Қысқы Универсиадаға дайындық қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Универсиадаға дайындық қалай?

13.12.2015
Қысқы Универсиадаға дайындық қалай?
Милан Августин бастаған делегация Алматыдағы жаңа спорттық нысандарды аралап көрді.

Осы аптада елімізге Халықаралық студенттік спорт федерациясының жаңа сайланған перзиденті Олег Матыцин келді. Мақсаты - 2017 жылы Алматыда өтетін Қысқы Универсиадаға дайындықты парықтау.

Қазақстан ТМД төңірегінде тұңғыш болып аталған жарысты өткізбек. Бүкіл әлем көз тігетін айтулы жарысқа Алматы қаншалықты дайын - Амангелді Сейітхан таразылады.

414 күннен соң жалауы желбірейтін Алматыдағы Қысқы Универсиада спорттың 13 – түрі бойынша, 8 нысанда өтеді. Солардың бірі - шаһардағы ең ірі спорт кешені – «Медеу» мұз айдыны.

Конькимен жүгіру және допты хоккейден жарыс осында болады. Ал, «Алатау» кешеніне келген 6400 адам биатлоншылардың бабы мен шаңғышылардың шеберлігіне куә болмақ.

Ел назарындағы еңселі нысанның бірі - «Сұңқар» халықаралық трамплин кешені. Мұнда қанатты құстай зулаған биіктен сырғанап секірушілер сайысады. Сондай-ақ, биыл кешеннің жоғары жағында шаңғы қоссайысына арналған 2 жарым шақырымдық жаңа жол салынған.

Қаланың қақ ортасындағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайы шорт трек пен шайбалы хоккей шеберлерін қабылдайды.

Алматының ажарына айналған «Шымбұлақта» сноубордшылар, фристайл мықтылары мен тау шаңғышылары жарысады. Бұл кешендердің барлығы «Азиада» ойындарын абыроймен өткерген. Сондықтан, Универсиадаға 100 пайыз дайын.

Милан Августин бастаған делегация жаңа нысандарға айрықша көңіл бөлді. Шараның ашылу және жабылу салтанаты өтетін 12 000 адамдық «Мұз сарайының» құрылысы қызу. Бұдан бөлек, 450 орындық керлингке арналған мұз алаңы да салынып жатыр.

Амангелді Сейітхан, тілші:
Спорт кешенінің жұмысы қазір 80 пайызға аяқталған. Мамандар осы қарқынмен жүргізілсе, келер жылдың тамыз айында қолданысқа береміз, дейді. Жұмыс жоспарға сай жүрсе, спортшыларымыздың осы алаңда өздерінің дайындықтарын пысықтауға мүмкіндік бар. Өйткені, керлингке арналған мұндай мұз алаңы біздің елімізде бұған дейін болмаған.

Құрылысқа қолданылып жатқан материалдардың 90 пайызы Қазақстанда шығарылады. Спорт нысанының жұмыс барысын көріп, көңілдері толған шетелдік мамандар «Мұз сарайының» айтулы жарысқа дайындығын жоғары бағалады.

Милан Августин, Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының президенті:

Бұл Универсиада басқалардан ерекше болғалы тұр. Себебі, жарысты өткізуге бірнеше арнайы нысандар салынып жатыр. Олардың барлығы халықаралық соңғы талаптарға сай.

Спорт кешендерінің керемет үлгіде екеніне көз жеткіздік. «Мұз сарайына» мұз төсеу үшін ең озық технологиялар қолданылмақ.


10 блоктан тұратын «Атлетикалық ауылдың» аумағында инфрақұрылым жақсы жоспарланған. Банк бөлімшелері, қаржы орталықтары, кафе, мейрамхана, тіпті сұлулық салондары да салынып жатыр.

Универсиада ойындары жай ғана жарыс емес, алматылықтарға, тіпті барлық Қазақстан халқы мен шетелдік қонақтарға арналған үлкен спорттық мереке.

2017 жылдың 28-шi қаңтары мен 8-ші ақпаны аралығында өтетін сайысқа 55 елден 2000 спортшы қатысады. Спортшылар мен туристерге қызмет көрсетуге 3000 ерікті жұмылдырылады.

30 000-нан астам шетелдік келеді, деп күтілуде. Теледидар арқылы 80 елден 1 миллиард халық тамашалайды, деп жоспарланған. Биыл Универсиаданың операциялық бюджеті екі есеге, яғни, 32 миллиард теңгеден 17 миллиард теңгеге қысқарды.

Олег Матыцин, Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті:

Аса жауапкершілік Алматы қаласына түсіп тұр. Өйткені, барлық сайыстар осы шаһарда болады. Ойындар ойдағыдай өтсе, Қазақстан Қысқы спорт федерациясының сенімді серіктесіне айналады. Сол себепті, Алматыны осы жоба арқылы əлемге танытуға болады.

Алматыда 4 жыл бұрын ғана «Азиада» ойындары өткен. Сол кезде Оңтүстік Астанаға 60 мыңнан астам турист келді. Ендеше, 2017 жылғы шара әлемдік бәсекеде ел туризмін дамытатын таптырмас мүмкіндік.

Көрген адамның сағынышында, көрмеген адамның қиялында жүретін ару Алматының 2017-ші жылғы Қысқы Универсиадаға бүгінгі дайындығы осындай.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу