АҚШ-тың орталық банкі 9 жылда бірінші рет пайыздық ставканы көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың орталық банкі 9 жылда бірінші рет пайыздық ставканы көтерді

20.12.2015
АҚШ-тың орталық банкі 9 жылда бірінші рет пайыздық ставканы көтерді
Осы апта Brent маркілі мұнай бағасы алғаш рет 37 доллардан төмен түсті.

АҚШ-тың федералдық резерві 9 жыл бойы істемеген қимылға барды. Осы аптада пайыздық мөлшерді көтерді. Әлемдік саудада АҚШ доллары мықты тұр еді, енді тіпті күш алды. Мысалы мықты инвесторлар активтерін АҚШ ақшасына аударып жатыр, деп хабарлады халықаралық сарапшылар.

АҚШ федералдық резервінің пайыздық ставканы көтеруі – шынында да экономикалық зор жаңалық. Енді сол елдің екінші деңгейдегі банктері кредитті жарты пайыз үстемемен алады. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 22 пайызын игеріп отырған АҚШ-тың ахуалы – теңіздің толқыны мотивінде жаһанға тарайды деген сөз.

Ал, біз және біз секілділер үміт артқан мұнай нарығы мұңайып қалды. 37 доллар. АҚШ-тың «Goldman Sachs» банкі Иран санкциядан босаған соң 2016 жылы мұнайдың бір баррелі 20 доллар болып қалады деп болжады. Бұл әрине, болжам. Ал, біздегі көп экономистер мұнай мен валюта бағамына жорамал айту ұятқа қалдырады деп есептейді.

АҚШ экономикасы дағдарысты еңсеріп, қалпына келді. Оған енді бұрынғыдай тым арзан ақша қажет емес. Сондықтан, бейсенбі күні Америка орталық банкі пайыздық мөлшерлемені 0,25 базистік пунктке көтерді. Бұл дегеніміз – Құрама Штаттардағы екінші деңгейдегі банктер бұдан былай кредитті жарты пайызбен алады деген сөз.

Соңғы рет АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме 2006 жылдың ортасында көтерілді. Содан кейін әлемді қаржылық дағдарыс шарпып, 2008 жылы пайызды түсіруге тура келді.

Федералдық резервтің басшысы мәлімдегендей, Америкада сол кезде басталып, 7 жылға созылған арзан несие кезеңі осымен тәмамдалды.

Джанет Йеллен, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы:

Бұл әрекетіміз 7 жылға созылған нөл пайыздық мөлшерлеме кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Осыған дейін, ұлы күйзеліс дәуірінен бергі ең ауыр дағдарыс пен рецессияға ұшыраған экономиканы қалпына келтіру үшін, федералдық қор несиенің пайызын төмен ұстап келді.

Жеті жыл бұрын Америка дағдарысты еңсеру үшін ақша басатын станокты да іске қосты. Содан бері Федералдық резерв мемлекет пен елдің ипотекалық қарызын сатып алуға, өндірісті ынталандыруға 3 триллион доллар жұмсаған екен.

Қыруар шығынның нәтижесі сол – қазір Құрама Штаттарда жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз ғана, ал экономиканың өсімі 2 пайыздан асып отыр. Инфляция болса - 2 пайыздан төмен.

Америка Орталық банкінің есептік мөлшерлемені көтеруі Азия мен Еуропаның акциялар нарығына оң әсер етті. Өйткені, инвесторларда көптен бері алғаш рет дүниежүзінің бірінші экономикасы аяқтан тұрды деген сенім пайда болды.

Желтоқсанның 17-де Токио биржасында жүздеген компанияның құнды қағаздарының бағасын көрсететін Никкей индексі дереу 1, 6 пайызға өсті. Сол күні Сеул мен Гонконгтің сауда алаңдары да қосу белгісімен жазылды.

Йошихиде Суга, Жапония үкіметінің бас хатшысы:

Біз үнемі АҚШ экономикасы жақсарса, жапон экономикасы да күшейеді деп айта алмаймыз. Бірақ, Америкада пайыздың көтерілуі онда бизнестің өркендегенін, табыстың өскенін, жұмыссыздардың азайғанын білдіреді ғой.


Сонымен, Вашингтон монетарлық саясатты күшейтуге кірісіп отыр. Енді америкалық капитал Еуропаға қашып, дағдарыстан еңсесін әлі толық тіктей қоймаған «Қарт құрлықтың» өркендеуіне жол ашуы ғажап емес.

Ал, АҚШ пен Еуропа одағы экономикаларының қайта жандануы, сұранысты арттырып, әлем экономикасына және Қытайдың дамуына игі әсер етеді деген болжам бар. Бірақ, америкалық несиенің қымбаттауы –доллардың да қымбаттауы.

Доллар өссе – мұнай арзандайды. Онсыз да «қара алтынның» «Брент» маркасының бір баррелінің құны осы аптаның басында 36 долларға дейін түсті. Энергетикалық нарықта мұндай жағдайдың қалыптасуына бір жағынан Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуі, екіншіден, әлемдік нарықта өндірілген мұнайдың тым көптігі себеп.

«Қара алтынды» болашақта тіпті арзандатуы мүмкін тағы бір жағдай туындап отыр. Сәрсенбі күні АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы, жұмада Сенаты Америка мұнайын шетелге экспорттауға 40 жылдан бері тыйым салып келген заңды жоюға келісті. Іле-шала бұл құжатқа Президент Барак Обама қол қойды.

Пол Райан, өкілдер палатасының спикері:

Мұнай экспорттауға 40 жылы бойы тыйым салдық. Енді бұл шектеуді алып тастайтын болсақ, одан Американың сыртқы және экономикалық саясаты ұтады.

Республикалық партия өкілдерінің ойынша, Америка мұнайын экспорттауға жол ашылса, АҚШ экономикасына қосымша қаражат келеді, федералдық бюджетте тепе-теңдік орнайды. Сонымен қатар, олардың пікірінше, келешекте Құрама Штаттардың «озық технологиясы мен сапалы мұнайы» Ресейді, Сауд Арабиясын, Иранды шикізат нарығынан ығыстырады.

Алайда, бірқатар сарапшылардың сөзіне сенсек, бағаны сонша түсіретіндей, Америка сыртқа көп шикізат шығарайын деп отырған жоқ. Бірақ, келер жылы «қара алтынның» құнын төмендететін тағы бір күш бар.

Ол – Иран. Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани алып елдермен биыл жазда жасалған ядролық келісімді ақпанда өтетін парламенттік сайлауға дейін жүзеге асыруды көздеп отыр. Санкциялардан құтылса, Тегеран 2016 жылы нарыққа миллиондаған баррель мұнай шығармақ.

Бижан Зангане, Иран мұнай министрі:

Біз кеніштеріміз бен ұңғымаларымызды сынадық. Олардың жұмысы жақсы. Сондықтан, өндірісті арттырып, мұнай нарығына бір миллион баррель шикізат экспорттай алатындығымызға сенімдіміз.

Ал, осыдан бірнеше күн бұрын Иранның мұнай министрі шикізат бағасы 30 доллардан түсіп кетсе де, оның елінде «қара алтын» өндірісі тоқтамайтынын ескертті. Энергетикалық шикізат өткен жылдың маусымынан бері өз құнының басым бөлігінен айырылды.

Оған Құрама Штаттар Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеру шешімін қосыңыз. Бұл екі фактор дүниежүзінің ірі мұнай экспорттаушы елдерінің ұлттық валюталарын әлсіреткен үстіне әлсіретіп отыр.

Жұма күні Ресей орталық банкі бір доллардың бағамын 71 рубльден астам деңгейінде белгіледі. Бұл – 1998 жылдан бергі орыс ақшасының ең үлкен құлдырау көрсеткіші.

Эльвира Набибуллина, Ресей орталық банкінің басшысы:

Сырттағы жағдай күрделі. Оның жағымсыз әсері былтыр жаздан бері байқалып отыр. Біріншіден, әлемдік нарықта тұрақсыздық орнауына ғаламдық инвесторлардың елең-алаң күйі себеп болды.

АҚШ Орталық банкі есептік ставканы көтергеннен кейін дамушы елдерден капитал қаша бастады, биржаларда акциялар күрт арзандап, ұлттық валюталар құнсызданып жатыр. Сондай мемлекеттердің бірі – Венесуэла.

Жергілікті экономистердің есебіне қарағанда, мұнда инфляция деңгейі 230-250 пайызға жетіп қалған, ал жалпы ішкі өнім жыл соңына дейін 10 пайызға қысқарады. Өндіріс тұралап, доллар қымбаттағандықтан, ең қажетті тауарлар тапшылығы айқын сезіліп отыр. Оларға қол жеткізу үшін халық ұзынсонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр.

Карлос Гонсалес, Каракас тұрғыны:

Көп нәрседен бас тарттық. Өйткені, бәрі қымбат. Аяқ киім сатып алғым келеді. Бірақ, оның бағасын көргенде, аш қалатыныңды ойлайсың.


Вирджиния Ромеро, Каракас тұрғыны:

Ақшамызда құн қалмады. Өзім де, ұлым да, күйеуім де жұмыс істейді. Одан пайда не? Тапқанымыз ештеңеге жетпейді. Жағдайымыз өте қиын.


Әлемдегі ең жоғары инфляция, рецессия және тауар тапшылығы Венесуэла жұртын Социалистік партиядан түңілдіре бастады. Осы айда өткен парламенттік сайлауда Ұлттық Ассамблеядағы орындардың үштен екісі басқа партияларға бұйырды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу