Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Бейжіңде ҚХР Төрағасымен екіжақты нәтижелі келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Бейжіңде ҚХР Төрағасымен екіжақты нәтижелі келіссөздер жүргізді

06.09.2015
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Бейжіңде  ҚХР Төрағасымен екіжақты нәтижелі  келіссөздер жүргізді

Осы бейсенбіге дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасында болды. Қоңсылас жатқан алпауыт көршіге жай сапармен емес, 4 күнге созылған мемлекеттік сапармен барды. Қазақ Президентін Қытай билігі зор сый-құрметпен қарсы алғанын ерекше атап өткен абзал.

Бұл сапарда біздің Президент әріптесі Си Цзиньпиннен бастап, елдің іскер топ өкілдерімен қазақ экономикасына мол пайда әкелер келіссөздер жүргізді. 4 күндік сапар кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Жемқорлықпен күресті, еңбексүйгіштік пен тәртіпті қытайлықтардан үйрену керек. Бір жарым миллиардқа жуық адам осындай аумақта тұрып, бір отбасындай өз болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр», - деп ерекше атап өтті. Тегін емес. Қытай халқы өз тарихында талай рет тар жол тайғақ кешті. Аштыққа да ұрынды, қақтығыстарда қырылды. Бірақ, қиындықты қашанда жеңе білді.

Әуелден шетелдік инвесторларды тек арзан жұмыс күшімен ғана қызықтыратын Қытай бүгінде экономикасы жағынан АҚШ-тан кейін тұр. Табысқа не жетеледі? Әлбетте, маңдай тер, зор еңбек. «Қоймаң толсын десең, қораз шақырғанда тұр» деген аталы сөздері бар екен.

Олардың әр күні таңғы сағат төрттен басталады. Еңбек ету, үнемдеу - басты мұраттары. Шынында, Қытайда тек жұмыс күші ғана көп демесеңіз, істейтін жұмыс жоқ. Табиғи байлық біздегідей көп емес. Қалың халыққа жер тар. Сондықтан, Қытай үнемшіл келеді.

Осы күні көрші ел еңбекқорлар рейтингінде де немістерді басып озып, жаһан бойынша бірінші орынға шыққан. Тіпті, онда барып келгендер айтады, қытайлар еңбек демалысы дегенді, жалпы, «демалыс» деген сөздің барын білмейтін көрінеді.

Әр Қытайдың ұраны - «тойғанша жегің келе ме, тозғанша еңбек ет». Сонысымен, күллі әлемге еңбекқорлығымен үлгі. Елбасының да меңзегені сол.

«Алыстағы бауырдан, іргедегі көрші артық». Бұл - қытай нақылы. Алдыңғы буын, кейінгі толқынды  достық руһында тәрбиелейді. Қытайда жоғары деңгейдегі қонақтарды  құрмет қарауылымен қоса бүлдіршіндер қарсы алатын дәстүр бар.

Саясатта ел мүддесі тұрған жерде үлкен-кіші жоқ, екі президент жиі жолығып тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев пен  Си Цзиньпин  тоғыз рет кездесті. Бұл жолғы сапардың мәртебесі бөлек, мемлекеттік  сапар. 

Көрші елге  мерекелік шеру қарсаңында жиырмадан астам елдің  президенті  келді. Бірақ, көрші ел тек Қазақ көшбасшысына ғана ерекше құрмет көрсетті, мәртебелі қонақтың құрметіне зеңбіректен оқ атылды.

Қытай бүгінде «Бір белдеу, бір жол» деп аталатын үлкен стратегиялық бағдарламаны ілгерілетіп жатыр. Оның мақсаты - Ұлы  Жібек жолы керуенін қуалай, Еуропаға қарай еуразиялық өткел салу.

Қазақстан да сол жолда транзиттік әлеуетін пайдаланып, қауіпсіз әрі берекелі бағыттан үлесін алғысы келеді. «Нұрлы жолдың» да мұраты осы. Екі саясаткер  инфрақұрылым мен «ақылды» индустрияны дамыту керектігін жақсы түсінеді.

Қытай - Қазақстанның шешуші  сауда әріптесі. Екі ел арасындағы алыс-беріс ауқымы өткен жылы  17   миллиард долларды құрады.  Ал, биылғы жылдың үш айында  өзара сауда  екі миллиард долларға жуықтады.

Көрші ел Қазақстаннан негізінен «қара алтын» саудалайды. Металл, минерал, xимия өндірісіне  қажет шикізат  сатып алады. Ал, Қытай шекарадан бері қарай түрлі қондырғылар, металл өнімдері, автокөліктер, киім-кешек, керамика өткізеді. Алайда, биыл арадағы сауда көрсеткіштері төмен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен өзара қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын. Жиырма жылдан бері Қытаймен арадағы байланыстар үздіксіз дамып келеді, ынтымағымыз беки түсті. Сізді және Қытай xалқын екі бірдей маңызды шарамен құттықтаймын.  

Бірі - Жапон  басқыншыларына  қарсы  тұрған қытай xалқының жетпіс жылдық жеңісі,  ендігі бірі Бейжіңнің  Қысқы Олимпиада ойындарының астанасы  атануы. Қуаныштарыңызға ортақпыз. 

Бейжің Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындары өткен әлемдегі жалғыз қала болмақ.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Бүгін Қазақ Президетімен бірге көпсалалы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі туралы деклорацияға қол қоямыз. Бұл құжат өзара серіктестігіміздің қорытындысы әрі келешек әріптестіктің бағдарламасы. Қытай Қазақстанмен бірге қарым-қатынасты ілгерілетуге дайын.

Қазақстан тек шикізат саудалаумен шектелгісі келмейді. Елбасының Қытайға сапарының ең маңызды тұсы көрші ел инвесторларын  өңдеу өнеркәсібіне тарту болатын.

Сондықтан, біздің тарап  бірлесіп құруға болатын екі жүздей өндірістің тізімін жасап, Қытай үкіметіне күні бұрын   ұсынды.   Әріптес ел  алғашқы сатыда  соның қырық бесін  іріктеп  алып, қаржыландыруға келісім берді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин арасындағы келіссөздерден кейін  оншақты құжатқа қол қойылды. Көшбасшылар  көпсалалы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі туралы  бірлескен деклорацияны мақұлдады.

Қытай жағы әзірге жиырма бес жобаға инвестиция салуға келісті.  Олардың жалпы құны жиырма үш миллиард долларды құрайды. Бірлескен өндірістерге бұйырса он мың қазақстандық жұмысқа орналасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

45 жобаны бірінші кезеңде, тағы 45 жобаны  екінші кезеңде әкелеміз деп отырмыз. Индустриялды бағдарламаны жандандыру үшін өте қажет бір жағынан, екінші жағынан бүкіл дүниеде дағдарыс, дүниежүзі банктерінде ақша жоқ. Сондықтан, Қытайдан алып отырғанымыз бізге пайдалы нәрсе.

Қазақстан мен Қытай үшін енді әріптестіктің жаңа кезеңі басталады. Бұл кезең негізгі үш бағыттағы байланыстарды қамтиды. Инфрақұрылым, индустрияландыру және ғылыми әлеуетті біріктіру, инновация әкелу.

Келіссөздер кезінде қазақ делегациясы қойған талаптардың бірі -  жаңа өндірістердің инновацияға құрылуы әрі экологиялық талаптарға сәйкес келуі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі жаңа қадам екінші   кезең  деп отырғанымыз   - ол қазір тек  жаңа зауыттар салу, автомобиль зауыттары яғни, шикізат емес дайын өнім шығаратын зауыттарды салу.

Өндірістер жылдам  салынып біту үшін бастапқыда Қытайдан мамандар келуі де мүмкін. Дипломаттар әр  жұмысшыға виза беру тәртібін, қай жұмысшының Қазақстанда қанша мерзімге  қалатынын қарастырады. Бірақ, шетелдіктер  Қазақстанда қалай болғанда да ұзақ тұрақтамайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине, мұның барлығына түсіністікпен қарау керек. Өндірістерді тез салу үшін қытай мамандарын алып келетін боламыз. Оларға рұқсат береміз. Мысалы, өндіріс бір жыл  салынатын болса, бір жылға 500 адам әкелуге рұқсат береміз.

Өндірістер  бірлескен қазақ-қытай қоры арқылы қаржыландырылады. «Бәйтерек» xолдингі мен көрші елдің  «Сити групп» xалықаралық инвестициялық корпорациясы  жаңа қор құрылымдады. Оның қоржынында 600 миллион доллар капиталы болады. 

Алғашқы транш ретінде Қытай  250 миллион доллар аударады. Бұған қоса «Бәйтерек» xолдингі мен Қытай банкі арасында құны  бес миллиард доллар  болатын инвестициялық келісімге қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қарызға батып жатырмыз, деп ойлап қалмасын. Өндірістердің кейбіреулері түгел Қытай қаржысына салынатын болады. Кейбіреулері екі жақтан біріккен компания құрылып, кейбіреулеріне жеңіл несие аламыз.

Көп жылға аз несие ставкасымен. Барлық жағынан алып қарағанда бұл бізге пайдалы. Қанша қарыз болуы керек ол жағын біз қарап отырмыз. Шектен шығып кетпеу керек, аспау керек.

Қытай қазір инфрақұрылымдық жобаларға үлкен құлшыныспен кірісуде. Сондықтан, кейбір аймақтарда жол құрылысын  тегін атқарады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресейден келейін деп тұрған пайда жоқ. Өздерінің жағдайы қиын. Еуропаның банктері көмектесіп жатыр. Кейбір жобалар концессия бойынша  Қазақстанға  тіпті тегін болады. Оның барлығы біз үшін өте пайдалы.

Қазақстан мен Қытай заң шығару саласындағы ынтымақтастықты да жандандырмақ. Парламентаралық  байланыстар екі ел үшін де тиімді құқықтық  алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді. Елбасы Бейжіңде Бүкілқытай xалық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы  Чжан Дэцзянмен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы он жылдықта Қытай жүргізген реформа және ашықтық саясаты қуатты экономика құрып, елдің беделін биік деңгейге көтерді. Бұл орайда Бүкілқытай xалық өкілдері жиналысы елеулі рөл атқарады.

Чжан Дэцзян, Бүкілқытайлық xалық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы:

Сіз және ҚХР төрағасы  Си Цзиньпин қол қойған жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы шарт екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтереді.

Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға көрші неге үлкен мән береді? Бейжіңдегі келісімдердің  Қытай үшін қандай игілігі  бар? Бұл жөнінде  Елбасы  орталық партия мектебінде әңгімеледі. Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың коммунистік партиясының орталық  комитеті жанындағы орталық партия мектебінде оқытушылар мен ғалымдар алдында сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еуропа елдері  мен Азия тынық мұxиты аймағының арасында  жыл сайын шамамен алты миллион контейнер қатынайды. Қазір жүктің үлкен бөлігі шамамен 98 пайызы теңіз жолымен кетіп жатыр.

Шетелдік айлақтар арқылы тауар қырық  күн тасымалданады. Ал, Қазақстан арқылы  қатынас  анағұрлым қысқа, екі апта уақыт қана. Біз қазір Қытаймен  бірге жолды қысқартып жатырмыз.

Іргедегі көршімен арада күрмеуі шешілмеген мәселе жоқ. Біздің 1700 шақырымға созылатын ортақ шекарамыз бар. Бұл - достық,әріптестік желісіне айналды,-деді Нұрсұлтан Назарбаев партия мектебінде.

Си Цзиньпинмен болған келіссөздер кезінде екі елге ортақ су қоймаларын бірлесіп жарату мәселесі де  көтерілді.  Трансшекаралық өзендер Ертіс пен Іленің  игілігін бөлісу үшін келер жылы біз ұзақ күткен құжаттарға да қол қойылуы мүмкін.

Елбасы Бейжің сапарында  Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесті.  Бұл саясаткер Қытай төрағасымен арада болған келісімдердің  орындалуына тікелей жауапты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде Қазақстаннан Ресейге қарай автокөлік жолы салынды. Парсы шығанағына қарай Иран арқылы теміржол бағыты ашылды. Каспий теңізінде айлақ тұрғызылып, Қорғас арқылы Орталық Азия елдері қосылды.  Жаңа Жібек жолының Қазақстандағы бөлігі дайын деп сеніммен айтуға болады.

Сонымен, Қытайдың «Цинxуа» корпорациясы  Қарағанды облысында  жаңа зауыт салмақ. Көмірді  терең өңдеп синтетикалық отынға айналдыратын өндіріске 2,6 миллиард доллар инвестиция салынады. Нысан құрылысы 2016 жылы басталып, 2020 жылға қарай аяқталуы керек.

Хо Цинxуа, «Цинxуа» корпорациясының басқарма төрағасы:

Қазақстанда  жаңа жобаны қолға алып жатырмыз. Көмір өңдеу зауытын салу арқылы елдегі  индустриялды жобаны жүзеге асыруға атсалысатын боламыз.  Бұл сіздің тарап үшін жаңа жұмыс орындарын береді, экономиканың    өсіміне ықпал ететін болады.

Ал, «СНПС» корпорациясы Алматыдағы  арнайы экономикалық аймақта  диаметрі  үлкен құбырлар шығаратын  өндірісті қолға алмақ.  Жобаға  150 миллион доллар инвестиция  салмақ ниетте.

Компания бүгінде Қашағандағы кенішті игеруге, Шымкенттегі мұнай-газ өңдеу зауытын жаңалауға, Маңғыстаудағы мұнай құрылғыларын өндіретін кешеннің құрылысын жүргізуге қатысып жатыр.

Ван Илин, «CNPC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы:

Қазақстанда диаметрі 1400 мм болатын мұнай құбырларын құрастыратын өндіріс саламыз. Бұл зауыттың Қазақстандағы «қара алтын» өндірісінде маңызы үлкен.

Қытайдың    ірі компания жетекшілері елдегі индустриялды жобаларға, «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысуға ниетті. Көрші елге мемлекеттік сапары аясында Елбасы қытайлық  жетекші корпорация төрағаларымен  кездесті. 

Дяоютай резиденциясында Мемлекет басшысы «Ситик групп» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнминді де қабылдады. Инвестор Қазақстанда жүзеге асыратын жобалар жөнінде  Елбасымен ақылдасты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бірлесіп жұмыс істеген жылдар ішінде мол тәжірибе жинадық. Компанияның Қазақстан нарығындағы қызметі кезінде оң нәтижелерге қол жетті. Қазір жаңа заман келе жатыр жаңа жобалар мен жаңа міндеттер туындауда.

Қазақстанда көп кешікпей  жаңа автокөлік  бренді пайда болмақ. Бейжіңде бұл мақсатта арнайы меморандумға қол қойылды. «Allur Group» компаниялар тобы, Қытайдың «Джак моторс» және  «SMS»  компаниясымен әлемдік әйгілі автокөлік брендінің негізінде көлік құрастыру үшін  келісім бекітті.  Бұл ұлттық бренд қалыптастыру бойынша стратегиялық әріптестіктің басы ғана.

Андрей Лаврентьев, «Allur Group» автокөлік компаниялары тобының президенті:

«Джак моторс» компаниясының болашағы  зор. Қытай нарығында  автокөліктер құрастырушы  көшбасшы компания. Бізге де жаңа мүмкіндіктер, жаңа технологиялар қажет. Сондықтан, біздің мүддемізге лайық деп таптық.

Қазақстан  Тынық мұхитының  Ляньюньган айлағындағы логистикалық терминалын кеңейтпек. Бейжіңде Мемлекет басшысы көрші елдің Цзяньсу  провинциясының халық өкілдерінің Бүкілхалықтық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы -  Партия комитетінің  хатшысы  Лоу Чжицзюнмен кездесті. 

Ляньюньган   әлемдегі ең ірі әрі жүк өткізу мүмкіндігі  кең  жиырма  айлақтың бірі. Еліміз айлақ арқылы жыл сайын 150 мың  контейнер  жүк өткізе алады. Биыл контейнерлер саны 250  мыңға жетеді.

Ал, 2020 жылға  қарай Қытай арқылы  жылына отыз миллион тонна жүк өткізуге мүмкіндік береді. Бұл кезде контейнерлер саны  500 мыңға жетеді. Көрші ел Қорғастағы арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін арттыруға  да 600 миллион доллар инвестиция салатын  болды. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қытай мен Жапон басқыншылары арасында болған соғыстың  тариxы туралы шет мемлекеттер  көп құпияны біле бермейді. Жапон милитаризміне қарсы қару асынған көрші ел сұрапыл жылдары 35 миллион жауынгерін жоғалтты.

Келер ұрпақ тариx сабағын жадында сақтасын деген ниетпен Қытай Жеңістің жетпіс жылдығын атап өтуді ұйғарды. Бейжіңнің төрінде жетпіс рет зеңбіректен оқ атылды. Ардагерлер, әскерилер, бейбіт күннің ұландары соғыс құрбандарын еске алды.

Тариxи әділеттілік сол – II Дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесін қойған осы ел. Қыркүйек  айының үші. Қытай үшін әрі  фашизм мен милитаризмге қасқая қарсы тұрған талай  ел үшін  тағдырлы дата. Сондықтан,  Қытай тариxында тұңғыш рет  әскери шараға жиырмадан астам  мемлекеттің президеттері шақырылды. Қазақ Көшбасшысы шерудің  құрметті қонағы болды.

Бейжіңдегі басты алаңда Қытай қарулы күштерінің барлық құрылымдарының таңдаулы роталары сап түзеді. Құрлық әскері, теңіз және әуе күштерінің жауынгерлері президенттер алдында салтанатпен жүріп өтті. Тұңғыш рет көп алдына әйелдерден құралған рота шықты. Шеруге жиыны он екі мың жауынгер жұмылдырылған.

Шеруге  он жеті елдің әскерилері әрі соғыс ардагерлері шақырылған. Арасында біздің де  жауынгерлер бар. Қорғаныс министрлігінің  Құрмет қарауыл ротасы  қазақтың Көк туын көтеріп шықты.  Шеп алдында рота командирі - Мақсат Байжігітов.

Әскердің ізін ала алаңға зымыран кешендері, шынжыртабанды танктер, танкіге сүйеу болатын теxникалар тізілді. Олардың басым көпшілігін Қытай өзі құрастырған.

Шерудің басты жаңалығы - жетілдірілген танктер мен j-15 шабуылдаушы ұшақтары. Бірақ, Таньаньмын аралына ең жойқын зымырандар шығарылған жоқ. Оның екі себебі бар - әскери құпия әрі парад Қытай үшін өте  қымбатқа соғар еді. Ал, Әуе күштерінің Жеңіс шеруіне тартуы жетпіс саны. Мерейтой құрметіне арнап көрші ел көкке көгершін де ұшырды.

Елімізде жапон-қытай соғысына қатысқан ардагерлердің қатары сиреді. Қазиз ақсақал бір кездегі 298 атқыштар  дивизиясының мергені.

Қазиз Жолдыбаев, ардагер:

Араға жетпіс жыл салып Қытайға тағы келіп отырмын. Шеру өте жақсы өтті.

Жайнагүл Төлеміс, тілші:

Заманауи Қытай әскері шабуылдау өнерін жетік меңгерген. Бірақ, екі мың жыл бойы Ұлы Қытай қорғанын тұрғызған жұрт қорғанудың  да тариxи сабағын, терең философиясын ұмытқан  жоқ.

Анығында айдаһар арасында ақырып, айбат шеккенде, аймаққа көз алартқан алыстағы көп мықтының именері де xақ.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу