Президенттің биылғы Жолдауына ел тұрғындары ерекше ықылас танытып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің биылғы Жолдауына ел тұрғындары ерекше ықылас танытып жатыр

06.12.2015
Президенттің биылғы Жолдауына ел тұрғындары ерекше ықылас танытып жатыр
Аға буын, орта топ, жас толқын Жолдауды жылы қабылдады. Өйткені, бұл Жолдау көптің көкейінде жүрген көп сауалға жауап бере алды.

Жолдау біздің қоғам үшін негізгі жаңалықтар айтылатын, негізгі міндеттер екшеліп, елдің негізгі бағыты айқындалатын салмақты құжат. Сондықтан да болар Президент Жолдауын саясаткерлерден бастап қарапайым халыққа дейін елеңдеп күтетіні рас. Ал биылғы Жолдау ерекше кезеңде жарияланып отыр. Ел не дейді, жолдауды қалай бағалайды?

Ырғалып-жырғалатын кез емес қазір. Сын сағат тек әлем үшін емес, оның бір бөлшегі Қазақстан үшін де. Күрделі кезеңнен күрмелмей өтсек, бағымыз, іштей араздасып кертартпа қылық көрсетсек - сорымыз.

Бұл біз үшін бірінші дағдарыс емес, қазақ егемен ел болғалы үш бірдей дағдарысты еңсерді. Алғашқысы - келмеске кеткен кеңестік жүйенің күйреген кезінде. Ол уақытта біздің экономика 40 пайызға құлдырады.

Айлықты айлап, жалақыны жылдап алмаса та төзді халық. Ол сол кездегі сауатты саясаттың жемісі. «Бұл жолғы Жолдауда да жүктелген міндетті мінсіз орындасақ, жеңеміз», -дейді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:

Қазір де халқымызға керегі - шыдамдылық, татулық, әрбір дүниенің құнын білу, оның барлығының есебінің болуын ескеру. Елбасы көрпеңе қарай көсілуге, «бар, кең» деп шашып төкпеуге және елдің игілігіне, кәсіпкерлердің біршама жұмыс жасауына біраз нұсқаулар берді.

Кәсіпкер демекші, 90-шы жылдардағы тоқыраудан кейін тұрақты дамыған саланың бірі - шағын және орта кәсіпкерлік. Билік бизнес үшін қолдан келген көмекті аяған емес. Салықтың салмағын азайтты. Қаптаған құжатты құртып, қағазбастылықты шектеді. Енді алмақтың салмағы бар. Ерекше экономикалық кезеңде кәсіпкерлерге артылар жүк ауыр.

«Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауда да бизнесмендерге жеке тоқталды. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу. Сол себепті, «Қазақстанда жасалған» өнімдерімізді өтімді ету үшін Елбасы айтқан 4 қасиетке мән бермекпіз», дейді Геннадий Зенченко. Теріскейдегі ірі шаруа қожалығының басшысы тауарды сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан етпек.

Геннадий Зенченко, «Зенченко и К» КС атқарушы директоры:

Президент Жолдауда күрделі жағдайдан шығара алатын реформаларды бізді тек тыңдасын деп емес, етек-жеңімізді жиып, Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындасын деп жариялайды ғой.

Қазір мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына деген көзқарас ерекше, барынша қолдап жатыр. Соның арқасында мұнайдан кейін, елдің экономикасына қаржы құятын екінші сала болуға мүмкіндігі бар. Біз Жолдауда айтқан міндеттерді уақыт оздырмай орындауымыз керек.

Әлем өзгеріп жатыр. Ел экономикасына келер қауіп көп. Қазір санкциялық саясат сәнге айналды. Жетекші елдер айтқанына көнбеген көп елдің қаражат құйылатын қан тамырын бітеп отыр.

Әрі әлемдік нарықтағы шикізат бағасының бұлғақтауы да саяси ойындардың салдары. Кесірінен, экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстанның қазынасы толмай жатыр. Бірақ, мұнай өндірісі елде тоқтамайды.

Дастанбек Демешов Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жас маманы. 1 жыл болды, жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығаратын кешенге көп үлес қосып жүр.

«Президент Жолдауда жастарды ылғи айтады. Сенім артады. Ал, сенімге селкеу түсірмеу - басты парыз», деп пайымдайды.

Дастанбек Демешов, Атырау мұнай өңдеу зауыты хош иісті көмірсутектер дайындайтын кешеннің операторы:

Елбасы айтқандай, 2017 жылдан бастап жаңа бағдарлама енгізіліп жатыр, жастарға техникалық білім беретін тегін оқу, ол өте жақсы. Себебі, біздер болашақты өзіміз таңдаймыз. Қазақстанның болашағын біздер жасаймыз.

Елбасы Жолдауын Каспий теңізінің тыныштығын қорғап жүрген теңізшілер де қуаттап отыр. «Қазақстан» деп аталатын отандық кемедегі әскерилер Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мазмұнға толы,- дейді.

Теңізшілерге әлемдік саясат, елдің қауіпсіздік мәселесі мен әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына қатысты айтылған жайттар қатты ұнаған.

Мәди Қаптағанов, теңізші:
Президент Жолдауында әрбір қазақстандық үшін пайдалы әрі жағымды жаңалықтар көп болды. Әлем қазір тұрақсыз ғой. Терроризм мен экстремизм өршіп тұр. Біз қазіргі күнімізге шүкір етуіміз керек. Өйткені, жалақымызды алып жатырмыз. Қорғаныс саласына мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп жатыр.

Ата заң бойынша мемлекеттің ең басты құндылығы - адам және оның өмірі. Жолдауға жүгінсек, адам капиталына инвестиция салына береді. Денсаулық саласындағы қызметкерлер мен білім жүйесіндегі жандардың жалақысы артады.

Дәл осындай экономиканың тұрақсыз кезінде екі елдің бірі осындай шешім қабылдай бермейді. Бұл батыл қадам. Әрі әр тиынның санаулы кезінде тегін техникалық білім беру – білгірлік дейді ұстаздар қауымы.

Ғалым да, шахтер де бас иетін мұғалімдер Мемлекет басшысының осы ұсынысына бас иіп отыр.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:

Арнайы технкиалық білім де орта білімнің бір бөлігі. Кәсіби-техникалық білім тегін болады, соны игеріңдер, сол арқылы көтеріліңдер деді Елбасы. Шынында да барлығын жасайтын адам. Соны біз көтере алсақ, жеткізе алсақ, осы бағытта біз жастарды тәрбиелей алсақ, ертең Қазақстандағы барлық салада жұмыскерлер де, ғалымдар да, инженерлер де өздерін қамтитын болады.

Аға буын, орта топ, жас толқын Жолдауды жылы қабылдады. Өйткені, бұл Жолдау көптің көкейінде жүрген көп сауалға жауап бере алды. Егер Президенттің ел экономикасына екпін беретін 5 бағытын орындасақ, біз де бәрі «5» болады.


Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу