Осы аптада Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық делегат жиылып, инновация әлеміндегі жаңалықтармен бөлісті.
Алдағы 5 жылдың ішінде Қазақстан ЖІӨ-і инновациялық өнімдердің деңгейін 2,5 пайызға арттыруды мақсат етеді. Әрі, Орталық Азиядағы инновациялық хабқа айналуды көздеп отыр.
Осы аптада Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық делегат жиылып, инновация әлеміндегі жаңалықтармен бөлісті, отандық мамандармен бірлесе дағдарысқа төтеп берудің тиімді тетігін іздеді.
Қазір әлем «ерекше кезеңді» бастан кешіп отыр. Сарапшылар тілімен, «нью нормал», біздіңше «жаңа қалыпты жағдайдамыз». Яғни, бұрын сіз бен бізге оғаш саналатын дүниеге қазір таңқалмаймыз. Етіміз үйреніп кетті. Ал, дағдарыс жаһан жұртын - дамудың жаңа үлгісін табуға түрткілеп отыр. Бұрынғы механизмдер ескірді. Жаңа кілт – инновацияда.
Каушал Чокши, «Scaale Group» венчурлық қорлар тобының президенті:
Қазақстан ақпараттық технологияларды дамыту жөнінен аймақта лидер бола алады. Сіздерде технологияны дамыту үшін инфрақұрылым, білім жүйесі, қолайлы бизнес климат бар.
Менің ойымша, Қазақстан инновациялық хабқа айналсын десе, сіздерге шетелдің білікті мамандары мен технологиялары қажет. Бұл елдегі инновациялық даму процесін жеделдетеді.
Қазір Қазақстанның инновацияға көңіл бөлгені құптарлық таңдау. Өйткені, инновация – дамудың дұрыс бағдары, деп білемін.
Инвестиция әлемінде Каушал Чокшиді танымайтын адам некен-саяқ. АҚШ азаматы - атақты инвестор. Сол секілді инновация мен инвестицияның иіріміне қанық 45 мәртебелі мейман мінберде кезек-кезек сөйледі.
Қазақстанның инвест-климатына қанықты, ақыл-кеңестерін айтты. Мәселен, белгілі бестселлер авторы Брент Купердің пікірінше, жоба авторларының жиі жіберетін қатесі – нарықты зерттемеуі.
Брент Купер, жазушы:
Идея бар. Жаңа ойлар туа береді. Ол жақсы. Бірақ, стартап иелері ойлап тапқан дүниесінің тұтынушыға керегі бар ма, алдымен, соны анықтап алуы керек. Сонда ғана, жобасы жемісті болады.
Дағдарыстың тек теріс салдары болмайды. Экономика тұрақсыз кезде – ыңғайлы орынға тұрақтауға көмектеседі. Жаһандық саясат пен экономикада өзіңнің ықпалыңды өсіруге итермелейді. Үлкен мейлі кіші болсын дағдарыстың қаупі жоқ емес, мүмкіндігі басым бірақ.
Мүмкіндікті өндіріске енетін инновация береді. Қолайсыз климат, жер қашықтығы, халықтың аздығы – экономикалық түйткілді шешуге – қолбайлау емес. Бұл сылтау. Оған әлемде мысал жетеді. Адамы аз, территориясы ұлан ғайыр Австралия мен Канада, ал, керісінше халқы көп, бірақ жері жетпейтін жапон жұрты дамыған елдердің көш басында. Инновацияның арқасы.
Реймонд Чавез, «GPC Group» дамыту бағдарламасының бас директоры:
Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Америкада отырып, сіздің Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елде атқарылып жатқан игі істерге куәміз.
Сондай маңызды шараның бірі - осы инновациялық форум деп айта аламын. Техконнект конгресі аясында қазақстандық стартап жобаларға қанықтық. Инвесторларды елең еткізетін идеялар көп.
Болашақтың энергиясы – әлемнің болашағы. Күллі адамзаттың тағдыры энергияны тұтынумен тікелей байланысты. Энергетиканың келешегі жаңа, не болмаса баламалы энергия көздерін іздеумен ғана шектеліп қоймайды. Бізге экологиялық инновациялар керек.
Грациэлла Чичилниски, Колумбия университетінің экономика профессоры:
2017 жылы Астанада өтетін EXPO халықаралық көрмесінің таңдаған тақырыбы өте өзекті. Біздің болашақ Күн, жел энергияларына тәуелді. Киоттық хаттаманың діттегені энергияның баламалы көздерін табу.
Мысалы Қытай, атмосфераны зиянды қалдықтардан тазартатын технология ойлап тапты да, миллиардтаған долларын сақтап қалды. Дәл қазір Қазақстан үшін де сондай мүмкіндік бар.
Рас, Қазақстанда инновацияны қолдаудың заманауи инфрақұрылымы қалыптасып жатыр. Яғни, өнертапқыш идея ұсынады, ал мемлекет оны өндіріске енгізгенге дейін демейді. Ойға келіп, нобайы қағазға түскен ноу-хаулар жетеді.
Мысалы, 2010 жылдан бері, біздің Үкімет бас-аяғы 4 мыңдай жобаны сүзгіден өткізіпті. Соның 600-н қолдап, өндіріске енгізген. Инновациялық технологиялар паркі мен арнайы экономикалық аймақ - сол жобалардың айғағы.
Енді Қазақ Үкіметі АҚШ-тың әйгілі «кремний алқабындай», төл «индустриалды паркіміз» болса деп армандайды.
Санжар Кеттебеков, «Инновациялық технологиялар паркі» автономдық кластерлік қорының бас директоры:
Алматыдағы инновациялық технологиялар паркі 8 жылдан бері бар. Бірақ, ресми түрде биыл сәуір айында қызметіне кірісті. Аз уақыт ішінде бірқатар инноваторларды жинадық.
Аймақта қазір 150-ден аса компания бар. Жақсы дамып жатыр. Қазір біз жаңа бағытқа көштік. Ол бойынша сәтті стартаптарды таңдап, паркке шоғырландырмақпыз. Бұл әрине, бір жылдың шаруасы емес, уақыт керек.
Ғылым тауып мақтанып, орын тауып шаттанып тұр. Өйткені, қай-қайсының да өнімі өзінікі. Форум аясында отандық және шетелдік 150-ден астам стартап жобалардың көрмесі өтті.
Көптің назары түскен дүние 3D форматындағы принтер. Ал, алматылық стартапер кітаптағы тілсіз бейнені арнайы мобильдік қосымша арқылы дыбыстауды ойлап тапқан.
Расул Абдуллаев, өнертапқыш:
Кішкентай балалар кітапты оқи алмайды. Ал, мына құрылғы арқылы даусын шығарып, кітапты түсінуге болады.
Айтпақшы, осы Техконнект инновациялық конгресіне жер жаһаннан 312 жоба өзара жарысқа түсті. Іріктеліп, үздік 10 стартап жоба финалға шықса, соның үшеуі отандық өнертапқыштар ойлап тапқан құрылғылар.
Жеңімпаз атанған қазақстандық жоба. Рүстемнің қолындағы «Вайпон» қосымшасы арқылы тек алкогольдік өнімнің ғана емес, жақында дәрі-дәрмек, азық-түліктің түпнұсқасын оп-оңай анықтайсыз. Нарыққа керек дүниені ойлап тапқан компанияға 25 мың доллар сыйақы берілді.
Рүстем Сұлтанмұратов, компания директоры:
Мұның негізгі функциясы - сканерді іске қосып, тауардың кодын сканерлеп, оның түпнұсқалығы туралы ақпар беру.
Бұдан бөлек, түрлі аталымдар бойынша да өзара жеңімпаздар анықталды. Инновация тақырыбына қалам тербеп жүрген БАҚ өкілдері мен жас ғалымдардың байқауы қорытындыланды, үздіктер марапатталды.
Дана Ақылбекова, «Үздік жас ғалым» аталымының жеңімпазы:
Менің жаңалығым медицина саласына қатысты. Яғни, қант диабетімен ауыратындар күніне 5-6 рет инсулин қабылдайды. Біздің зерттеуіміз бір ғана екпе егіп, жарты жылға дейін инсулин қажет етпейтін әдіс. Әзірге зерттеу жүріп жатыр. Жұмысым міне, қолдау тапты.
Инновацияға бұрын-соңды бөлінбеген көңіл керек. Бізде жақсы жобалар көп, бірақ басым бөлігі шикі болып жатады. Технологиялық тұрғыдан әрі бизнес бағыты бойынша.
Қазір ашық нарық кезінде, жоба алдымен посткеңестік кеңістікте бәсекеге қабілетті болуы керек. Сонда ғана Қазақстан жаңа жаһандық инновациялық хабқа айналады.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ