Президент кездесу барысында елдің Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен және осы елдің іскер топ өкілдерімен екіжақты келіссөздер жүргізді.
Қазір халықаралық қоғамдастық үшін сын сағат. Әлем экономикасы әрі-сәрі күйде тұр. Дағдарыстың нақты қашан, қалай аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Тек қарманғанның қарап қалмайтынын білетіндер ғана қимылдауда.
Соңғы кездері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дамылсыз сапарлары, бір елден келе салып, екінші жұртқа асығуының сыры да осында. Мұнай мен металл бағасы бар тұста, инвесторлар Қазақстанға өздері кезекке тұратын. Қазір олай емес. Қысылтаяң кезде инвестор да оңайлықпен қалтасындағы қаржы шығармайды. Ал, инвестиция тартудың төте жолы, олармен жүзбе-жүз кездесу.
Осы аптада Президент әлемдік саясат пен экономикада шешуші рөл атқаратын Ұлыбританияға барып, ағылшындық алпауыт компаниялармен көлемі 13 миллиард доллар болатын инвестициялық жобаларды бекітті. Аз ақша емес, әрине. Қаржы қайда, қалай жұмсалады? Оның отандық экономикаға әсері қандай болмақ?
Ғабит Бөкенбай, тілші:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания Біріккен Корольдігіне сапары сәтті өтті. Қазақстан мен Британия арасында жалпы құны 13 миллиард долларды құрайтын 46 құжат бекіді.
Қыруар қаржыға Қазақстанда жолдар салынады, Астанаға газ тартылады, Алматыда фармацевтика зауыты ашылады және мемлекеттік қызметкерлер оқытылады. Сонымен қатар, екі ел іздеуде жүрген қылмыскерлерді бірлесе ұстайтын болып келісті.
Ұлыбритания – Қазақ елінің сыртқы саясаттағы басты стратегиялық серіктесі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Ағылшын аралына жасаған 9-шы сапары дәлел. Лондон орталығындағы Даунинг Сриттегі нөмір бірінші үй Британия Үкіметінің ресми резиденциясы.
Үй иесі Дэвид Кэмерон Қазақстаннан келген қонақты сырттан күтіп алды. Тілшілер алдында сәл кідірген екі ел басшылары нөмір 10-шы есіктен ішке енді. Келіссөздер кезінде қазақ-ағылшын арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің жайы әңгіме болды.
Елбасы Британ жағының шақыртуын жоғары бағалады. Екі жыл бұрын Дэвид Кэмерон Қазақстанға келген. Кэмерон мырзаның бұл қадамы екі ел арасындағы байланысты бұрынғыдан да баянды ете түсті. Бұл Ұлыбритания Премьер-Министрлерінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Алматыға Маргарет Тэтчер келіп, Елбасымен кездескен еді.
Сыртқы істер министрлігінде өткен шараға Британның бизнес элитасы толық қатысты. Президент кәсіпкерлер алдында жас мемлекеттің қысқа уақытта жеткен жетістіктерін сөз етті. Жалпы, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Елбасы «5-реформа» мен «100-нақты қадам» инвесторлардың Қазақстанда еш уайымсыз кәсіппен шұғылдануына кепіл болатынын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз сіздерден бірдеңе дәметіп келген жоқпыз. Біздің бір өтінішіміз бар. Қазақстанға келіп, бірлесе бизнес жасап, өздеріңізге тиесілі қаржыны алып кетулеріңізді ғана сұраймыз. Ол үшін біз сырттан келетін бизнесмендер үшін өте жақсы жағдай жасап отырмыз. Осындай мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін Қазақстанға шақырамын.
Қазақ лидерінің бір ауыз сөзі британдық бизнесмендерінің көңіліндегі күдікті сейілтті. Өйтпесе, әр қадамын аңдып басатын ағылшындар құны 13 миллиард доллардың келісіміне қол қоймасы анық.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, Ұлыбритания біздің елге 12 миллиард доллар инвестиция салды. Ал, Қазақстан өз кезегінде Британияға 5,5 миллиард доллар қаржы құйды. Егер мемлекеттердегі адам санына шақсақ және Ұлыбританияның мүмкіндігін ескерсек, біз инвестиция құю жағынан алда келеміз. Қалыс қалмауға шақырамын.
Британдық әріптестер ел ішіндегі жол құрылысына өз үлесін қосады. Ауыл шаруашылығы, медицина, ғарыш саласында да екі ел күш біріктіреді.
Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:
Ұлыбритания Үкіметі 2017 жылы Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне қуана-қуана қатысады. Сондай-ақ, Астананың халықаралық қаржы орталығына айналуына біз жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Мұнай-газ, қаржы секторы және білім беру салаларында байланыстарымыз өте терең. Біздің елдер арасындағы байланыс жоғарыда айтқан салалармен шектелмеуі тиіс. Қазақстан мен Британия арасындағы ынтымақтастықтың болашағы өте зор дегім келеді.
Қазақ жұрты үшін үлкен маңызға ие келісімнің бірі Астананы және орталық өңірлерді газдандыру. «ҚазТрансГаз» ағылшын қаржысына «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдік желісінен Астанаға дейін «Сарыарқа» газ құбырын тартады.
Инвесторлар жол-жөнекей Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Астанада қуаты 400 МВт болатын 4 газтурбиналық электр станциясын салады. Жоба құны - 3 миллиард 100 миллион доллар. Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын тек қазақстандық компаниялар орындайды.
Тобиас Элвуд, Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Қазақстан – бұл мүмкіндіктер мекені. Жалпы, еуропалықтардың сіздердің елдеріңіз туралы көзқарасын өзгертетін кез жетті. Қазақстан жасаған бетбұрыстар таң қалдырады. Қазақстан - Орталық Азия ғана емес, жаһандық саясатта белгілі ойыншыға айналды.
Қазақстан Тәуелсіздік жылдары өз экономикасына 250 миллиард доллар инвестиция тартқан ел. Ұлыбритания бұл тізімде 4-орында тұр. Екі ел арасындағы байланыс тек экономикалық саламен шектелмек емес. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дэвид Кэмерон мемлекеттік қызметті реформалау саласында да тәжірибе алмасатын болып келісті.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
«Ньютон-әл-Фараби» деген қаржы қоры бар. Сол қордан бізге 10 миллион фунт ақша беріледі. Ол ақшаға біріккен ғылыми жобаларды қаржыландыратын боламыз.
Асхат Дауылбаев, ҚР Бас прокуроры:
Біз Ұлыбританияның Ұлттық экономикалық қылмыспен күрес қызметімен келісімге қол қойдық. Жемқорлық, кірісті жасыру, экономикалық қылмыспен күрес секілді салаларда екі ел қызметкерлері қоян-қолтық жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы уақыттың тығыздығына қарамастан, БАҚ өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жерді барлау мәселесі бойынша бұл елдің өте озық технологиясы бар. Біз қазір 1-2 шақырымда жүрміз. Бұлар өте тереңде Қазақстанның қазбалары қанша екенін, біздің қорымызды көбейтетін жағдайлар жасайды.
Еуропа Қайта құру және даму банкі еліміздегі жол құрылысына 1 миллиардтан астам қаржы бөледі. Түрлі саланы қамтыған құжаттарға Қазақстан жағынан Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев және Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков қол қойды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Біз екі банкпен келісімге келдік. Ол ақшаға жол инфрақұрылым салынады.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Ұлыбританияның Сауда және инвестициялар министрлігімен құны 3 миллиард долларға шақ келетін, 14 келісімді бекітті. Ағылшындық әріптестер ел үкіметі жариялаған мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру үрдісіне қатысуға мүдделі.
Сэр Ричардс Эдванс, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ тәуелсіз директоры:
Қазақстан экономикасын «ұйқыда жатқан алып», деп суреттер едім. Қазақстанның дамуына негіз болатын үш сала бар. Мұнай-газ, ауыр өндіріс және ауыл шаруашылығы. Шикізат құнсызданған кезде, ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері бола алады.
«Shell», «Hikma Pharmaceuticals», «Rio Tinto», «Арселор Миттал» компанияларының басшыларымен Елбасы жеке-жеке жүздесті. Нұрсұлтан Назарбаев Лакшми Митталға қиындыққа қарамастан, жұмыс орындарын сақтап қалуды тапсырды. Ол өз кезегінде, Қазақстанда шетелдік инвесторларға жасалған қолайлы жағдай үшін алғыс айтты.
Бен Ван Берден, «Shell» концернінің Бас атқарушы директоры:
Алдымен, мен Президенттеріңізді Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтадым. Сондай-ақ, «Shell» компаниясының Қазақстандағы болашағы жөнінде де пікір алмастық. «Shell» компаниясының «Қарашығанақ» жобасына инвестиция тарту және Астананы газбен қамту мәселесін талқыладық.
«Ұлыбритания Премьер-Министрлері келеді-кетеді, ал Ротшильдтер мәңгі қалады». Ағылшын аралында Ротшильдтер әулетіне қатысты қалыптасқан тәмсіл осылай дейді. Жалпы, жаһандық қаржы секторының белді ойыншысы Лорд Джейкоб Ротшильд Нұрсұлтан Назарбаевты құрметті мейман қылды. Екеуара кездесу кезінде тараптар Астанада құрылуы жоспарланған қаржы орталығы туралы ой бөлісті.
Лорд Джейкоб Ротшильд, «J Rothschild Capital Management» компаниясының төрағасы:
Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен екі мәселе бойынша пікір алмастық. Біріншіден, жер жүзіндегі өзгерістер төңірегінде ой бөлістік. Екіншіден, қалыптасқан жағдайда, біз қалай бірлесе жұмыс істейміз деген сұрақтарға жауап іздедік. Бұған дейін біз Қазақстан және сіздердің Президенттеріңізбен көп сала бойынша әріптестік орнаттық.
Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен. Сондай-ақ, Астанада халықаралық қаржы орталығын құру үшін нақты қадамдар жасауда. Менің ойымша, бұл Қазақстанның қолынан келетін шаруа.
Бұдан соң, көптеген тарихи шешімдердің куәсі болған «Spencer House»-та салтанатты ас берілді. Әлемнің бизнес элитасына баланатын «Royal Dutch Shell», «British Gas Group», «Barclays Bank», «Vitol Group», «De La Rue» және «Glencore» секілді алпауыттардың құрылтайшылары қазақстандық делегациямен бір дастарханда басында жаһандық мәселелерді талқылады. Осы бөлмеде отырған меймандардың жиынтық байлығы 500 миллиард доллардан астам.
«Букингем» сарайы. Бұл Лондонның басты ғимараты. Ұлыбритания билігінің стратегиялық нышаны ІІ Елизавета Қазақстан Президентінің құрметіне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
XVIII ғасырдан бері Ағылшын монархтары ең сыйлы меймандарын осы жерде қарсы алады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаеваны патшайым өзі күтіп алды.
Салтанатты сапқа тұрғызылған «неймеген» полкінің жетекшісі «қарауыл сапқа тұрды және құрмет көрсетуге дайын» деп, Ел Президентіне қазақ тілінде есеп берді.
Кездесу кезінде Елбасы ІІ Елизаветаға Британияға сапары туралы әңгімелеп берген. Ал, Ағылшын патшайымы мұндай кездесулер екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі, деп сенім білдірген.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Филип Хэммондпен кездесті. Тараптар екіжақты әріптестіктің әлеуетін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-Министрі Тони Блэрмен де кездесті. Блэр мырза Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасының орындалуын тілге тиек етті.
Ғабит БӨКЕНБАЙ