Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз-2015» байқауының лауреаттарын марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз-2015» байқауының лауреаттарын марапаттады

13.12.2015
Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз-2015» байқауының лауреаттарын марапаттады

Қазақстанның кәсіпорындары мен тауар өндірушілерінің жұмысын бағалайтын «Алтын сапа» жүлдесінің беріле бастағанына биыл - 10 жыл.


Жалпыұлттық телекөпірден соң, Мемлекет басшысы «Алтын сапа» мен «Парыз-2015» байқауының лауреаттарын марапаттады. Қазақстанның кәсіпорындары мен тауар өндірушілерінің жұмысын бағалайтын «Алтын сапа» жүлдесінің беріле бастағанына биыл - 10 жыл.

Бұл жолғы ерекшелік - «Алтын сапаның» санын емес, сапасын арттыруға мән берілді. Комиссия құрамы толықтай өзгеріп, мемлекеттің үлесі бар кәсіпорындардың байқауға түсуіне шектеу қойылған.

Мысалы, 10 жыл бұрын бақ сынаушы компаниялар саны 52 ғана болса, биыл 153-ке жеткен. «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» серіктестігі лауреат атанып, кәсіпорынның президенті Владимир Ким Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды.

Ал, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша мәртебелі марапат Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» серіктестігіне бұйырды. Компания телекоммуникациялық және желілік құрылғыларды, сондай-ақ, сәйкес бағдарламаларды шығарады. Өнімдерін Түркіменстанға экспорттайды.

Ал, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-При жүлдесі «Самрұқ Энерго» акционерлік қоғамына тапсырылды. Компанияның басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев Президент қолынан «Парыз» сыйлығын алды.

Бұл компания демеушілік және қайырымдылық мақсатта жалпы көлемі 1 миллиард 171 миллион теңге болатын жобаларды қаржыландырған. Мыңдаған ағаш түрлерін отырғызып, экологиялық ортаны жақсартуға зор үлесін қосқан.

Нұрлан Жәнібеков, «Элтекс Алатау» ЖШС директоры:

Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан жүлде алып отырмыз. Мен мұны үлкен сенім білдіргеннің белгісі, деп түсінемін. Әрі қарай біз тоқтамаймыз. Жұмыс қарқынын еселей түсеміз. Экспорт, инвестиция, даму жоспары бойынша біздің компанияның үлесі зор, деп білемін.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу