Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті

06.12.2015
Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті
Онда тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті. Онда тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті Нидерланд еліміздің Батыстағы маңызды серіктестерінің бірі екенін ерекше атады. Өз кезегінде Марк Рютте қараша айында Роттердам қаласында «Астана» алаңының салтанатты түрде ашылғаны елдеріміздің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудың жарқын айғағы екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз осымен төртінші рет кездесіп отырмыз. Менің былтыр Сіздің елге сапарым жемісті болды, оның қорытындыларын мен жоғары бағалаймын. Сіз 2010 жылы Астанада өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатыстыңыз.

Нидерланд Корольдігі біздің елге салған инвестиция көлемі жөнінен ЕО елдері ішінен бірінші орын алады және Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі болып саналады.

Біз Сіздің сапарыңызды екіжақты қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге деген ұмтылыс ретінде қабылдаймыз. Сіздің Нидерланд іскер топтары өкілдерін ерте келгеніңіз де маңызды жайт болып отыр.


Елбасы сондай-ақ, осы аптада Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевты қабылдады. Данияр Ақышев Қазақстан Президентіне қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұлттық валютаның күрт ауытқуына жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде, әрі айналымға номиналы 20 мың теңгелік ақшаның енгізілгені туралы баяндады.

Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған қаржы институттарын басқару, инфляция деңгейін төмендету, тиімді ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелеріне қатысты тапсырмаларды орындау жұмыстары басталғанын жеткізді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу