Мемлекет басшысы Ақмола облысына барды

13.09.2015
Мемлекет басшысы Ақмола облысына барды

Осы аптаның дүйсенбісінде ел Президенті масағы майысып, сабағы сарғайған Ақмола облысындағы егінді көріп келді. Қырмызы кілемдей жайылған, шөбі шұрайлы, шүйгін келетін Ақмоланың бидайы аз емес биыл. Тек аста төк астықты жауын-шашын төпелей жауып, ысырап қылмаса болды.

Дала қосынында Елбасы ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесіп, ашық сөйлесті. Үкіметтің жанармай бағасын неге еркіне жібергенін айтты. Мұнай бағасына тағы тоқталды. Ендігі уақытта табиғи байлықтарға иек артып отыра бергенді қойып, экономиканы диверсификациялауды тапсырды. «Жаһан жұрты мұнай сатып алмаса да, азық-түлікті тұрақты тұтынары айдай анық»,-деді Президент.

Биыл, республика дихандары 15 миллион гектарға дақыл септі. Ендігі міндет – осы егінді төкпей-шашпай жинап алу. Қазір ырыздықтың 25 пайызы орылып, қамбаға құт болып құйылды. Астықтың бір тоннасы 50 мың теңгеге саудаланады деген болжам бар.

Күзгі жиын-терімге 50 миллиард теңге бөлінген. Жанармай жеткілікті. Орақ ойдағыдай өтіп жатыр. Әзірге астықтың 23 пайызы қамбаға құйылды. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Президент жыл сайын егістік басына барып, күзгі науқанды бақылауды дәстүрге айналдырған. Биыл да сөйтті.

Атырапты аралап, егінді көрген соң, Мемлекет басшысы астықты аймақтың басшылары мен дихандарының басын қосып, кеңес өткізді. Кездесу кезінде елдегі егіннің 70 пайызы өсетін үш өңірдің әкімдеріне Президент нақты тапсырмалар берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жер сіз бен біздікі емес. Жердің иесі – халық. Бұл жер болашақ ұрпақтың меншігі. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін жерді аялап, сақтауымыз қажет. Егер бүгінгідей оңды-солды пайдаланып, құнарсыздандырып тастай берсек не қалады? Елімізде 180 мың шағын шаруашылық бар. Олар жердің құнарлысын пайдаланып болған соң жерді тастап кетіп  жатыр.

Агросектор – ел экономикасының драйвері. Солай болуға тиіс. Алайда, аталған сала өзіне жүктелген міндетті әлі ақтай алмай келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еңбек өнімділігі жағынан біз Ресей мен Беларусь елінен екі есе, ал, Еуропа мен АҚШ елдерінен 10 есе соңда жүрміз. Біз ең басты байлығымыз - жерді дұрыс іске жарата  алмай жүрміз. Тек қана Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында мүлдем игерілмеген 3,5 миллион гектар жер жатыр. Жалпы, ел бойынша 14 миллион гектар жер игерілмей келеді.

Жер өзімдікі - деп не өзіне, не өзгеге бермейтіндер көп. Енді, ондайларға заң бар. Жер кодексінің  97 бабы былай дейді: жер иемденуші қатарынан 3 жыл төмен өнім алса, жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Тағы бір өзгеріс. 1-қаңтардан бастап, жерді тиімсіз пайдаланушыларға салынатын салық мөлшері 10 есе артады. Тапсырманың орындалуын облыс басшылары қадағалайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жерді нарықтық айналымға енгізу өзекті мәселе. Қарапайым тілмен айтсақ, жер саудалануы тиіс. Әр жердің өз иесі болуы керек. Бізде бұл жүйе жұмыс істемейді. Батыста жерді жалға алу құқығының өзі сатылады. Дүние жүзінде осындай тәжірибе бар. Осы бағытты дамытуымыз керек. Осылай жасаған күнде ғана жер иемденушінің жерге деген ықыласы өзгереді.

Төрт пайыз. Бұл жалпы ішкі өнімнен ауыл шаруашылығының алатын үлесі. Нұрсұлтан Назарбаев «миллиардтап субсидия алатын сала неге кенжелеп тұр»,-деп, сұрақты төтесінен қойды. Мәселен, Канада бюджетінің төрттен бірін шаруалар тапқан табыс толтырады. Екі мемлекетте де агро саланы қолдауға жұмсалатын қаржы шамалас. Жері де ұқсас. Тек, технология бөлек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізде ауыл шаруашылығы ғылымы дамымай, тұралап қалды. Агро өндірістік кешен жанынан ұлттық ғылыми кеңес құрылуы керек. Субсидиялауға бөлінетін қаржының бір бөлігін, ғылым мен технологияны дамытуға жұмсаймыз. Бізде әлі күнге дейін шаруашылықты дамытуға бағытталған  ғылыми зерттеулер жүргізіліп көрмепті. Ғылымсыз, тың технологиясыз бірде-бір сала дамымайтындығын ескертемін. 

Мемлекет басшысы Қытайға барған сапарында бірқатар келісімдерге қол қойғанын айтты. Қытай әзірге 25 жобаны қаржыландыруға келіскен.  Инвестицияның жиынтық сомасы 23 миллиард доллар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сапасы сын көтермейтін жұмысы шаруашылықтар ауыл шаруашылығына тартылатын инвестиция көлеміне кері әсер етуде. Жыл сайын елге сырттан келетін шетелдік капиталдың 1 пайызы ғана ауыл шаруашылығына бұйырады.

Қазір, бізден Қытай және Араб елдері жер сұрап отыр. Сол жерде үлгілі шаруашылық құрамыз, дейді. Сіздерге сабақ болсын, өзімізде тәлім алайық, деп шетелдіктерді шақырып отырмын. Яғни, ауыл шаруашылығына инвестиция ғана емес, ғылым мен заманауи тәсілдер енеді.  

Жаңа жылдан бастап ұстаздар мен дәрігерлер жалақысы 50 пайызға өседі. «Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде мұндай қадамға баратын мемлекет кемде-кем»,-деді, Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кезінде «ауылбай» сөзі көңілге келетін еді. Ал, қазір сіздер тауар өндірушісіздер. Ауылда ауылшаруашылық саласында жоғары білімі бар, білікті азаматтар отыр.

Дүйім жұрт сенім артқан мұнай бағасы  бір жылда 115-тен 40 долларға дейін құлдырады. Салдарынан, бюджет 40 пайызға толмай қалды. Сондықтан, оның орнын толтыру енді ауыл шаруашылығына жүктеледі. Дүниежүзі мұнай мен металл сатып алмаса да, азық-түлікті тұрақты тұтынары даусыз-деп, Президент өзінің астықты аймақ Ақмолаға сапарын түйіндеді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу