Шығыс Қазақстан облысындағы балқарағай бизнесі (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысындағы балқарағай бизнесі (ВИДЕО)

11.10.2015
Шығыс Қазақстан облысындағы балқарағай бизнесі (ВИДЕО)

Балқарағай дегенді естігендеріңіз бар ма? Шығыс Қазақстан тумалары бұл сұраққа бірден жауап беретін адамдар елімізде көп емес. Өйткені, қарағай түгілі қараған өспейтін өлкелер үшін балқарағай деген сөз таныс болғанымен, дәмі таңсық.

Алтайдың сонау биік тауларында өсетін самырсын ағашының бүршіктері балқарағай деп аталады. Дәл осы бүршіктерден мына дәнектер алынады. Сол дәнектерді ұшырып, тазалап, судыр қалтаға салып сатып та пайда табуға болады.

Балқарағайды да, бұғының мүйізінен жасалатын емдәріні де кәдімгі бизнеске айналдырғандар да бар. Мына чемоданның ішіндегі өнімнің барлығы өзімізден. Кәдімгі Қазақстанда жасалған. Мұны жүйелі түрде сататын орталық Өскеменде және Астанада бар.

Балқарағай бизнесі кеше басталды деп айтуға келмес. Қатон-Қарағай өңіріндегі жұрт бұл дәннің қып-қызыл ақша екенін тоқырау жылдары түсінсе керек.

Әйтеуір, бүгінде ауылдағы ағайын осы кәсіппен тұрақты айналысады. Негізі биыл самырсын ағашының өнімі көп емес. Десе де, ерінбеген адам орман ішінен бүршік  іздесе бос қайтпайды. 

Биік ағаштың басындағы жұдырықтай ғана жаңғақтарды алыстан көріп келе жатқан Қажыбай Кәрібаев. Осы жақта орманшы болып жұмыс істейді.

Інішегім деген жігіттің де мамандығы сондай. Алтай тауларына тілшілер келген соң, самырсын жаңғағын қалай жинайтынын көрсетіп,  бұл істің біраз қыр-сырын айтып беруге келісті. 

Ел-жұрт «Епош» деп еркелететін Еркінбек мұндай биік ағашқа алғаш рет  3-сыныпта оқып жүргенде шығыпты. Бүршік бизнесі шамамен 1996-1997 жылдары басталды дейді.

Еркінбек Серікбаев, орманшы:

Бұрын шаққанға, сәлем-сауқытқа алатын. Қазір халық алып, сатады, кәсіп қылады.

Еркінбек епті жігіт екен. 2-3 минуттың ішінде биік ағаштың басына лып етіп шығып кетті. Көп ұзамай жоғарыдан бүршіктер де түсе бастады.

Жалпы, бұл жаңғақтарды жинау - оңай шаруа емес. Қауіпсіздік ережелерін естен шығармау керек. Бұтақтың басында шоғырланып тұрған қалың бүршікке қол жеткіземін деген кейбір адамдардың  ағаштан құлап кеткен жағдайлары  да аз емес.

Еркінбек Серікбаев, орманшы:

Ағашқа шыққан оңай, түскен қиын. Басына жеткен соң, ұстанып, аяқтың астындағы бұтақты теуіп, түсіреді. Маңайында тұрса, құрық алып шығып, балқарағайды соғып түсіруге болады.

Самырсынның бүршіктері кей жылдары аз, кей жылдары көп шығады. Ең бастысы - көктемде қара суық соғып кетпесе болды. Өнім мол болған жылдары, ауыл тұрғындары балқарағайды күзден бастап, қыс бойы жинайды.

Еркінбек Серікбаев, орманшы:

Жинағанға бала жақсы, жүгіріп жүріп жинайды. Әйелдер да келеді. 2-3 адамнан келеді, жалғыз келмейсің ғой. Ағаштан құлап кетуің мүмкін. Бір адам түсіреді, қалғаны жинайды. Бір-біріне қарайласады.

Шығыс Қазақстан облысында самырсын ағашы негізінен Қатон-Қарағай  мен Зырян ауданында көп өседі. Риддер қаласын қоршап тұрған ну орманның да бір бөлігін осы қылқанжапырақты ағаштар құрайды.

Берік Көшербай, тілші:

Орманнан жинап әкелген бүршіктерді осындай арнайы  аппараттың көмегімен үгітеді. Балқарағай бұрағыш деп аталатын құрылғыны ауыл тұрғындары өздері қолдан жасайды. Оның 2 түрі бар екен. Біріншісі - мотормен, яғни тоқпен айналады. Екіншісін адам осылай қолмен айналдырады. 

Бүршіктердің дәнін алу әдісін Қатон-Қарағай өңіріндегі әрбір адам жақсы біледі. Әйелдер, бала-шаға да осы шаруаның қыр-сырын жетік меңгерген.

Мұхамедкәрім Өтеев, Топқайың ауылының тұрғыны:

 5 қаптан 1 қап таза дән түседі. 45 келіге дейін болады.

Бүршіктерді осы құрылғыдан өткізкен соң, дәндерді қабығынан тазалау қажет. Алдымен, оларды електен өткізіп, ірі қабықтардан бөледі.

Жиналған дәндерді одан әрі желмен, жел жоқ болса, халық өзі қолдан жасап алған қапалақшалар арқылы ұшырылады. Мұхамедкәрім Өтеев бұл шаруаны жеңілдету үшін шарық қайрақтың моторына арнайы қапалақша жасап қойған.

Бұл - тазалау жұмысының соңғы кезеңі. Дәндерді осылай бірнеше қайтара ұшырған соң, жауын-шашынға тигізбей, күннің көзіне кептіріп алу керек.

Дайын өнімді сатудың көп жолы бар. Үйде отырып-ақ алып-сатарларға бере салуға болады. Ауылдағы кәсіпкерлер де қабылдап, ақшаны қолма-қол төлейді.

Дәнді дүкенге тапсырып, орнына азық-түлік немес басқа тауарлар алу, яғни айырбас  та жақсы дамыған. Балқарағайдың бағасы жыл сайын құбылып тұрады.

Гүлшәт Тілеукенова, сатушы:

Балқарағайдың шыққанына байланысты. Көп шықса, арзан болады. Аз шықса, қымбат болады. Биыл сол 900 теңгеден қабылдап жатырмыз.

Гүлшәт Тілеукенованың айтуынша, жаңғақ мол шыққан жылдары, қызыл дәнді қап-қап тапсыратын кісілердің де қарасы қалың болады. Жиналған шикізатты делдалдар тонналап қабылдап, ары қарай Қытайға апарып сатады.

Ол жақта дәннен май сығылады және түрлі дәрі-дәрмек жасалады. Ғалымдар самырсын майы көптеген ауруларға таптырмайтын ем екенін ерте заманда-ақ анықтап қойған.

Қатон-Қарағай ауданында самырсын бүршігін термейтін адам кем де кем. Өнім мол шыққан жылдары Бұқтырма өзенін жағалай қонған ауылдар жаппай жаңғақ жинап кетеді.

Заң бойынша, бұл үшін белгеленген соманы төлеп, билет сатып алу қажет. Оны алатыны да бар, алмайтындары да бар. Әйтеуір, бүкіл халық табиғат берген базарлықты теріп,  жап-жапсы пайда тауып қалады.

Тоқтархан Құсайынов, Өрел ауылының тұрғыны:

Изевка, Берел деген ауылдарда, осында да балқарағай сатып, көлік алғандар бар. Ерінбеген адамдар көп пайда табады.

Далада жатқан дәнді ысырап қылмай, жинап алып, пайдаға жаратудың бір ғана мысалы бұл. Тек біраз тер төгіп, еңбек ету қажет.

Қажыбай Кәрібаев,  орманшы:

Тірі кісі тіршілігін жасап тұрса, табыс бар, табылады. Табиғат ерінбеген адамға  береді.

Қазіргі таңда әлемдік экономиканың ахуалын аңдып, «мұнай бағасы өссе ғой», деп тілеп жүрген адам аз емес. Бұл мәселе Қатон-Қарағай өңіріндегі халықты да мазалайды.

Бірақ, шалғай ауылдағы тұрғындардың дені дүниежүзіндегі экономика жағдайының жақсарғанымен қатар, алдағы жылы Алтай тауларында самырсын бүршігі көп шықса ғой деп тілейді.

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу