Нью-Йорк сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йорк сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті

04.10.2015
Нью-Йорк сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ  Президенті Барак Обамамен кездесті

Нью-Йорк сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ  Президенті Барак Обамамен кездесті. Халықаралық саясатты сарапшылар біледі. Негізі АҚШ секілді қуатты мемлекеттің басшылары қалаған сәтте, қалаған елде кездесе бермейді. Бірақ, біздің Мемлекеттің басшысы кездесті.

Екеуара әңгімеде Президенттер екіжақты мәселелерді талқылап, халықаралық маңыздағы түйткілдер туралы пікір алмасқан. БҰҰ саммиті барысындағы кездесу АҚШ Президентімен шектелмейді, ірі бизнес өкілдерімен де, халықаралық саясаттың мықтыларымен де жиындар ұйымдастырылған. Олар кімдер? 

Қазақстанның  дамуы, тұрақтылығы және  қауіпсіздігі үшін Америка Құрама Штаттарымен достық  маңызды. Нью-Йорк сапары кезінде БҰҰ штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы  Барак Обамамен кездесті.

АҚШ - алдымен ірі сауда серіктесіміз. Қазақ экономикасына 30 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Елдің ең үлкен жеңісі - ДСҰ-ға кіру болса, бұл ұмтылысқа  Ақ үй қолдау көрсетті.

Енді инвестициялық жобаларға қаражат  тартуда  бізге әлемнің ең мықты экономикасының көмегі керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен  кездесуде біздің еліміздің тәуелсіздігі мен талпыныстары және  экономикалық бағдарламалары  АҚШ тарапынан қолдау табады, деп сенетінін атап өттім.

Ресей мен АҚШ арасындағы  тайталас та тыйылуы мүмкін.  Нью-Йоркте Барак Обама  Владимир Путинмен  кездесті. Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ көшбасшысы   Ресеймен арадағы  қарым-қатынасты  жақсартуға  ұмтылатынын айтқан.

Көп кешікпей Астанаға Америка Құрама Шаттарының Мемлекеттік xатшысы Джон Керри келеді. Тараптар ымыраға келсе, санкциялық шектеулер тыйылады, жаһандық шикізат саясаты өзгереді. Қара алтын бағасы көтерілер еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресей президенті мен АҚШ  президентінің кездесуі мені  қуантады. Олар өзара ең өзекті мәселелерді талқылады. Обама мырза маған сол кездесудің қорытындылары жөнінде айтып берді. Украина және Сирия мәселесінде тараптар бүкпесіз сөйлескен. Барак Обаманың  келіссөздер кезіндегі шынайлыққа  көңілі толып отыр. Ол Ресейдің позициясын  түсіне бастағанын, бұл мақсатта  жұмыс істейтіндіктерін айтты.

Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясы аясында Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен де кездесті. Бұл мемлекеттің көшбасшысымен де   сауда-экономика және инвестиция саласындағы  ынтымақтастық жайы  талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Анджей Дуданы сайлаудағы жеңісімен және Польша Президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Және жаңа қызметінде екіжақты  қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды жалғастырады деп үміттенетінін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазірдің өзінде Қазақстанда поляк капиталының қатысуымен 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар түрлі салаларды, соның ішінде фармацевтика, өңдеуші және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды. Біздің елімізде инвесторлар үшін ерекше артықшылықтар жасалған. Поляк компанияларын  Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға шақырамын.

Ал,  Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен кездесуде Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақастығын нығайту мәселелері қозғалды.  Ксавье Беттель - Еуропалық ұйымға   төраға. Сондықтан,  президент Қазақстан мен   Еуропалық одақ арасында қол қойылған  жаңа келісім таяуда ратификацияланады деп үміттенетінін айтты.

Қазақстан «Сisco systems» компаниясымен арадағы ықпалдастықты кеңейтуді көздеп отыр. АҚШ-та Мемлекет басшысы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Джон Чемберспен кездесті.

Бұл компания EXPO көрмесіне ресми  жеткізуші болуға келісім берді. Құны 3 жарым миллион  еуро тұратын көрмені басқарады және өз шараларын да кеңінен жарнамалайды.

Джон Чемберс, «Сisco Systems» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

«Сisco systems» - өте ірі компания. Жетпіс мың қызметкері бар. Өткен жылы  табысы 47 миллиард АҚШ долларын құрады. Бүгін  біз қазақ Президентімен кездесіп, әріптестіктің келешегін талқыладық. Біз EXPO 2017 жобасына қатысу мүмкіндіктерін қарастырудамыз.

Ал, xалықаралық қаржы корпорациясының атқарушы вице-президенті Цзин-Юн Каймен болған әңгімеде жеке секторды дамыту жайы сөз болды. Дүниежүзілік банк құрылымына кіретін xалықаралық қаржы корпорациясы дамушы елдер нарығына арналған инвестицияларды басқару  мақсатында құрылған.

Майкл Сакс, «CМ Grosvenor» компаниясының төрағасы:

Мен Қазақстанда болдым. Астана қаласының  сәулеті - ерекше. Сіздің үкімет  алдына үлкен міндет қойып отыр. Астанада қаржы орталығын құру ісі - мүмкін шаруа, жүзеге асатын жоспар.

Елбасы, сондай-ақ,  Америка Құрама Штаттарындағы ірі бизнес өкілдерімен де жолықты. Кездесуге келген  іскер топ өкілдерінің арасында  АҚШ-тың ірі қорларының  жетекшілері бар. Олардың жиынтық қаражаты он трилион АҚШ долларынан асып жығылады, инвестициялық әлеуеті зор.

Тізімде «JP Morgan Chase International» компаниясының төрағасы Джейкоб Френкель, «The Boston Consulting Group» компаниясының төрағасы Ханс-Пол  Бюркнер, Федералды резервтік жүйенің басқарушылар кеңесінің төрағасы Бен Бернанке және өзге де  бизнесмендер  бар.

Естеріңізе сала кетсек, еліміз xалықаралық  EXPO көрмесі өтетін кешенде  келешекте Астана қаржы орталығын құрылымдауды  жоспарлап отыр. Билік  осы салаға   инвесторларды тарту үшін ірі  қаржылық топтармен кеңесіп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бизнес капитандары активтерінің жиынтық құны 10 триллион АҚШ долларын құрайды. Кездесуді өткізген модератор айтқандай, мемлекет басшылары бұған дейін бизнесмендердің осыншалық көп құрамымен кездеспеген. Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, оларды «Нұрлы жол», индустриялды  бағдарламаларына қатысуға шақырдым.

АҚШ-та 2001 жылы  лаңкестік оқиға болған егіз ғимараттың орнында бүгінде күңгірттеу субұрқақ  ағып жатыр. Бақилық болғандардың аты тасқа қашап жазылған. 

Елбасы осы мемориалға да келіп, гүл қойды. Құрбандардың арасында  Қазақстан азаматы Жанетта Цой да болған еді.

Дүниежүзілік сауда орталығы қирағаннан кейін оның аумағында бой көтерген мемориал құрылысы 2011 жылы аяқталды. Бұл маңда әлі күнге дейін кісі қарасы сейілмейді.

 

Жайнагүл ӨТЕМІС

Хабарламаларға жазылу