы Елисей сарайында кездескен. Соңғы үш жарым жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд бесінші рет жүздесіп отыр.

Франция – Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Өзара тауар айналымы өткен жылы 6 миллиард АҚШ долларына жеткен. Елбасы Парижде ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясына қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиында жаһан елдері үшін ядролық қаруды қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ЕХРО-2017 көрмесінің инфрақұрылымы базасында БҰҰ қолдауымен жасыл технологиялармен дамытуға арналған халықаралық орталық құруды көздеп отырмыз.

Елдің экономикасына қатысты ең елеулі оқиғаның бірі Женевада өтті. Қазақстан Президентінің Швейцарияға сапары кезінде біздің ел ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кірді. Әлем экономикасындағы қаржының 98 пайызы осы ұйымның ішінде айналады. Сондықтан, бұл ұйымнан болашақта күтеріміз көп.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан өту үшін келіссөздер ұзақ жүрді. Ол үшін біз экономикамызды қуаттадық. Дайындық жасадық. Біздің экономиканың әлеуеті 18 есе артты.

Енді Елордаға келген шетелдік саясаткерлердің сапары қақында бірер сөз. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің сапары кезінде екі ел басшылары Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға уағдаласты.

Жалпы, Мемлекет басшысы биыл Мәскеуде, Душанбеде, Ыстықкөлде, Бурабайда өткен Еуразиялық экономикалық одақтың, Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымының жиындарына қатысып, бірыңғай экономикалық кеңістік пен оның қауіпсіздігіне қатысты келелі ойлар айтты.

Астанаға Жапония үкіметінің басшысы да келді. Синдзо Абэ соңғы 9 жылда Орталық Азияны аралаған алғашқы жапон Премьері. Екі елдің бірлескен 50 кәсіпорыны бар. Күншығыс елі соңғы он жылда Қазақстанға 4,5 миллиард доллар инвестиция құйған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Байқап отырсыз ба, қазақтар мен жапондар бір-біріне ұқсас. Бұл біздің арғы тегімізде туыстық бар дегенді меңзеп тұрса керек.


Биыл Астанаға арнайы ат шалдырған саясаткерлердің бірі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Мейман Мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, жаһан жұртын алаңдатқан қадау-қадау тақырыптарды талқылады.

Өзектісі, аймақтың қауіпсіздік мәселесі. Елбасы бұл ретте дархан дала төсін мекен еткен қазақтың толеранттық саясатына терең тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ядролық қарусыздану, қаруды тарапау мәселесінде АШҚ пен біздің мүддеміз бір. Бұл бағытта көп жұмыс жасалды. Әрі қауіпсіздік мәселесіне қатысты Барак Обаманың бастамаларын қолдаймыз.

Джон Керри, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:

Мен Сіз бен Барак Обама арасында болған келіссөздері бағалаймын. Көп тақырып төңірегінде пікір алмастыңыздар. Ол ядролық қаруды таратпау, экстремизмге қарсы тұру, Ауғанстан мәселесі мен ДАЙШ-қа қарсы күрес мәселелері.

Қарашаның соңында Елбасы жылдың басты құжаты - Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Әдеттегідей басымдық әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Президент «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», деген ұранды ұстанып, аянбай еңбек етуіміз керек деді. Қазақстан қазіргідей қаржылық қыспаққа қарамастан, Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға 7,2 триллион теңге бөлген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаһандық дағдарыс - тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік компаниялардың көпшілігі дағдарыс кезеңінде табысты компанияларға айналды.

Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді.


1 қаңтардан бастап дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысы, зейнетақы мен стипендия өседі. Сонымен қоса, мемлекет кәсіби-техникалық білімді тегін беретін болды. Игі бастама 2017 жылы жүзеге асады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

Қазақстан жалпы Тәуелсіздік жылдары тоқсаныншы жылғы тоқырауды, Шығыс Азия дағдарысын, 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысының бәрін еңбектің арқасында еңсерген ел.

«Қиындықтар әр кез болған, бола да береді». Жылды қортындылап республикалық арна тілшілеріне сұхбат берген Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білдік әрине, осылай болатынын. Дегенмен, мұнша қиын болатынын білген жоқпыз. Біздің сыртқа шығатын тауарлар, әсіресе, мұнай бағасы жылдың ортасындағы 115-тен 40-қа жақындап отыр. Тек қана бұл емес, сыртқа шығатын металл, басқа да заттар біздің бюджетті 180 миллиард теңгеге кемітті.

«Көпвекторлы саясатты ту еткен Қазақстан жаһан елдерінің бәрімен дос. Алайда, достар өз ара шекісіп жатса, осы қиын»,-деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ресеймен де, Түркиямен де біз ең ізгі қарым-қатынас ұстанып келеміз. Мен әуел бастан екі елдің ұстанымын жақындатуға ұмтылдым. Өйткені, қалыптасқан жағдай ешкімге де пайда әкелмейді.

Егер парасат басым түсер болса, онда тараптар мәмілеге келеді. Тығырықтан шығудың ең төте жолы – келіссөздер мен мәміле. Бұл екі мемлекеттің де, сондай-ақ, Қазақстанның да мүддесіне сәйкес келеді ғой, деп ойлаймын.


Қой жылына қояр кінәрат жоқ. Десе де, жаһанды жайлаған дағдарыстың бізге де салқыны тиді. Мемлекет басшысы сол қиындықты еңсеретін «Бес реформа», «Ұлт Жоспары - 100 нақты қадам» және қарашада жариялаған Жолдауда дағдарысты еңсерудің жолдарын меңзеді. Бағыт-бағдар айқын, мақсат – сол міндетті Жаңа жылдан бастап мінсіз жүзеге асыру.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу