Алматы өңірі Алатаудың ақиығы Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы өңірі Алатаудың ақиығы Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойын тойлады

25.10.2015
Алматы өңірі Алатаудың ақиығы Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойын тойлады
«Бөрілі байрақ астында — Бөгеліп көрген жан емен! Бөрідей жортып кеткенде, Бөлініп қалған жан емен! Бөрілі найза ұстаса, Түйремей кеткен жан емен! Бөрілі байрақ құласа, Күйремей кеткен жан емен!» Сүйінбай ақыннан қалған жауһар жырдан үзінді бұл. Осы аптада Алматы өңірі Алатаудың ақиығы Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойын тойлады.

Жыр жүйрігінің жерлестері, елдің түкпірінен бұрған қалың жұртшылық бір жұма бойына, жыраулардың термесін тыңдап, құлақ құрышын қандырды. От тілді, орақ ауызды небір дүлділ ақындардың айтысын тамашалады. Мемлекет басшысы да ұлық ақынның мерейлі белесі құтты болсын деп, дүйім жұртқа арнайы хат жолдады. Президентіміз абадан ақын жайлы «Уақыт жылжып, заман алға ұзаған сайын, есімі ел есінен ұмытылудың орнына, қайта туған халқына жақындай түсетін ұлы тұлғалар болады. Сондай сүлейлердің бірі – Сүйінбай»,-деп баға берді.

«Айтыс» десе, ең алдымен ауызға Сүйінбай келеді. Себебі, дәл Сүйінбайдай шашасына шаң жуытпаған, сөзден жеңіліс тауып көрмеген, табан астында жауап табар тапқыр, шешен ақын тарихта жоқ. Сүйінбай алмағайып заманда ғұмыр сүрді. Ол сол дәуірдегі қазақтың рухын жалынды жырларымен көтермелеп, намыстың құлауына жол бермеді. Ұлттың есесі кеткен жерде, өзі де атқа қонды. Халық оны дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп, жалтармай өткен батыл да, әділ сыншылдығы, шыншылдығы үшін жақсы көрді.

Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы:

Сүйінбайдай ақиық ақын болған жоқ. Сүйінбай дүниеге келген кез астаң-кестеңі шығып жатқан, дәстүр тапталған, қоқан-қоқаңдаған, Ресей жаншыған қазақ әбден есеңгіреген кез еді. Көрінген би болған, игі жақсылар мансұқ еткен кез еді. Осыны көзімен көріп өскен Сүйінбай тез жетілді. Сүйінбай ақын ғана емес ол халықтың санасы еді.

Міне, айтыс өнерінің ақиығы Сүйінбай туралы аз-кем тарих осылай дейді. Тойға келсек енді. Аптаның басында, Алматыда «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты үлкен жиын өтті. Басқосуға отандық ғалымдардан өзге, Түркия, Ресей, Қытай сынды елдердің философ, әдебиетшілер де келді. Бабамыздың жыр-шумақтары бұл елде кітап болып басылып, талайды таңдандырған екен.

Хуаң Жоңшяң, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы ұлттар әдебиеті институтының профессоры:

Оның жырындағы әрбір шумақ бір философиялық кітапқа татиды. Ол – нағыз саңлақ ақын. Қытай әдебиетшілері әлі қозғай қоймаған талай дүниені қопарып тастапты. Ол – данагөй.

Осы жиында, арқалы ақынның кең тынысты эпикалық шығармалары мен айтыстары жинақталған «Сүйінбай Аронұлы» атты қос томдықтың тұсауы кесілді.

Сүйінбай - айтыстың асқақтауына, тарихымыздың толығуына талай үлес қосты. Тарих демекші. Алатаудың бұл ақиық ақынын ең алғашқы пантүркист санайтын ғалымдар бар. Ол осыдан мың жыл бұрын ұмыт болған, түгел түріктің ұраны – «Бөрілі байрақты» қайта өмірге әкелді.

Нағашыбек Қапалбек, жазушы:

Сүйінбайдың бір ерекшелігі – ол түркішіл ақын болған. Бүкіл дастандарды жатқа білген. «Бөрілі менің байрағым, бөрі басы ұраным», деп айтқан. Сондықтан, біз осы Сүйінбай түркі әлеміне таныту үшін халықаралық ұйымға хат жазып, сүйінбай жылы деп, жариялады. Күнтізбеге кіргізді.

Жыр сүлейі – Сүйінбайдың 200 жылдық мерейтойының негізгі бөлімі – туған өлкесі Қарақыстақта өтті. Тағылымы мол бұл той нағыз қазақы нақышта өтті. Айтыста болды, ас та берілді. Жыршы-термешілер сайысы өтті.

Нұрлан Оразалин: ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы

Сүйекең, ел жадында, халықтың санасында қуаты мықты, парасаты терең, салмақты сөздің, ақберен ақындықтың қайталанбас тұлғасын жасаған адам ретінде қалады. Ал, енді Сүйекеңнің 200 жылдық қарсаңында қанша шара болып жатыр. Мұның ұрпаққа өнеге берер сипаты бар шара.

Дүлділ ақынның атын алған үлкен мұражай бар-ды. Торқалы тойға келгендер әуелі осы музейге бас сұқты. Жұрт, Сүйінбай дәуірін бір көріп қайтқандай мәз-мейрам. Ақиық ақынның бюст мүсіні ашылды. Қазақтың тойы қашан аламан бәйгесіз өтіп еді? Абадан ақынның торқалы тойында да, мың сан ат жарысқан бәйге болды.

Басты бір дүниені ұқтық. Сүйінбайдың мұрасы сөз қадірін биік қойған халқымен бірге жасай берері хақ.



Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу