Әлем елдеріндегі экономикалық ахуал қандай? (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдеріндегі экономикалық ахуал қандай? (ВИДЕО)

18.10.2015
Әлем елдеріндегі экономикалық ахуал қандай? (ВИДЕО)

Осы аптада дүние жұрты Нобель сыйлығының экономика бойынша биылғы лауреатының есімін білді. Америкалық зерттеушінің ғылыми еңбегінде тауар тұтыну мәселесіне ерекше мән берілген.

Ал, Еуропа, Қытай, АҚШ-та  сол тұтынушылық баға индексі түскендіктен, өндірісті қысқартуға тура келейін деп тұр.  Бұл елдерде инфляцияның төмендеуіне және дефляция қаупінің күшеюіне  себеп болған негізгі факторлардың бірі - мұнай мен бензиннің арзандауы.

Дегенмен, келесі жылы мұнай бағасы тұрақталып, әлем экономикасының өсімі биылғыдан жоғары болады деген үміт бар.

Жаһан экономикасының жылт еткен қандай жаңалығы бар?

Осы аптаның әлемді елең еткізген алғашқы экономикалық жаңалығы Швециядан жетті. Дүйсенбі күні бұл сала бойынша биылғы Нобель сыйлығын иеленген адамның есімі анықталды.

Ол – 69 жастағы Энгус Дитон. Америкадағы Принстон университетінің ғалымы тұтыну, кедейшілік және халық игілігі туралы зерттеуі арқылы билікке ел тұрмысын жақсартуға   көмектескені үшін лауреат атанып отыр.

Дитонның өзі әйгілі сыйлықтың жүлдегері атанысымен, телефон арқылы сұхбат беріп, бүгінде Еуропа тап болған миграциялық дағдарысқа экономикалық тұрғыдан сипаттама берді. Оның пікірінше, Таяу Шығыс пен Африкадан тұрғындардың жаппай қашуына тарихи дамудағы теңсіздік те себеп.

Энгус Дитон, Нобель сыйлығының лауреаты:

Бүгін көріп отырған жағдайға жүздеген жылға созылған теңсіздік кінәлі. Бай мемлекеттер кедей елдерді артқа тастады. Бірақ, сол артта қалған көште жақсы тұрмыс аңсаған жан көп. Олар қазір үдере көшіп, бай әлем мен кедей әлем арасындағы шекараға орасан салмақ түсіріп отыр.

Шындығында да, биыл Еуропа одағында шекарасы бұзылмаған ел кемде-кем. Бұл континенттегі мемлекеттердің басым бөлігіне босқындармен бірге экономикалық тұрақсыздық та салмақ салып отыр.

Осыдан 4 күн бұрын жарияланған статистикаға жүгінсек, еуровалютаны қолданатын 19 елде тамызда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 0,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, әлемде мұнай арзандағандықтан,  аймақта тауар бағасы түсіп, инфляцияны көтеру үлкен проблемаға айналып отыр.

Өйткені, арзан дүние сол дүниені шығарған кәсіпорындардың табысын ортайтып, тіпті жұмыссыздар санын көбейтеді деген қауіп бар.

Осындай жағдайға душар болған елдердің бірі – Испания. Мұнда қыркүйекте баға былтырғы жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға түсіпті. Бұған қоса, Қытай қарқынының бәсеңдеуі - еуропалық өнімдерге сұранысты азайтып, проблеманы тіпті ұшықтыратын түрі бар.

Вики Прис, экономикалық кеңесші:

Егер Қытай түшкірсе, іс жүзінде соның салқынын Азия ғана емес, дамыған елдер де сезінетін болады.  Қытайдың акциялар нарығының әлемге қалай әсер ететінін биыл жазда бәріміз көрдік қой.

Жер көлемі жағынан әлемде үшінші орында тұрған, экономикасы АҚШ-тан кейінгі екінші сатыға көтерілген Қытайды дүниежүзінің локомотиві деп атайды. Ертең оның жалпы ішкі өнімінің үшінші тоқсанды қандай нәтижемен тәмамдағаны белгілі болады.

Жақында  «Рейтер» агенттігі 50 сарапшыға осы мәселе бойынша сұрақ қойған. Олардың жауабына жүгінсек, Қытай экономикасы соңғы 4 айды 6,8 пайыз дамумен аяқтайды. Бұл – 2009 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Қазір мұнда да инфляцияны көтеру - айтарлықтай мәселе. Тауар нарқы әрі қарай арзандай беретін болса, өндіріс пен жұмыс күшін қысқартуға тура келеді.

Юаньға келсек, ол осы аптада соңғы екі айдағы ең үлкен құлдырауға ұшырап, 177 базистік пунктке құнсызданды. Сонымен қатар, Қытай  экспорты - 1,1, импорты - 17,7 пайызға кеміп отыр.

Мартин Жак, журналист, колумнист:

Бұл проблемаға тоқталсақ, жалпы, қазір Қытай экономикасына қызығушылық өте жоғары. Неліктен олай? Өйткені, Батыста болған қаржылық дағдарыстан кейін Қытай әлемдік өсімнің тірегіне, тұрақтандырушысына айналды. Оның ғаламдық өндірістің дамуына қосатын үлесі Құрама Штаттардан да маңызды дер едім.

Алдағы айда Қытай өз ақшасын ғаламдық валютаға айналдыру мақсатында тағы бір қадам жасамақ. «Блумберг» агенттігі хабарлағандай, қарашаның соңында Шанхайда юаньмен сауда операцияларын жасау уақыты ұзартылады.

Яғни, Шанхай биржасы келесі айда қазіргідей түскі сағат 4 жарым емес, түнгі 11 жарымға дейін ашық болады. Дәлірек айтсақ, ол Еуропа биржаларымен бір мезгілде жұмыс істемек.

Ал, Халықаралық валюта қоры  юаньды доллар мен еуро тәрізді дүниежүзілік айырбас  құралына айналдыруға қатысты шешімді желтоқсанның 31-не дейін қабылдауы тиіс. 

Енді Солтүстік Америка континентіне көшсек: осы аптада Құрама Штаттарда жаңа статистика жарияланды. Оған жүгінсек, АҚШ-та да тұтынушылық баға индексі қыркүйекте 0,2 пайызға түскен.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына  бензиннің арзандауы себепші. Сонымен қатар, мұнай құны апта басынан бері 4 күн бойы түсті. Оған Америкада энергетикалық отын қорының болжамдағыдан асып кетуі түрткі болып отыр.

Дегенмен, ОПЕК-тің Бас хатшысы Абдаллах әл-Бадри келесі жылы «қара алтын» нарығында тепе-орнайтындығына сенімді.

Абдаллах әл-Бадри, ОПЕК Бас хатшысы:

Біз бүгін ОПЕК-тің кездесуі өткені үшін оптимсист болып отырған жоқпыз. Қазір мұнайға сұраныс артып отыр. Ал, ОПЕК-тен тыс елдерде өндіріс көлемі қысқарды. Сондықтан, біздің ұйым осы жылдың соңы мен 2016 жылы сұраныс пен ұсыныс арасында үйлесімділік пайда болады деп сенеді.

Көптеген бақылаушылардың болжамынша, әлемдік экономиканың баяулау процесі келесі жылы да жалғасады. Бірақ, Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, 2016 жылы ғаламдық жалпы ішкі өнімнің өсімі биылғыдай 3,1 пайыз емес – 3,4 пайызға жетуі ғажап емес. 

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу