Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті 9 айдың қорытындысын шығарды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті 9 айдың қорытындысын шығарды (ВИДЕО)

18.10.2015
Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті  9 айдың қорытындысын  шығарды (ВИДЕО)

Салықтың жайы   халықтың  жағдайымен етене байланысты екені ежелден белгілі. Салық саясатының басты мақсаты - бюджеттің кіріс бөлігін қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету. Асырып айтсақ, салық төлеу - сананың ісі, мәжбүрлеуге салсақ - міндет.

 «Салық – қоғам өркениеттілігінің  көрсеткіші».  АҚШ-тың  ішкі кірістер министрлігінің маңдайшасына тап осылай жазылыпты.  Өркениетті елдер «екі нәрседен қашып құтыла алмайсың» дегенді  қатты ұстанатын сыңайлы. Талап қатаң: табыс таптың ба?  Салық төле!  «Идеяларға  ғана салық салынбайды» деген  сөз осы тәртіпке   негізделсе керек.

Біздің елімізде соңғы жылдары салық саясатына қатысты  сан алуан жаңалықтар болып жатыр.  Былтыр тамыз айында  кеден, салық, қаржылық бақылау саласы  Кіріс  комитеті болып  қайта құрылды.

Олар ылғи тұтқиылдан келеді. Ескертусіз, шақырусыз. Олар келгенде көбі кірпідей жиырылады. Асып-сасып, абдырап қалады. Олар кімдер дейсіз,  салық қызметкерлері.

Астананың өте қымбат мейрамханаларының бірінде  қымбатты қонақтар алакөлеңке жерде түтінін бұрқыратып қорқор шегіп, қымбат ішімдіктен алып отырған еді күздің бір кешінде.

Шақырылмаған қонақтар баса көктеп кірді. Қадамдары нық, өздеріне сенімді. Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері болатын олар. Әр құтыны шұқшия қарап, әр қағазға бір үңіліп ұзақ тексерді. Тапты.

Алмас Құдайбергенов, Астана қалалық Мемлекеттік кіріс жөніндегі департаменттің бөлім басшысы:

Тексеріс нәтижесінде заңсыз сақталған арақ-шарап өнімдері табылды. Көбінің акциздік маркасы ескі, 2009 жылға дейін рұқсат берілген маркамен тұр. Қазіргі арақ-шараптың акциз маркасы бөлек. Бұл - заң бұзу деп есептеледі. Енді әкімшілік жауапқа тартып, сот шешімімен мұндай ескі акциздегі алкоголь өнімдерін тәркілейміз. 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қарапайым адамға түкке тұрғысыз шаруа болып көрінері сөзсіз.  Бірақ дәмхана-мейрамханалар үшін негізгі табысты әкелетін - алкоголь өнімдері. Содан болар, кіріс департаментінің кірпияз қызметкерлері бар шаруаны сиырып, әр шишаны шиырып қарады.  Қоңыр кеште басталған тексеріс түнге жалғасты.

Данияр Әлімқожаев, Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

Кәсіпкерлер біздің тексерісімізбен келіспейді.  Соттасады. Сотта дәлелдеудің өзі бізге өте қиын жағдай. Өйткені әрбір ньюанстардың өзін бізге дәлелдеп беру керек. Келесі кәсіпкер бізді кіргізбеуі де мүмкін. Прокуратураның нұсқамаларына қол қоймайды. Ондай жағдайда біз онымен күресеміз.

Қызметкерлер айтады: кей мекеме күзетшілері күш қолданып кіргізбейді  деп. Бір рет құтылғанымен, екінші рет тұтылады.

Салық органынан келген қызметкері ондай жағдайда кәсіпкердің сыртынан акт жазады. Айыппұл салынады.  Тағы бір мәселе - кәсіпкерлер түскен шығынды аз етіп көрсетеді, табысты жасырады. 

Қарапайым математикаға жүгінейік. Мысалы, шағын дәмхана - айлық кіріс - 2 миллион теңге. Осы екі миллионның 3 пайызы мемлекетке салық ретінде төленуі тиіс.

3 пайызымыз 60 мың теңге. Бірақ заңды айналып өткісі келетіндер кіріс көлемін миллион теңге, не одан да аз деп көрсетеді. Салық та аз төлейді. Ұтатын кім, ұтылатын кім?

Данияр Әлімқожаев, Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің  бас маманы:

Жалған табысты анықтау бойынша нұсқамада бір айлық хрономераждық есептеу тексерісі жүреді. Хронометраждық тексеру кезінде жұмыстың ашылуы мен жұмыстың жабылуына дейін біздің мемлекеттік қызметкер бақылап отырады. Күні бойы бір жерде отырады. Қанша клиент келді, қаншасы төледі, қаншасы төлемеді. Соның  бәрін бақылап отырады. Орта есеп шығару үшін қызметкер бір ай отырады. Бұл оңай қызмет деп есептемейміз. Өйткені кейбір кәсіпкерлер таңғы 5-6-ға дейін жұмыс істейді.

Қарызы бардың қадамы қысқа болатынын түсіндіру - басты міндет, дейді кіріс департаменті қызметкерлері. Салық ұғымы қазақта әлмисақтан бар болғанымен, салықты ерікті түрде төлеу мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ.

Әбілқайыр Сқақов, Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің директоры:

Халық санасында салықшы бейнесі  әлі күнге дейін қадағалаушы, бақылаушы сияқты. Бірақ біз бұл стеоротипті бұзуға тырысып жатырмыз. Қанаушы емес, ақылшы-кеңесші болып, бизнесмендерге көмек бергіміз келеді. Күнделікті кірісі аз мекемелердің жұмысының дұрыс жүріп, табысы молайғанына біз де мүдделіміз. Өйткені бюджет - салықтан  құралады. Қазір кәсіпкерлер де бізге бой үйрете бастады. Табысын жасырып, қулығын асырғысы келетіндерді қатаң бақылауға аламыз.

Мемлекеттік кіріс комитеті қызу жұмысқа кіріскен сыңайлы.  Астанадағы департамент 9 айдың қорытындысын да шығарып үлгерді.

Тоғыз ай ішінде 175 рейдтік тексеруге шыққан, 216 заң бұзушылықты анықтапты. Бақылау кассалық аппарат қоймаған 50 жағдайды тіркеген, 79 кәсіпкер кассалық аппараты бола тұра, оны қолданбаған.

85 жеке тұлғаға 11, 8 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Контрафактілік алкоголь өнімдерін тәркілеген.

Департаменттің экономикалық тергеу қызметі жалған ақша жасаған  442 фактіні тіркеген.  Тіпті заңсыз жұмыс істеген 3 казино әшкереленді.

Бұл - жай ғана статистика емес. Айналып келгенде, мемлекет бюджетіне түсуге тиіс қаржы. Салықтан жалтарып, қаржыны басып қалған әрекет. Ал, құжаты түгел, жұмысы заңды, салығы уақтылы төлеулі мекеме басшылары алаңсыз.

Сондай кәсіпкердің бірі  - Еркебұлан Мұқанов. Астанадағы элитті лаундж бар иесі. Ол салығын уақытында  төлесе, ауылдағы ата-әжесі уақытында зейнетақысын алатынын, мемлекеттік қызметтегі әке-шешесінің жалақысы уақтылы берілетінін жете түсінеді.

Еркебұлан Мұқанов, жеке кәсіпкер:

Егер біз салыққа байланысты түсінігімізді өзгертсек, салық туралы мәселе де болмайды. Мысалы, мен шетелде оқыдым. Ол жақта салық төлеуді  әр азамат борышым деп санайды. Біз де біртіндеп соған келеміз. Мысалы, кезінде қауіпсіздік белдігі деген мәселе болып еді ғой, есіңізде болса. Полиция қызметкерлері белдік тақпағандарға үнемі айыппұл салды,  жиі тоқтатты. Қазір ешкім заң бұзбайды. Тіпті белдік тақпасаң, киімсіз отырғандай боласың. Салық төлеуді де халыққа солай біртіндеп түсіндіру керек.

Еркебұлан осы шағын лаундж бар үшін кварталдық есеп бойынша жарты миллион теңгедей салық төлейді. Дағдарысқа қарамай, клиент те келеді, кіріс те, табыс та бар. Салықты дер кезенде төлейді, қашан кім келіп тексереді деп алаңдамайды.

Еркебұлан Мұқанов, жеке кәсіпкер:

Бірде салық қызметкері тексеруге келді. Енді қазақпыз ғой. бірдеңе дұрыс болмай қала ма деген күдікпен  сізге  дисконт карта берейік деп, жұмсарта бастадық. Бірақ ол бізге біртүрлі таңырқап қарады. Тексерген құжаттардың барлығы дұрыс болды. Егер барлығын заң аясында жасасаң, саған ешкім көлденең келіп, кедергі болмайды.  Тәртіп бұзбасаң, қорқыныш та жоқ. 

Ал, құжатынан кілтипан шыққан кәсіпкер айыппұл төлемеудің бар амалын жасайды. Департамент қызметкеріне «келісейік, сөйлесейік, қазақпыз ғой, бауырмыз ғой» деп, аяқ астынан туыстық сезімі оятады, болмаса «жоғарыға хабарласамын» деп, қоқан-лоққы жасайды.

Бірақ заң біреу. Салығыңды уақтылы төле. Сонда «құда да тыныш, құдағи да разы». Салықтан жалтарудың тағы бір кең тең тараған амалы бар. 

Айнұр Омар, тілші:

Мынандай түбіртектер  бір қарағанда әр жерде қалатын жәй қағаз сияқты. Сауда жасасақ, біріміз аламыз, біріміз қоқысқа тастаймыз, көпшілігіміз бермесе, сұрамаймыз да. Бірақ сізге берілген әрбір түбіртек - мемлекет қазынасына қаржы болып қайтады. Ол - сіз жүретін жолдар, балаңыз баратын мектеп,  ауыра қалсаңыз баратын емхана. Бұл нысандардың барлығы бюджеттен қаржыландырылады. Ал, бюджет - халықтан алынған салықтан құралады.

Сұрамаймыз, бермейді. Табыс осылай жасырылады. Жай қағаз емес, қып-қызыл пұл деп қарасаңыз, әр барған жерден осы түбіртекті талап етсеңіз, кәсіпкерлер де бұған үйренеді.

Түбіртек талап етудің жақсы амалын ұсынды Астанадағы кіріс департаменті. Сауда қылған жерден чек аласыз, оны суретке түсіріп, WhatsApp арқылы жібересіз.

Ай соңында автоматты жүйе арқылы жеңімпаз анықталып, оған қомақты сыйлық беріледі.

Әбілқайыр Сқақов, Астана қалалық Мемлекеттік кіріс департаментінің директоры:

Біздің жұмысымыздың  негізгі мақсаты - кәсіпкерлерге күн бермей тексеру емес. Халықтың салықтық сауатын ашу. Салықты уақытында әрі ерікті түрде төлеу. Мысалы, «Түбіртек талап етіп, сыйлық ұтып ал!» деген акция бастадық. Алғашқы кезде арнайы нөмірімізге 2 мыңға жуық чектің суреті келсе, қазір айына 10 мыңға дейін жетеді. Демек, бастамамыз нәтиже бере бастады. Қазір біздің қызмет электронды жүйеге көшіп жатыр. Үйде отырып-ақ кәсіпкерлікке тіркеліп, офистен шықпай-ақ салық төлеуге болады.

«Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы», дейтін еді үлкендер. Дағдарыс қос бүйірден қысқанда, салмақ кәсіпкерлерге түсіп-ақ тұр.

Жұмысының жүргені өзіне жақсы, түсетін салығы мемлекетке тиімді екені даусыз. Кез келген өркениетті елдің азаматы сияқты идеяларға ғана салық салынбайтынын түсінетін, түйсініп қабылдайтын уақыт жетті.

Айнұр ОМАР

 

 

Хабарламаларға жазылу