Америка мен Ресей дипломаттары Нью-Йоркте кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америка мен Ресей дипломаттары Нью-Йоркте кездесті

04.10.2015
Америка мен Ресей дипломаттары  Нью-Йоркте кездесті

Сириядағы жанжалға Ресейдің килігуі оқиғаға басқаша реңк берді. Қарулы қақтығыс шеңберін мейлінше кеңейтіп, соғыс бұлтын тіпті қоюлатты.

Араб мемлекетіндегі жанжал еді ғаламдық сипатқа ие болды. Америка бастаған коалиция тероршылар құрған мемлекеттің позицияларын былтыр бомбалап бастаған.

Мәскеу жіберген ұшақтар  қазір Хомс, Хама, Идлиб тәрізді провинцияларда талай нысанды әуеден атқылап, жойып жатыр. Снаряд тиген объектілердің  ішінде Америка соғысқа дайындаған көтерілісшілердің лагерлері де бар.

Пентагон өз жақтастарын қорғау үшін қандай әрекетке баруы мүмкін? Мұны нақты ешкім білмейді.

Ресей бұл операцияға өз одақтасы -  Башар Асадтың әскері ел аумағының 80 пайызынан айрылып, біржолата жеңілуге шақ қалғанда кірісті.

Кремль авиациялық шабуылды бастаудағы негізгі мақсатымыз -өздерін-өздері – «Ислам мемлекеті» атаған содырларды жою дейді. Алайда, ресми Вашингтон – Мәскеудікі Таяу Шығыстағы соңғы одақтасын сақтап қалудың қамы деп мәлімдеді.

Орыс әуе күштері содырлар ұйымын емес, оппозиция бекіністерін талқандап жатыр. Бұл - АҚШ-тың ақпараты. 

Америка мен Ресей ұшақтары абайсызда бір-біріне снаряд жұмсаса не болады? Мұндай оқысқа жол бермес үшін екі елдің дипломаттары осы аптада Нью-Йоркте кездесті.

Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:

Біріншіден, Құрама Штаттар мен оның одақтастары Ресей әскерімен «оқыс оқиғаларға» тап болмауы үшін байланыс арналарын орнату керек. Бүгінгі кездесуде біз осы мәселе бойынша келістік.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

Біз екі жақтың әскерилері мейлінше тезірек, бәлкім, бейсенбі күні кездессін деген тоқтамға келіп отырмыз. Жүздесу конференция, кездесу немесе дискуссия түрінде өте ме? Ол жағы әзірге айқын емес.  Ең бастысы – алдағы жиында тараптарды жанжалға ұрындырмау мәселесі талқыланады.

Сол бейсенбідегі жиында екі елдің әскерилері диалогты жалғастыруға келісті. Бірақ, жұма күні таңертең Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Парсы шығанағы елдері ортақ мәлімдеме жасады.

Мәлімдеменің мәні - Ресей Сирия оппозициясын бомбалауды доғарсынға саяды. Коалиция  әуе операциясы жалғаса беретін болса, Сириядағы жанжал тіпті ушығады деп мәлімдеді.

Осыдан бірер күн бұрын Иран мен Ресей Асад армиясына көмектесу үшін Сирияға жүздеген жауынгер кіргізді деген хабар тарады. Алайда, бұл мәліметті Кремль де, Ақ үй де, Тегеран да растаған жоқ.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу