Елбасы Жолдауына шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Жолдауына шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар пікір білдірді

06.12.2015
Елбасы Жолдауына шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар пікір білдірді
Сарапшылардың айтуынша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – оның нақтылығында.

Геосаяси оқиғалар ушығып тұрған кезеңде Қазақстан секілді елдің саяси ұстанымдары кім-кімге де қызық. Екі жақта екі көрші бар. Бірі мықтылығын қару қуатымен екіншісі мықтылығын экономика қуатымен дәлелдеп отыр.

Сол шақта Орталық Азия секілді маңызды регионда Қазақстан секілді көп векторлы саясат ұстанатын мемлекет барын жуан елдер есіне алады.
Шет жұрттар Жолдаудан саяси астар мен, саяси шешімдерді молырақ күтеді әрине. Дегенмен, ең бастысы, біздің қоғам үшін экономика, ішкі ахуал, ішкі тұрақтылық. Шетелдің сарапшылары Президент жолдауын қалай бағамдады?

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Қазақстан Президентінің халыққа арнаған биылғы Жолдауы Ресейде қызу талқыланып жатыр. Себебі, ресми Мәскеу, біздің тату көршіміз ғана емес, басты одақтас және ең ірі сауда әріптестеріміздің бірі.

Сондықтан, Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді жіті назарда ұстайтын ресейлік мамандар, алдағы бірнеше жылдық дамудың бағыт-бағдарын айқындайтын Жолдау сынды маңызды құжатты да зерделеп, өз пікірлерін білдірді.

Сарапшылардың айтуынша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – оның нақтылығында. Яғни, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы ахуалды ескере отырып, бұл жолы дағдарыспен күресті басты назарға алған.

Қазір көптеген елдер дағдарысты басқаруға көнбейтін табиғи апатқа балап отыр. Ал, Қазақстан басшысы, алғашқылардың бірі болып, керісінше, осы қиын кезеңде елдің алдына тың мақсат қойып, экономикалық дамудың жаңа жоспарын әзірледі.

Денис Тюрин, Шанхай ынтымақтастық ұйымы іскерлік клубының директоры:

Қазіргі таңда бірінші кезекте қаржы секторы бірқалыпты жұмыс істеуі керек. Сондықтан, Қазақстан Президенті Жолдауда осы саланы тұрақтандыру туралы дер кезінде айтып отыр.

Қазіргі таңда банк саласын әлемдік үрдістерге бейімдеп, сауықтыру қажет. Шикізаттық тауарлар арзандап кеткендіктен, банктер өзге де тың саланы жандандыру бағытында жұмыс істеуі тиіс.

Бұл тұрғыда Қазақстан Ресей және Қытаймен бірлесіп, Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасының аясында, көлік инфрақұрылым саласында табысты жұмыс істей алады.


Қазір өзге елдер әлеуметтік төлемдерге арналған шығындарды азайтып жатса, Қазақстан тарапы керісінше, келер жылдан бастап, денсаулық сақтау және білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы мен түрлі жәрдемақылардың көлемін айтарлықтай өсіреді.

Себебі, еліміз соңғы жылдары қарқынды дамып, қомақты қор жинады. Оның үстіне қазақ билігі алдағы жылдары экономикалық өсімнің болатынына сенімді. Ал ол үшін, еліміз енді шетелден инвестиция тартуға баса мән береді.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық проблемалар институтының директоры:

Қазіргі таңда инвестор табу аса қиын емес. Керісінше, инвесторлар ақшаны қай жерге, қай елге тиімді және кепілдік алатындай жағдайда салсақ деп сол мәселеге бас қатырып жүр.

Себебі, дағдарыс кезінде берілген ақша қайтпай қалуы мүмкін. Сол себепті инвесторлар үшін қазір қаржы құюға лайықты елдер тапшы. Ал, бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндігі зор.

Себебі, Қазақ елінің экономикасы қуатты, саяси режимі тұрақты. Яғни, инвестициялық климаты барынша қолайлы. Ендігі мақсат - шетелдік инвесторлармен тіл табысып, жұмыс істесе білу. Президент Жолдауда айтқандай, шетелден жыл сайын кемінде 10 миллиард доллар қаржы тарту, әбден іске асатын шаруа.


Қазақстан дамыған елдермен бір деңгейге шығу үшін, жекешелендіру арқылы экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтып, толықтай нарықтық басқару тәсіліне көшкелі отыр. Жолдаудың осы және өзге де тұсын ТМД-ның көптеген мемлекеттері, соның ішінде Ресей билігі де ескеруі тиіс, дейді мамандар.

Нұртас Солтанұлы, тілші:
Жолдау жан-жақты зерттеліп, сауатты түрде жазылды. Және ондағы мақсаттарды іске асыруға толық мүмкіндік бар. Ресейлік саясаттанушылар мен экономистер айтқан ойдың тоқетері осы. Ал, қытайлық сарапшылар қандай пікірде?

Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауы қытайлық сарапшылардың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларының жаһандық маңызы бар, дейді олар.

Көршілес елдің мамандары биылғы Жолдаудың жан-жақтылығы мен жинақтылығын атап өтті. Тарихтың қай кезеңінде де қиындықтардан қаймықпай, қайсарлық танытып, жеңіп шығу қазақ халқына тән мінез.

Бұл жолы да Нұрсұлтан Назарбаев сол мінезді танытып, халқына жарқын болашаққа бастайтын басты бағыттарын көрсетті, енді халық жұдырықтай жұмылып сол бағытта жұмыс істеуі керек, дейді мамандар.

Ван Нин, Шанхай шет тілдер университеті Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры:

Нұрсұлтан Назарбаевтың өз басым жоғары бағалайтын қасиеттерінің бірі қандай да бір жағдайдың басқаларға байқалмайтын қырын көре алады. Халқына жолдауы, даму бағдарламалары, бастамалары өзектілігімен және жан-жақтылығымен ерекшеленеді.

Ол тек адамның ғана емес, заманның да тілін таба алатын сарабдал саясаткер. Халқына ауыр міндеттер жүктейді, бірақ, сол жүктің басым бөлігін өз мойнымен көтереді.


Дәурен Бауыржанұлы, тілші:

Білікті маман, белгілі дипломат Яо Пэйшеннің пайымынша, жаһандық дағдарыс жаңа мүмкіндіктер ашады. Нұрсұлтан Назарбев та өз Жолдауына халыққа осы ойды жеткізе білген.

Дағдарыстың салдарын ұтымды пайдаланып, елде өндірісті, кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын ашып айтты.


Яо Пэйшен, Қытай халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері:

Қытай тілінде дағдарыс «Уэй-чжи» деп дыбысталады. «Уэй» - қауіпті дегенді білдірсе, «чжи» мүмкіндік деген мағынаны береді. Яғни, дағдарысқа қай қырынан қарасаң, жұмысың солай қарай жүреді.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жерде мүмкіндіктерге аса көңіл бөлді. Оны Жолдаудан анық байқайсың. Заманның мүмкіндіктерін пайдалана біліп, қиындықтарды қиналмай жеңу – Назарбаевты басқа саясаткерлерден ерекше ететін қасиеттерінің бірі.


Дәурен Бауыржанұлы, тілші:
Біздің даму стратегиямыз бен болашақ жоспарымыз туралы бұл елдің мамандары жақсы біледі. Қазақстанның әр қадамының тек аймақтық емес, жаһандық маңызы бар. Қазіргі жаһандану заманы әлемді біртұтас етті.

Сондықтан, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, қолдау көрсетуіміз керек. Елбасымыздың биылғы Жолдауы көршілес елдің мамандары арасында осындай пікірлер мен лебіздер туғызып жатыр. Ал, Еуропалық мамандар бұл туралы не дейді екен?

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қазақстан-Еуропалық Одақтың өңірдегі ең басты серіктесі. Сондықтан, Одаққа мүше мемлекеттер мен жалпы кәрі құрлық елдері біздің елде болып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерді назардан тыс қалдырған емес. Сақа саясаткерлер жылдағыдай биыл да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын талқылап, жоғары бағаларын беруде.

Дағдарысқа қарамастан, жалақы, зейнетақы, шәкіртақыны көбейту, жастарға тегін кәсіби-техникалық білім беру - ел әлеуетінің артқанының дәлелі,-дейді Еуропарламент депутаттары. Себебі, ауқатты деген Еуропа елдерінің өзінде оқу ақылы.

Әлеуметтік төлемдер қысқартылып, тұрғындар жаппай жәрдемақыдан қағылып жатыр қазір. Ал, біздің елде алдағы жылдары 660 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын естігендер, Жолдаудың экономикалық қиындықтарды еңсеруге бағытталған баламасы жоқ бағдарлама екенін мойындайды.


Татьяна Жданок, Еуропарламент депутаты:

Қазақстан қазір Еуразия құрлығында ерекше беделге ие. Бір жағынан Еуразиялық экономикалық Одақпен әріптестікті күшейтіп, екінші жағынан Азиядағы қос алып, ірі геосаяси ойыншылар - Қытай, Үндістанмен байланысты дамытып отыр.

Еуропалық одақпен қарым-қатынасты тереңдетуге күш салып жатқаны тағы бар. Яғни, Президент Нұрсұлтан Назарбаев кейбір мемлекеттердің басшылары сынды атүсті шешім қабылдамай, үнемі барлығын өлшеп, елінің, халқының мүддесін ойлайды.

Әлемде Нұрсұлтан Назарбаев сынды мықты саясаткерлер көп болғанда, бәлкім бүгінгідей проблемаларға тап болмас па едік.


Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Үкіметі жанынан инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған кеңес құру туралы ұсынысы еуропалық инвесторларды одан сайын жігерлендірді.

Батыс Қазақстан облысында 20 жылдан бері кәсібін өрге домалатып отырған Фрэнк Монстри енді Қазақ еліне шетелден қалталылар ағылады және олар жекешелендіру процесіне белсене қатысады, деген пікірде.

Фрэнк Монстри, шетелдік инвестор:

Қазақстандағы инвестициялық ахуал шетелдіктер үшін өте қолайлы. Дәлел ретінде айтайын, біз 20 жыл бұрын «Жайық мұнай» компаниясын ашқанда бар-жоғы 35 адам жұмыс істейтін, бүгінде олардың саны 1000-ға жетті. Сол жылдары күніне 1 мың баррель ғана мұнай өндіретінбіз, қазір тәулігіне 45 мың баррель.

Біз осындай жетістікке ел Үкіметінің қолдауы және жергілікті білімді, білікті мамандардың сапалы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.

Сондықтан, біз тек ұлттық ресурстарды өндіріп қана қоймай, енді экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Әрі, компанияның жеке жоспарларын Қазақстандағы стратегиялық бағдарламаларға сәйкестендіріп, жүзеге асыруымыз қажет.


Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропалық кәсіпкерлер мен халықаралық қаржы ұйымдарын Қазақстанға тартып тұрған алып күш-біздің елдегі тұрақтылық. Көп елдің халқы бір-бірімен қырық пышақ болып, соғысып жатқанда, Қазақстанда 100-ден астам этностың тату-тәтті тұрып жатқанына тәнті бәрі.
Осы береке-бірлік пен «Нұрлы жол» сынды нақты бағдарламалардың жүзеге асырылуы-кәсіби мықты әрі біртұтас мемлекет қалыптастырудың озық платформасы-дейді сақа саясаткерлер.

Ел Тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сынды ұлы құндылықтарды қастерлеп, дәріптеген Қазақ Үкіметі мен халқы кездескен кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына мерзімінен бұрын қосылатынына еуропалық сарапшылар үлкен сенім білдіріп отыр. Жолдау туралы Түркия жұрты қандай пікірде?


Бақытжан Омар, тілші:

Түркияның Қазақстанға деген ықыласы қашанда ерекше болған. Қандай бастама болмасын, Қазақ елін үнемі қолдап жүреді. Өйткені, біздің елдің болашағынан түрік бауырлар үлкен үміт күтеді.

Қазақстанның саясаттағы да, экономикадағы да жасаған қадамдарын әрдайым қорытындылап, Түркияға қолайлы тұстарын түртіп алады. Елбасының биылғы Жолдауы да көпшіліктің қолдауына ие болды.

Әсіресе, Түркияның ұлы ұлттық мәжілісінің депутаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың дағдарыстан шығуға арналған жоспарларын үлгі аларлық деп есептейді.


Хусейн Қожабиік, Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты:

Қазақстан осы бағыттан таймаса, әлемдегі маңызды елдердің бірі болып қала беретініне сенемін. Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар мемлекеттің болашағы зор.

Өйткені, Қазақ басшысы жылсайынғы Жолдауларында әлемде болып жатқан өзгерістерді елеп, елдің даму бағытын айқындайды. Дер кезінде маңызды шешімдер қабылдап жүргенінің арқасында Қазақстан қиын-қыстау кезеңдерде сүрінбей келеді.

Биылғы Жолдауда да халықтың әлеуетін көтеруге үлкен мән берілген. Дағдарысқа қарамастан, бюджет қызметкерлеріне жалақы өсіру, жаңа жұмыс орындарын ашу - құптарлық қадам.


Еліміздегі шағын және орта бизнеске қаржы құйып отырған шетелдік инвесторлардың дені – түріктер. Сондықтан, Жолдауда инвестициялық климатты жақсартуға қатысты берілген тапсырмалар түркиялық бизнесмендерді де қуантып отыр. Іскер топтар енді ірі қалалардан бөлек, шағын шаһарларда да шаруасын дөңгелетпек.

Алааттин Чобан, «Sarar» корпорациясының басқарма басшысы:

Қазақстанда Алматы мен Шымкентте филиалдарымыз бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың инвесторларға қойылған талаптарды жеңілдетіп, жол ашып беруі бізді, әрине, жігерлендірді.

Бұрынғыдай қағазбастылық болмаса, мегаполистерден ғана емес, басқа да қалаларға инвестиция құюға мүмкіндік туады. Бұған дейін біз кімге баратынымызды білмейтінбіз. Енді әр өңірде кеңес құрылса, біздің жүгіміз жеңілдейді.


Қаржылық қыспақ қысқан заманда кез-келген мемлекет дағдарысқа қарсы тұруға дайын болуы тиіс. Қазақстан бұл орайда экономикалық тоқырауға ұрынбас үшін алдын-ала қадамдарға барып отыр. Түрік саясаткерлері мен сарапшыларының ойы осындай. Ел бағыты айқындалды. Ендігі мақсат – Жолдаудағы тапсырмаларды көппен бірге іске асыру.


Бақытжан ОМАР
Нұрсұлу ҚАСЫМ
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу