Сочиде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы өтті

20.09.2015
Сочиде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының ынтымақтастық форумы өтті

Қазақстан мен Ресейдің агро секторы әлем халқының 10 пайызын азық-түлікпен қамтуға қауқарлы. Демек, екі ел осы саладағы ынтымаққа мүдделі болуы керек. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Сочиде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас отырған аймақтарының ынтымақ форумы өтті осы аптада.

Форумды бастамай тұрып, Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жеке кездесіп, кейбір мәселелерге қатысты пікір алмасты. Қазір Еуразиялық экономикалық одақтың жағдайы мәз емес. Биылдың 6 айында қазақ пен орыстың өзара саудасы 6 миллиард доллардан сәл асқан. Өткен жылдың дәл осы кезімен салыстырғанда 13 пайызға кем. 

Бұл әрине, алдымен жаһанды кезген дағдарыстың салқыны. Сондай-ақ, «Қырым факторының» Ресей экономикасына зор шығын әкелгенін де естен шығармаған абзал. Дәл қазір Еуропа мен АҚШ салған санкциялар Ресейдің қаржы нарығын оңдырмай отыр.

Мұнайдың қайта-қайта арзандауына да «Қырым факторы» әсер етті дейтін сарапшылар аз емес. Яғни, үлкен елдер өзара келісіп, мұнай құнын әдейі құлатты деген пікірлерді оқта-текте кездесіріп қаламыз. Бұл әрине, басқа әңгіме.

Форумға оралсақ,  аймақтардың ынтымақ форумына тақырып ретінде азық-түлік қауіпсіздігі таңдалған. Бұл мәселеде де қазіргі Ресей мен Еуропа, Ресей мен АҚШ текетіресі туралы көп айтуға болар еді. Бірақ, «сүрінгенге күлеміз деп, күлкімізді тия алмай қалып жүрерміз», деген қауіп те жоқ емес.

«Азық-түлік ең сенімді, ең тұрақты валюта», деді Мемлекет басшысы. Рас, қазір әлемдегі жан саны 7 миллиард, 200 миллионның маңайы. БҰҰ-ның есебіне қарағанда 2050 жылдары адам баласы 9 миллиардтан аспақ. Әрине, әрбір жан иесі ішіп-жейді. Яғни, азық-түліктің тұрақты да сенімді валюта екеніне шүбә жоқ.

Қазақстанмен қазір одақтас болып отырған Ресейді қос есептесек 453 миллион гектарға тең ауыл шаруашылығына арналған жер бар екен. Бірақ, дәл осы саладағы еңбек өнімділігі мардымсыз. Канада, Қытай секілді еңбекқор жұртпен салыстырғанда 8-10 есе кем.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деген қазақтың ескі мақалы амалсыз тіліңе оралады. Қош. Біздің Президент екі ел арасында дәл осы ауыл шаруашылығы саласында ынтымақты мықтау қажетін айтты. Нақтысы, өндірістік кооперацияны кеңейту, өзара инвестициялар құю.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бүгін сөз қылып отырған азық-түлік ең сенімді әрі тұрақты валюта. Мұнай, металл құны құлдырады. Ал, азық-түлікке сұраныс әрдайым болады, бола бермек. Біздің елдер агро өнеркәсіптік елдер қатарында.

Адамзаттың ендігі болашағы осы агро сектормен тікелей байланысты. БҰҰ есебінше әлемдегі адам саны 2050 жылы 9 миллиардтан асып кетеді. Жаһандағы барлық мемлекеттерді толғандыратын  басты мәселе халықты азық-түлікпен қамту болып отыр.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ресей федерациясының 85 аймағының 76-сы Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олардың көпшілігі үшін Қазақстан ірі сыртқы сауда-саттық нарығы болып саналады. Алыс-беріс жағынан Татарстан, Челябі, Орынбор, Свердлов облыстары алда тұр. Олардың әрқайсысында Қазақстанның тауар айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан астам.  

Әрине, көрсеткіштерді әр жиында әртүрлі интонациямен айтып, құбылтуға болады. Дегенмен,  біздің Ұлттық экономика министрлігі деректері былай дейді: Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында өткен  жеті айда тауар айналымы 11 миллиард доллардан 9 миллиард  долларға кеміген. Яғни, 22 пайызға азайған.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу