Мұнай өндірісінің өрісі кең - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай өндірісінің өрісі кең

27.09.2015
Мұнай өндірісінің өрісі кең

Мұнай құны арзандап, доллар құны қымбаттаған кезде біздің экономикалық билік  - таргеттеу саясатына көшті. Қазақтың Ұлттық банкі валюта нарығын еркіне бір жіберді де қайта тізгіндеді.

Бұл дәл осындай кезеңге есептелген мәжбүрлі шара. Ресейде бұл тәсілдің сипаты анық көрінеді, коммунистік идеяны капиталистік экономикамен сәтті үйлестірген Қытайда да сол шама.

Негізі әлемдегі дамушы экономикалардың барлығында ұлттық валюталар арзандаған. Біздің экономика үшін мұның бірінші себебі мұнай нарығындағы ахуал екені анық. Қазақтың бес облысы жүйелі түрде мұнай өндіреді, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда.

Айдос Түйебаев, «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы:

Қазіргі есеп бойынша, мұнай өнімі 35 жылға жетеді. Бұл әлі де толықтырыла түседі.

Ақан Қаршығаев, «ҚаражанбасМұнай» АҚ өндіріс бойынша директорының орынбасары:

Біздің «Қаражанбас» кен орнының басқа кен орындарына қарағанда, ауыр мұнай болып саналады. Басқаларда ваннадий бар. Суға жақын.

Бейсенбі Қойшыбаев, «Қаламқас» кен орнының геологы:

Полимерді жаппай өндіріске енгізген жағдайда 64 миллион қалған алынатын қордан бөлек, қосымша  75 миллион мұнай алынады, деген есеп бар.

Бұл біздің Маңғыстаудағы мұнайшылар. Мың естігеннен бір көрген артық, «Аptа.kz» тілшісі Маңғыстау облысына арнайы барып, мұнай кеніштерін аралады. 17-ақ миллион халықпыз, неге мұнайлы жұрт арабтар секілді өмір сүрмеймін деген күңкіл бары бар. Бірақ, біздің мұнайдың құрамы өзгенікіндей емес.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Мұнайлы Маңғыстаудағы мол байлықты барлау, зерттеу жұмыстары сонау 19 ғасырдың екінші жартысында басталды. Мына мен тұрған жер Жаңаөзен қаласының тарихымен тікелей байланысты. Себебі, 1961 жылы Жаңаөзеннің іргесіндегі дәл мына жерден ең алғашқы мұнай бұрқағы алынды.

Одан кейін мына сәулетті монумент бой көтерді. Мұнда сол жылдардағы ұңғыманы салуға қатысқан бұрғышылардың тізімі жазылған. Бүгінде алып өндіріс алаңы «ӨзенМұнайГаздың» иелігінде.

Түйелері маң-маң басқан Маңғышлақ түбегі. Сораңнан өзге қылтанақ та көгермейді. Жазы қапырық, қыркүйектің өзі 30-дың ол жақ бұл жағы.  Есесіне, ен даланың асты байлыққа бөленіп жатыр. Мұнайының өзі 1,1 миллиард тонна.

«Качалка» дегенді алғаш көруім. Мұнайшылар «тербелмелі қондырғы», деп атайды екен. Сәлем салған келіндей иілген сол қондырғылар жер астынан мұнай сорып жатыр. «Өзен» кен орнында 3 мыңнан аса осындай ұңғыма бар.

Нұрбол Ділмағамбет, «Өзен» кен орнының мұнайшысы:

24 сағат бойы, жылына 365 күн жұмыс істейді тоқтамастан. Жөндеу аралық кезең деген болады. Егер жабдық ескірсе, сынса біз жөндейміз. Басқа уақытта тоқтамастан істей береді.

Тербелмелі қондырғылардың жұмыс істеп тұрғанына жарты ғасырдан асыпты. Сыр бермей тұр. Бір-біреуі күніне орта есеппен 4 тонна мұнай алады. Артықшылығы көп. Автоматтандырылған. Тоқты үнемдейді.

Мұнай операторлары деген осылар. 3 шаршы метр. жердегі Жаңаөзеннен келіп істейді. Кен орнында 3 мыңнан аса ұңғы болса, солардың күйін қарап, балаша мәпелейді. Мысалы, Қолғанат 18 жасынан мұнай саласында.

Қолғанат Тасжанов, «Өзен» кен орнының мұнайшысы:

Мұнай негізі сутектен тұрады. 80 пайызын құрайды. Жердің бетіне шыққасын газы бөлінеді. Сосын ауыр қалдықтары қалады. Құрамында суы да, мұнайы да, әр түрлі компоненттері болады.

«Қазақ мұнайының сапасы кез-келгеннен кем емес», дейді Қолғанат. Өйткені, ол біледі. Қарапайым еңбек адамы 20 жылын осы салаға сарп етті. Байқадық, шақырайған күн астында жүрген Қолғанат секілді мұнайшылардың еңбектері зор. Күрек бойы қазса, мұнайы атқылайтын арабтар секілді емес, «қара алтынды» қаншама мың тереңдіктен алады.

Қолғанат Тасжанов, «Өзен» кен орнының мұнайшысы:

1100, 1200, 1700 метр тереңдіктен мұнай алып жатырмыз. Өзім басқарып отырған цехта 15 мың  тоннаның үстіне мұнай өндіріп отырмыз күніге. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», дейді. Осының бәрі еңбектің арқасы.

Басында біз «атқылаған мұнайды көзбен көріп, қолмен ұстаймыз», деп ойлағанбыз. Қате екен. Олар ауаны ластамау үшін бір тамшы мұнайды да жерге ағызбайды екен. Бірақ, астаналық қонақтарға ұстап көруге рұқсат етті.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Дәл қазір ерекше сәт. Мұндай мүмкіндік бұйыра бермейді. Жердің астынан мың метр тереңдіктен мұнай алатын боламыз. Жып-жылы. Хош иісті. Мінекей, біз мұнайды өз көзімізбен көрдік. Керемет.

Өзендегі мұнайшылар жаһандық дағдарысқа қарамастан, өндіріске жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Солардың бірі - мына цех. Мұнай алуда қолданылатын жерасты жабдықтарын өздері жөндейді. Үлкен үнем.

Эдуард Хасанов, цех басшысының орынбасары:

Жыл сайын жаңа құбыр, жаңа жерасты жабдықтарын сатып алатын едік. Ал қазір өзімізде жөндеуден өтіп жатыр. Біраз тоннаны үнемдедік.

Мұнай бағасы түскенмен, мұның бәрі уақытша, деп есептейді мұнайшылар. Керісінше. Қазір кен орны өнімді төмендетпеуге күш салуда.

Эдуард Хасанов, цех басшысының орынбасары:

Әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамастан, қазір толық жалақы, толық әлеуметтік пакет, толық персонал еш өзгеріссіз сақталды. Ешқандай жалақы төмен түскен жоқ. Жұмыс күші азайған жоқ. Сол күйінде қалды.

«Өзен» кен орнындағы мұнай қоры шамамен 35 жылға жетеді, деп жоспарланған. Былтыр мұнайшылар 5 миллион 328 мың тонна мұнай өндірген.

Айдос Түйебаев, «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы:

Әлемдік деңгейдегі дағдарысқа қарамай, мұнай өндіруді 5 миллион 530 мың тоннаға межелеп отырмыз. Қазір 8 ай қорытындысы бойынша 3 миллион 660 мың тонна мұнай өндірдік. Межелеген жоспарды орындап келеміз.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Ақтаудан солтүстікке қарай 270 шақырым жүргенде мынадай мұнай алып қазандықтар кезігеді. Бұл Бозашы түбегіндегі «Қаламқас» кен орны. 1976 жылы ашылған, 1979 жылы кенді игеру басталды.

«Қаламқас» Каспийге жақын жатқан соң ба, «Өзендегідей» қапырық жоқ. Теңіздің самалы сезіледі. Кен орнының атауы жаугершілік заманда бес қаруын белден шешпей ел қорғаған Қаламқас арудың есімімен байланысты.

Нұрпейіс Сәрсенбай, «ҚаламқасМұнайГаз» ӨБ басшысы:

Жыл басындағы жоспар орындалып келе жатыр, ол бір тоннаға да азайған жоқ. Қазір қыркүйек айына жоспарланған тәуліктік мұнай өндіру көлемі 11 мың 420 тонна болса, оны мұнайшылар орындап отыр.

«Өзенде» мұнайды судың қысымымен айдап шығарса, «Қаламқастықтар» су мен газды біріктіру арқылы мұнай алады. Соңғы жылдары полимер технологиясын да қолданып жүр. Ол былай. Бұрын алынған ұңғыманы сумен толтырғанда, ол мұнайға араласып кететін. Ал, полимер «қара алтынмен» араласпай, ұңғымада қалған мұнайды шығарады.

Бейсенбі Қойшыбаев, «Қаламқас» кен орнының геологы:

Соның арқасында қазір сулану деңгейін 90 пайыздан 85 пайызға түсіріп отырмыз. Оның өзі мұнай бағасының төмен түсуі кезеңінде,  өзіндік құнының өсу кезеңінде бұл үлкен көмек.

Үш мыңның үстінде ұңғымасы бар кен орны тәулігіне 5 жарым мың тонна «қара алтын» өндіреді.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

«Қаламқас» кен орнынан алынған тап-таза мұнай. Аға, сапасы қандай?

Батырхан Аралбайұлы, «Қаламқас» кен орнының мұнайшысы:

Сапасы мына «Өзен» мен «Жетібайға» қарағанда сұйықтығы бар және қатуы -28 градусқа дейін. Мына май «ҚазТрансОйлға» тапсырылып жатқан таза мұнай.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Яғни, «Қазбленд» деген маркамен бұл нарыққа шығады. «Казбленд» деген - қазақстандық қоспа деген сөз. Соңғы кезең бойынша «Өзен», «Қаламқас», «Қаражанбастан» алынған мұнай соңында бір құбырмен жаһандық нарыққа шығады. Үшеуі қоспа болғандықтан, «қазақстандық қоспа» дейді. Бензиннің дәмі шығады. Құрамында бәрі бар. Біздің мақтанышымыз.

Бұл кешенді дайындау және өткізу цехы. Яғни, мұнайымыз сатылымға әзір, бірер сағатта ТМД мен жаһан асады. «Қаламқастың» мұнайшылары үшін енді алдағы стратегиялық меже 64 миллион тонна шамасында мұнай өндіру.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Бозашы түбегіндегі тағы бір кен орны – «Қаражанбас». Аты да қызық, аңыз да көп. Бір аңызда ертеректе шаруаның түйелері бірнеше рет өрістен жамбастары қап-қара боп келген. Сөйтсе, ол мұнай екен. Содан мұнай табылып, бұл жер «Қаражанбас» аталып кеткен деседі.

«Қаламқас» пен «Қаражанбастың» арасы қашық емес. 70 шақырымдай. Жері  тұзды, алыстан қар деп қаласыз. Түйе жемейтін сораң мұнда да бар. Бірақ, жерінің асты құрамы ванадий мен никельге толы ерекше мұнай.

Ақан Қаршығаев, «ҚаражанбасМұнай» АҚ өндіріс бойынша директорының орынбасары:

Бізде жалпы 90 миллион тоннадай қор бар. Біз соның жартысына жақынын өндірдік. Әлі 40 жыл өндірсек, 40 жылдық қор бар. Қазір мысалы 500 шақырым тереңдікте қазып жатсақ, алда 6 мың тереңдікке дейін қазу туралы стратегиялық жоспарымыз бар.

«Өзен» мен «Қаламқаста» мұнай мың, мың жарым метр тереңдіктен алынса, «Қаражанбаста» 350-400 метрден шығады. Бірақ, «ауыр мұнай» саналады. Әр кен орны мұнайды түрлі тәсілдермен алады. «Қаражанбас» «қара алтынды» бумен айдап шығарады. Қазір мына зертханада алынған мұнай соңғы тексерулерден өтіп жатыр.

Альбина Базарбаева, «Қаражанбас» кен орнының зертханашысы:

Мұнайдың құрамындағы тұзды, суды анықтаймыз біз. «ҚазТрансОйлдың» талабы әрбір мұнай құрамындағы компонеттерді анықтайды. Тұзымыз 100 миллиграмнан, суымыз 0,5 пайыздан аспауы керек. Қазір соны анықтап жатырмыз. Бір литріне 25 миллиграмм тұз шығып тұр. Бұл тауарлы мұнайға керемет көрсеткіш.

Ақпарат үшін айталық, біздің ел дүниежүзілік мұнай қорының 3 пайызына ие. Жаһандағы мұнайға бай 15 елдің қатарында. Жыл басынан бері 53 миллион тонна мұнай өндірді.

Ал, біз кетер тұста Маңғыстау мұнайшылары түскі асқа отырды. Оларды зор міндет күтіп тұр. Мұнай өнімін еселеп, экономиканың екпінін бәсеңдетпеу!

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу