Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрімен кездесті

30.08.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрімен кездесті

Қазақстан мен Пәкістан химия өндірісі, банк секторы және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақты мықтамақ. Осы аптада елімізге ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі келді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Наваз Шариф араға 23 жыл салып, Ақордада кездесті. Алдымен, екеуара шағын құрамда, сосын екі жақты үкімет мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Негізгі мақсат - қос ел арасындағы сауда-саттықты жандандыру. Қазір біздің елде 70-тен аса Қазақ-Пәкістан бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді. Олар текстиль, құрылыс, туризм және жарнама салаларында қызме етеді. Дегенмен, екіжақты сауда саттық көрсеткіштері көңілді көншітпейді.

Ендігі мақсат - сол сауда-экономикалық ынтымақты мықтау. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек, әскери қызметшілерді Пәкістанда оқытуға уағдаласты. Мемлекетаралық іскерлік кеңес құрылды. Екі мемлекет енді транзитке баса мән бермек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Түрікменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына кіретін біздің сауда темір жол Пәкістанның теңіз порттарына шығуға мүмкіндік ашады. Бұл жағдайды да келістік. Екі жақтағы лауазымды адамдар бір-бірімен қарым- қатынас жасап, екі елдің арасындағы авиация, көлік жолы, темір жолдарын жақсылап қарайтын боламыз.

Наваз Шариф, Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі:

Мен Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Астананың келбеті сіздердің елдеріңіздің даму деңгейін көрсетіп тұр. Қазақстанның Пәкістанға деген ықыласы мені қуантып отыр. Соған сай бізде де өз еліміздің жалынды сәлемін сіздерге ала келдік.

2015 жыл Сіздің еліңіз бірнеше мерейтоймен ерекшеленеді екен. Алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдығын ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, Ел Конституциясының 20 жылдығы мен  Ассамблея  жылы да биыл екен. Осы сәтті пайдалана отырып, Құрметті Президент мырза, Сізді және Қазақстан халқын осы мерекелермен құттықтағым келеді.

Ал, жұма күні Елбасы Ақордада Сербия Президенті Томислав Николичпен кездесті. Бұл Серб Президентінің Астанаға ресми сапармен алғаш рет келуі. Екі ел Президенттері кездесу барысында екіжақты қатынастарға тың қарқын беруге қатысты мәселелерді талқылады.

Томислав Николич Нұрсұлтан Назарбаевты «Қазақ-Серб қатынастарының өркендеуіне қосқан үлесі үшін» арнайы медалімен марапаттады. Қазір екі ел арасында 20 шақты бірлескен кәсіпорын бар. Олардың көбі сауда-саттық және құрылыс салаларында жұмыс істейді.

Сербтер Алматы метросын салуға қолқабыс жасады. Келіссөздер кезінде осыны тілге тиек еткен Нұрсұлтан Назарбаев келешекте ауыл шаруашылығы, фармацевтика, машина жасау, теміржол, автокөлік жолдары секілді экономиканың әр саласында серіктестік орнатып, алыс-беріс көкжиегін кеңейту керектігін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сербияның Президенті Томислав Николич ресми сапармен тұңғыш келіп отыр. Еліміздің атынан сәтті сапар тілейміз. Бұл сапар Қазақ-Серб қатынасының тағы да жандануына себеп болады.

Сербия мемлекетімен көптен бері Қазақстанның қарым-қатынасы бар. Бірақ, қазіргі жағдайда сауда-саттық көлемі төмендеп тұр. Еуропадағы біз үшін маңызды елдердің бірі. 

Томислав Николич, Сербия Республикасының Президенті:

Біз Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен ауқымды тақырыптар бойынша келіссөздер жүргіздік. Біздің елдер арасындағы қатынас жақсы деңгейде дамып келеді. Екі ел арасында кикілжің жоқ. Достас мемлекеттерміз. Экономикалық байланыстардың дамуын қалаймыз.

Қазақстан ресми түрде Белградта Елшілік ашқанына қуаныштымын. Әсіресе, біздің елдер Косова мәртебесі және өзгеде жаһандық әрі өңірлік саясаттың маңызды мәселелері бойынша ұқсас ұстанымды ұстанып келеді.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу