Абай - қара орман жұртын білімге, ғылымға, еңбекке ерен үндеген ақын. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, жол да жоқ жарыместі «жақсы», демек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», -деп нағыз күш- ғылымда деп ой түйген. Ал, ғылым-білімнің қайнар көзі – кітапта.
Бүгін біз Елорданың төріндегі Елбасы кітапханасына саяхат жасамақпыз. Рас, Астана бүгінде тек саяси емес, ірі руһани орталыққа да айналып келеді. 17 жыл ішінде көркі көз тартар мәдени-рухани ошақтар көптеп бой көтерді.
Президент кітапханасы былтыр ашылды. Кітапхана, мұрағат қызметімен тікелей айналысса да, қызметтік сипаты әдеттегі көпшіліктік кітапханалардан өзгеше. Өйткені, бұл нысан – Елбасының жеке кітапханасы, жеке мұрағаты. Негізгі мазмұны Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы тұңғыш Президенттің идеялар тарихынан құрылады дегенге саяды.
Әсем Изатқызы, тілші:
«Артық білім – кітапта, ерінбе оқып көруге». Ұлы Абайдан қалған ұлағат бұл. Расында, қазір – білімдінің заманы, ғылымның ғасыры. Күшті білекпен емес, біліммен дәлелдейтін дәуір.
Елімізде «біздерді оқысын, көңілге тоқысын», деп көп кітапхана салынды. Солардың бірі һәм бірегейі – Елбасы кітапханасы. Былтыр бой көтерген ғимараттың құрылысы ерек. Ішіндегі кітаптар сирек кездеседі. Өте құнды, бірақ қолжетімді.
Сәулетті сарай дәулетті бас қаланы әрі жас қаланы әйгілейді. Сырттан қараған қауымға биікті шолған көз жанарын елестетеді. Бұл - «болатын елдің болашаққа, алысқа қарайтынын» білдірсе керек.
Ал, іші түңлікті түріп тастаған қазақтың киіз үйін елестеді. Бұл – салт-дәстүрді ұлықтайтын ұлы халықты аңғартса керек. Ғимарат 9 қабаттан тұрады. Диаметрі 81 метрге жетеді. Бір мезетте 500 адам сыйғыза алатын, көпшілікке арналған көрікті кешен.
Жапсарбай Қуанышев, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары:
Бұл кітапхана классикалық түрдегі кітапхана емес. Классикалық түрдегі мұрағаттық мекеме емес, мына экспозицияның өзі музейге жатпайды. Бұл – Елбасының жеке кітапханасы, жеке мұрағаты.
Кітапхананың бірінші қабаты көз тартады. Көпшілік осында суретке түседі. Естелік үшін. Екінші қабат Президент экспозициясымен ерекше. Елбасы идеялары шартты түрде 6 тақырыпқа топтастырылып, интерактивті үстелге жиналған. Біріншісі «Қазақстан патриоты деп аталады», екінші үстелге «Сөз құдіреті» деген айдар тағылған.
Еңлік Нұрманова, сарапшы:
Үшінші интерактивтік үстел «Еуразия жүрегінде» деп аталады. Бүгінде Еуразия жүрегінде Астана қаласы бой көтерді. Көптеген ғимараттар салынды. Астананың ауысуы туралы көптеген құжаттарды мұрағаттан алып, таныса аласыздар. Төртінші интерактивті үстел – «Өзгерістер қуаты».
Бесінші үстелді «Бастама мен әріптестік». Соңғысының атауы «Бейбітшілік пен келісім». Айтпақшы, осы қабатта Елбасыға әр кездерде сыйға берілген жәдігерлер бар. Бүгінге дейін бұл кітапхананың табалдырығын 6 мыңнан аса адам аттаса, 6 елдің Президенті бас сұққан. Олардың да тартулары төрде тұр.
Жапсарбай Қуанышев, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары:
Мынау қару-жарақ сөресі. Мәселен, мына жерде дуэльге арналған қару-жарақтар қойылған. Бұл Ұлыбританияның 18-19 ғасырлардағы жинақтары. Мынау көпестің таяқшалары - Путин сыйлаған сый, 18 ғасырдың заты.
Бұдан бөлек, министрлердің, елші, әншілердің, спортшылардың да сыйлығы сақтаулы. Ал, косманавт Талғат Мұсбаевтың мына дүниесі тіпті құнды. Қолмен ұстап көруге рұқсат жоқ.
Еңлік Нұрманова, сарапшы:
Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшқан сәтінде өзімен бірге осы Құран кітапты алып кеткен екен. Сол Құран кітапты Елбасыға 2001 жылы сыйға тартқан.
Кәдімгі кітаптарды ғана емес, электронды түрде жүйеленген жинақтарды да осы қабаттан табасыз. Мобильді кітапхана заманның барлық ғылыми жаңалығы мен соны технологиясын тұтынып отыр. Тіпті, Президенттің әр кезде әр жерде сөйлеген сөздерінің бәрі электрондық жүйеге келтірілген. Әлбетте, бұл кітапхана қызметкерлерінің ерен еңбегі дерсіз. Хош.
Үшінші қабат - Елбасының жеке кітапханасы. 20 мыңға жуық құнды кітап сақтаулы. Үлкен үш көрмеден тұрады. Бірінші – жеке коллекциясы. Онда өкілетті елшілердің берген кітаптары қойылған. Әрі сирек кітаптар да осында.
Екінші – Тәуелсіз Қазақстан көрмесі. Егемен ел болғалы бағындырған белестер мен атқарылған игі істердің тарихи құжаттары бар мұнда. Үшінші көрме Біздің Президент.
Бибігүл Бекенбаева, кітапханашы:
Астананың ауысуында да блоктноттар қойылды. Елбасы өзі бірінші, екінші, үшінші кварталда қандай жұмыс жасалуы керек деген блокнотын қойдық. Астананың картасы. Мынау да Елбасы қолтаңбасымен жазылған. «Астанаға келдік. Боран, Көкшетауға боранмен келдік», дегенін жазбасын салып, архивке қойдық.
Көпшіліктің көзайымына айналған кешенге келуші көп. 1-10 маусым аралығында ашық есік күндері өтті. Кітапхананы сол он күнде 3000-нан аса адам аралапты. Жасы да, жасамысы да бар. Шетелден келген меймандар да жүр. Мысалы, мына қос бұрымды Италиядан келді. Кети мен Милия. Соңғысының әкесі архитектор екен. Астананың сәулетіне қызығатын көрінеді.
Милия, турист:
Астанаға алғаш рет келуіміз. Өте ұнады. Келбетті шаһар екен. «Пирамида», «Ханшатырда» болдық, бәрі ерекше стильде салынған ғимараттар. Таңданып, әрі тамсанып жүрміз. Бір апта боламыз. Сол уақытта қаланы аралап шыққым келеді.
Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
Мен Елбасы кітапханасына алғаш рет келіп отырмын. Бұл тек әсем әрі әйдік ғимарат қана емес. Бұл мазмұны жағынан да ерек ғимарат. Өйткені, бұл тұңғыш Президенттің кітапханасы ғой.
Назарбаев кітапханасының болғанын мен құптаймын. Еңбегі сіңген адамды қашан да бағалаған жөн. АҚШ тарихында да осындай Президент кітапханалары болған.
Президент мұрағатын сақтап, бір жүйеге келтіріп, жинақтау – жиһан тәжірибесінде бар. АҚШ, Франция, Түркияда кездеседі. Жақын жұрттан Ресей мен Әзірбайжан. Кітап - өмір айнасы.
Егер мемлекеттің құрылуы, қалыптасуы һәм даму жолын ой елегінен өткізгіңіз келсе, руһани байығыңыз келсе, кітапханаға барыңыз. Өйткені, Елбасы кітапханасының ғимараты қаншалықты биік болса, ішіндегі қазына соншалықты терең шыңырау.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ