Анталияда «Үлкен жиырмалыққа» мүше ел басшыларының басын қосқан саммит басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анталияда «Үлкен жиырмалыққа» мүше ел басшыларының басын қосқан саммит басталды

15.11.2015
Анталияда «Үлкен жиырмалыққа» мүше ел басшыларының басын қосқан саммит басталды
Күн тәртібінде тек экономикалық тақырып қана емес, халықаралық терроризм мен экстремизм және босқындар мәселесі де қарастырылады.

Осыдан тура бір жарым сағат бұрын Анталияда «Үлкен жиырмалыққа» мүше ел басшыларының басын қосқан саммит басталды. Биылғы саммит бұрынғыларынан өзгерек. Себеп, күн тәртібінде тек экономикалық тақырып қана емес, халықаралық терроризм мен экстремизм және босқындар мәселесі де қарастырылады.

Бұл жиынға тек Франция Президенті Франсуа Олланд келген жоқ. Есесіне, күні кеше осы елде болған террорлық актіні саммитке келген басқа елдердің Президенттері тілге тиек етпек. Сонымен, саммите тағы қандай тақырыптар талқыланады?

Бақытжан Омар, тілші:

«Үлкен жиырмалық» елдерінің саммиті бүгін түс ауа басталды. Әр жиында әлемдік экономиканы ғана талқылайтын алып мемлекеттер биыл алғаш рет терроризм мен экстремизм және босқындар мәселесін көтерді.

Париждегі қанды оқиғадан кейін лаңкестікпен күрес күн тәртібінің басты тақырыбы ретінде қарастырылғалы отыр. Бүгін Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған саммит алдында АҚШ Президенті Барак Обамен екеуара кездесіп, терроризммен күрес жолдарын талқылады.

Қос ел басшысы «Париждегі террактілер Францияға емес, күллі адамзатқа жасалып отырған қастандық», деді. Президенттер лаңкестікпен күресті «Үлкен жиырмалық» елдері жеке-жеке емес, бірігіп жүргізу керектігін де тілге тиек етті.


Джон Киртон, Торронто университетінің саяси сарапшысы:
Париждегі содырлардың шабуылы барлығымызға ой салды. Бұл шектен шығу. Қазір әлем назары Анталияға ауып отыр. Террормен күреске қатысты қандай да бір нақты шешім қабылданады деген үміт бар. Анкарадағы лаңкестік әрекеттен небәрі 1 ай өткенде, Парижде қан төгіліп отыр. Күресті күшейтетін уақыт келді.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:
Париждегі оқиға баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Бұл жағдай терроризммен күресте күш біріктіруге уақыт келгенін дәлелдеді. Жақын арада БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі реформаланады.

Өйткені, 20 жылдан бері ешқандай өзгеріс болмаған. Жаңа жоспармен біз лаңкестіктің тамырына балта шабамыз. Әлем қауымдастығы жүргізіп отырған саясат нәтиже бере бастады. Оған Сириядағы келісімшарт дәлел.


Жиында көтерілгелі отырған тағы бір мәселе – босқындар мәселесі. Саммит басталмай тұрып, Канада Премьер-Министрі Джастин Трюда қаңтардың 1-не дейін 25 мың босқынды қабылдайтынын мәлімдеді.

Бұл жаңалықты көпшілік қуана қабылдады. Алайда, мәселе мұнымен шешіле қоймайды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елдеріндегі соғыстан жан сауғалап қашқан азаматтарды ең көп қабылдаған Түркия мен Сауд Арабиясына жан-жақты қолдау көрсету керектігін айтты.

Бүгін яғни, саммиттің алғашқы күні «Үлкен жиырмалық» тобы жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатыр. Соңынан терроризммен күрес мәселелін көтереді. Нақты шешімдер ертең қабылданады деп күтілуде.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу