Елбасы шарапатын көргендер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы шарапатын көргендер

29.11.2015
Елбасы шарапатын көргендер
Олар - сенім деген сөздің ауыр жүгін арқалай жүріп, ауыр дертті жеңіп аяғынан тұрғандар, биікті бағындырып ел мерейін асырған жандар.

«Жақсыдан шарапат», деп жатады біздің қазақ. Президент те адам, әрине өз аурасы, мысы бар, тапқырлығы, сезімталдығы және ерекше. Сол кісінің «мен саған сенемін», деген бір ауыз сөзі кейбір жанның қиялына қанат бітіріп, тіпті өз өмірінде ерлік жасауға жетелеген.

Біз өмірін баяндайтын келесі кейіпкерлерді көріп алыңыз. Олар Президенттің шарапатын көрген. Үш кейіпкер – үш тағдыр. Сенім деген сөздің ауыр жүгін арқалай жүріп, ауыр дертті жеңіп аяғынан тұрғандар, биікті бағындырып ел мерейін асырғандар, сондай-ақ, кіршіксіз сәби көңіл де бар.

Сенім! Біз арқалап жүрген жүктің ең ауыры осы. Барлығын біреуге арта салып, біреуге сеніп жүре берген жақсы-ақ , әрине. Бірақ, салмағы зіл батпан сенім Сізге жүктелгенде қайтер едіңіз?

Инвотаксиден түсіп жатқан Меруерт Сүлейменова. Ол ауыр тағдырымен қоса үлкен сенім арқалап жүрген бүгінгінің батыры. Оқыс жағдайда биіктен құлап мертігеді.

Бұл 1999 жыл болатын. Дәрігерлердің диагнозы да қатал, тіпті өмір сүрмейді деп болжаған. Меруерт ертеңі үшін күресті. Оның жазған хаттары, Меруерт туралы шыққан мақалалар Президентке жетті.

Меруерт Сүлейменова, «Нұр Отан» партиясы, Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі:

Сол мақала Елбасының қолына түсіп, менің бақытыма орай Елбасының тапсырмасымен Германия елінде емделуге мүмкіндік алдым. Емделіп келгеннен кейін партияның 12-сьезінде жүрекжарды алғысымды айтайын деген ұсыныспен Ақордаға хат жазған болатынбыз.

Меруерт 2009 жылы өткен «Нұр Отанның» 12-сьезіне қатысады. Көпшілік үшін бұл кезекті жиын шығар, бірақ, ол үшін тағдырдың тартуы.

Меруерт Сүлейменова, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі:

Салтанатты шарада аяғыма тік тұруға сіздің сіңірген еңбегіңіз орасан, деп білемін. Сіздің маған деген ниетіңіз бойыма жігер құйып, өмірге деген сүйіспеншілігімді арттырды. Сіз маған үлкен мүмкіндік бердіңіз.

Меруерт Сүлейменова, «Нұр Отан» партиясы, Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі:

Мен үшін ұмытылмайтын сәттердің бірі. Сөйлеп болғаннан кейін толқу бар, үлкен бір әсердің үстінде тұрған сәтте Мәжілістің депутаты келіп, жақсы сөйледіңіз, енді алдыға қарай жүріңіз, Елбасымен кездесуге болады деген сәтте көп толқынмен бірге алдыға қарай жүрдік. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев жаңағы айтқан сөздеріңе рахмет, мен саған сенемін, жастарға үлгі болуыңды жалғастыр деген еді.

Өмір тосын сыйларға толы. Биіктен тастап жіберген тағдыр - енді оны қайта биікке көтерді. Мүмкін, он екі мүшесі сау болса, ол қарапайым маман болып, қоңыр тіршілігін кешіп жүрер берер ме еді? 9 жыл төрт қабырғаға қамалып отырған жанның болашағын бір ауыз сөз өзгертті. Ол – өзіне артылған сенім жүгі еді.

Меруерт Сүлейменова, «Нұр Отан» партиясы, Алматы қалалық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі:

Өмірімде болып жатқан сәттіліктер, жақсылықтар тікелей сол «Нұр Отан» партиясының 12-сьезімен тікелей сол сьезден кейін Елбасымен кездесумен байланысты деп ойлаймын.

Журналистика факультетін бітіріп, одан кейін талай жарыққа шығара алмай жүрген «Мен өмірді сүйемін» бағдарламасы жарыққа шықты. Оның сыртында «Мен өмірді сүйемін» деген қоғамдық қор аштым. Қызымды дүниеге алып келдім.


«Дәл өзіңдей қайдан ұқсын қайғымды ел». Дәл Меруерттей мүгедек жандардың мүшкіл хәлін түсінетін адам кемде-кем. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Алматыда соңғы екі жылда мыңнан аса тағдырласы жұмыс тапты.

Рухың асқақ, жаныңның түкпірінде иненің жасуындай жарық болса, алынбайтын қамал жоқ екен. «Мен саған сенемін», деген Елбасының бір ауыз сөзі оны осы күнге дейін қанаттандырып келеді. Әріптестері оны чемпион дейді, өйткені Меруерт ауыр тағдырымен күресіп, оны үнемі жеңумен ғана келеді.

Чемпионның чемпионы мына жігіт. Серік Сәпиев. Басқасы-басқа, спортшылар «бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген сөзді жақсы түсінеді. Біз өмірді қамшының сабындай қысқа дейміз, ал спортшының карьерасы ше? Одан да қысқа.

Уақытында жасындай жарқ етпесең, спорт аламаны саған екінші рет мүмкіндік бермейді. 2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы. Серік ұтылып қалды. Халқы «алтын» күткен. Бірақ, күтпеген жеңіліс.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» командасының бас директоры:

Мен осымен боксты қоямын деп ойладым. Кәсіпқой бокс па, әйтеуір басқа жаққа кету туралы ғана ой болды. Ұзақ уақыт жаным күйзеліп жүрді. Тән бәріне шыдайды ғой, бірақ жанымды жегідей жеген осы жеңіліс болды.

Бейжің Олимпиадасынан кейін Елбасы әдеттегідей спортшыларды құттықтады. Барлығы естелік суретке түсті. Мына кадрды қараңыз, Серік өзін кінәлі сезініп, шетке ығыса берді. Тіпті жүлдегерлермен қатар жүргеніне де қысылды.

Мұндай жиындар әдетте протокол бойынша өтеді. Бірақ, Президент фотаға түсу рәсімі аяқтала сала Серікке өзі барды. Арқасынан қағып, ақылын айтты.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» командасының бас директоры:

Бұл өте ауыр сәттер еді. Өксіп жылағым келді. Өмір осымен тоқтап қалғандай болды. Бірақ, мені сабырға шақырған, қиын сәтте қолдаған Президент еді. Мен оның үмітін ақтауға барымды салдым.

2012. Лондон олимпиадасы. Соңғы шайқас. Соңғы мүмкіндік. Төрт жыл табан ет, маңдай тердің өтеуін өтейтін кез. Алаң иесі, британдық Фредди Эвансты 17:9 есебімен ұтты. Сенім ақталды.

Мына кадрды тағы да қайталап көрейік, реферидің ескертуін де, ишарасын да елең қылмаған Серік көк Туды жамылып, рингті айнала жүгірді. Еліме алтын әперемін, деген уәдесін орындады. Қазақтың Әнұранын әлем тыңдады.

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» командасының бас директоры:

Олимпиадаға дайындалғанда да Президенттің бір ауыз сөзі маған қуат берді. Елімнің байрағы көтерілді. Әнұраны айтылды. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәттер.

Туған-туыстарым, жаттықтырушым үшін қуандым. Ең бастысы, берген уәдемде тұрдым. Саған сенемін, жеңесің деп еді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының осы сөзін балаларыма да айтып жүретін боламын.


Алтын жауған Олимпиада! Лондондағы спортшылардың еңбегі кейін осылай бағаланды. Жалпы командалық есепте 12-орын. Әдеттегідей, Президент жеңімпаздарды құттықтады. Команда капитаны Серік Сәпиев Мемлекеттік Туды ұстап шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін мен оны қолдадым. Себебі, сендім. «Серік, келесі Олимпиадада жеңіске жетесің»,-дедім. Ол сенімді ақтады. Жарады!


Бұдан артық қандай баға керек, спортшыға. Серік әлі де Елбасының сенімін ақтап келеді. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып қайтты. Қазір «Astana Arlans» клубының директоры.

Жас спортшыларды дайындайтын мектептер ашып, қазақстандық бокстың дамуына үлес қосып жүр. Сенімді ақтау бар да, сол сенімге ие болу бар. Оның жүгі одан да ауыр. Мыңдаған, миллиондаған адам сізге тағдырын сеніп тапсырса қалай болар еді?

Айнұр Омар, тілші:
Ақорда мен «Ханшатырдың» арасын жалғап жатқан Нұржол бульвары бұл. Екеуінің ара қашықтығы 2 шақырымдай жер. Келесі кейіпкеріміздің оқиғасы менің жүрегімді дір еткізді. Сауда орталығында жүріп анасынан адасып қалған кішкентай Асқар «атамның үйіне барамын», деп Ақордаға тура тартыпты. Сәбидің сенімі мен сезімі оны алдаған жоқ.

Астана түні. Асқардың ата-анасы Алматыдан келген қонақтарды осы бульвармен қыдыртып, Ақордаға дейін барады.

Мәдихан Өсербеков, Асқардың әкесі:
Ақорданың алдында тұрып, балам «мынау кімнің үйі», деді. «Бұл Президент атаның үйі», дедік. «Ол кімнің атасы?», «ол сенің атаң». Сонымен, ары қарай кете бардық. Содан ертеңінде адасып қалды. «Ханшатырдан» көп іздеп, таба алмадық.

Ол кезді Асқар ұмытқан жоқ. Бізге қалай жеткенін қайталап көрсетіп берді. Адастым деп көп ойланбаған. «Ханшатырдан» қарасаң, Ақорда қол созым жерде тұрған сияқты.

Жүгірген бойда Ақорданың үлкен қақпасының алдына барды. Бұл есік аса құрметті меймандар келгенде ғана ашылады. Ол суық темірден ұстап біраз тұрды. Ішінен атам шығып қалса, бірге жүріп әңгімелессек деген бала қиялы.

Асқар Инаят, оқушы:
Мынау - Ақорда. Нұрсұлтан Назарбаевтың үйі. Ол бәрінің атасы. Мен ойладым, Нұрсұлтан Назарбаевпен, атаммен сөйлесейін дедім.


Кішкентай балақайды патрульдік полиция бірден байқайды. Қасына барып жөн сұрайды. Бәлкім қорыққаннан, бәлкім қуанғаннан Ақорданың темір қоршауын тас қылып ұстаған оның кішкентай қолдары қарысып қалыпты.

Мәдихан Өсербеков, Асқардың әкесі:

Кешкі бестің кезінде Ақорданың алдындағы патрульдер телефон шалды. «Балаңыз табылды, «Ақорданың алдына атама келдім», деп айтты,-деп. Міне, осындай оқиға болды.

Асқардың ата-әжесі ауылда тұрады. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты туған атам деп қабылдайды. Үлкен қалада адасқан баланы бірден атасының үйіне жетелеген бір ғана нәрсе болатын. Бұл –сәбидің ертеңіне деген, адасқанға жол да, жөн де сілтейтін ел басқарған ағасына деген кіршіксіз сенімі еді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу