Грекия дамушы мемлекеттер қатарына қосыла ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грекия дамушы мемлекеттер қатарына қосыла ма?

05.07.2015
Грекия дамушы мемлекеттер қатарына  қосыла ма?

Бүгін Грекияда референдум өтіп жатыр. Онда халық бюджетті мейлінше қатаң үнемдеуді не қолдауы керек, не қолдамауы керек.

Егер қолдайтын болса, онсыз да хәлі мүшкіл гректердің жағдайы тіптен нашарлайды. Қарсы дауыс берсе,  еуродан, одан кейін одақтан шығып,  бай елдердің клубымен қош айтысады. Демек, дамыған мемлекеттер тізімінен сызылып, дамушы елдер қатарына  қосылуы мүмкін.

Ресми Афинының алдында осындай күрделі таңдау тұр.  Еске сала кетсек, жұма күні Еуропалық қаржы тұрақтылық қоры  Грекияны төлемге толық қабілетсіз мемлекет деп жариялаған.

Шілденің 1-і күні Грекия халықаралық валюта қорына 1,5 миллиард еуродан аса көлеміндегі несие берешегін төлей алмай дефолтқа ұшыраған. Жағдай қалай өрбуі мүмкін?

Грекияда дауыс беру бөлімшілері жергілікті уақытпен таңғы сағат 7.00-де ашылды. Бүгін миллиондаған грек халықаралық кредиторлардың талаптарына  не «иә», не «жоқ» деп жауап беруі керек.

Қарапайым тілмен айтсақ, оларға  сырттан несие алу үшін «бюджеттің қысқарғанын, яғни, жалақы мен зейнетақының кесілгенін қалайсыз ба?», деген сауал қойылып отыр.

Бұл мәселе соңғы бір аптада грек қоғамын екіге жарды. Өйткені, біреу еуропаша өмір сүргісі келеді, енді біреу сол Еуропа одағынан тәуелсіз экономикалық саясат жүргізілгенін қалайды.

Эллиас Заппас, Афины тұрғыны:

Мен «иә» деп жауап бергендер басым түседі деп үміттенемін. Грекия Еуропада қайтадан мықты күшке айналуы керек. Ең бастысы, Брюссельдегілер бізді тағы да кемсітпесе болғаны.

Пелопидас, Швециядан келген грек:

Мен  грек халқы «Еуропа» деген қасқырлардың мекенінен кетсе екен деп тілеймін.  Шамасы келсе, Отаным бұл одақтан тезірек шығуы керек.

Грекия еуроаймаққа 2000 жылы кірді. Бай елдерінде қатарында еніп, солар тәрізді өмір сүргісі келді. Алайда, нақты экономиканы нығайту арқылы емес, қарыздың күшімен. 2007 жылға дейін бұл мемлекет шынында да сол одақтастарының біразынан артық болмаса, кем тіршілік еткен жоқ.

Әрине, миллиардтаған еуроны Афиныға ешкім тегін бермеді. Сондықтан, Грекия борышын қайтару үшін сырттан үсті-үстіне капитал тартты. Қысқасы, берешекке берешек қосылды.

Соңғы мәліметке қарағанда, Грекияның қарызы бүгінде 315 миллиард  еуроға, жалпы ішкі өнімнің 177 пайызына жетіп отыр.

Осы соманың 142 миллиарды - Еуропа қаржылық тұрақтылық қорынан алынған. Ал, Халықаралық валюта қорының өзіне Афины өткен айдың соңына дейін 1 миллиард 600 миллион еуроны қайтара алмады.  Сол үшін балқандық республикаға қаржылай көмек бағдарламасы тоқтатылды.

Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының президенті:

Бағдарлама аяқталды. Оны әрі қарай ұзарту туралы келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Грекия референдум арқылы біздің талаптарымызға қарсы дауыс беретін болса, ең алдымен ол өзінің позициясын әлсіретіп алады.

Грек экономикасы сырттан тартылған қаржылай көмектің арқасында биыл 0,2 пайызға өсіп, даму жолына түсті. Алайда, сол мардымсыз өсімнің өзіне жету үшін мұнда мыңдаған адам жұмыстан айырылды, жалақы мен зейнетақы төмендеп, салық көтерілді.

Осындай шақта қатаң экономиядан бас тартып, «халық тұрмысын жақсартамыз», деп билікке Алексис Ципрас бастаған социалистер келді. Премьер-министр қазір отандастарын халықаралық кредиторлардың шарттарына қарсы дауыс беруге үгіттеп отыр.

Алексис Ципрас, Грекия премьер-министрі:

Көптеген адам үкіметтің ұсынысынан бас тартуы мүмкін. Бірақ, ешкім халықтың өз тағдырын өз қолына алу ниетін жоққа шығара алмайды. Біз ультиматумды қабылдай алмаймыз. Оған «жоқ» деп дауыс берейік.

Дегенмен, Ципрастың Еуропадан кеткісі жоқ. Оның пікірінше, Грекия бүгін «жоқ» деп дауыс берсе де, одақтан несие алу жөніндегі келіссөздерді әрі қарай жалғастырудан үмітті.

Еурокомиссия, Еуропа орталық банкі және Халықаралық валюта қоры қазір Грекиядан тағы да айлық пен зейнетақыны төмендетуді, салықты көтеруді талап етіп отыр.

Кредиторлардың ойынша, егер осы шарттарға көнетін болса,  Афиныда қарызын өтейтін және қосымша көмек алатын мүмкіндік болады.

Бірақ, бюджеттің қайта-қайта қысқаруынан халқының жағдайы әбден төмендеген Грек үкіметі мұндай шарттарды енді қабылдаса, орнында ұзақ отыруы екіталай.

Илиас, Афины тұрғыны:

Референдум немен аяқталса, онымен аяқталсын. Біз қиын жағдайға душар болдық. Неше түрлі сынақтардан өттік.  Одан ештеңе шықпады. Енді не боларын ел дауыс беріп болған соң  көрерміз.

Еуропа одағы басшыларының ескертуіне қарағанда,  референдумда қатаң экономияның қарсыластары жеңіске жететін болса, Грекия еуровалюта аймағынан шығуы ғажап емес.

Алайда, осы елдің қаржы министрі Янис Варуфакистің сөзіне сенсек, гректерде бұрынғы ұлттық ақша - драхманы қайта басып шығаратын станок та жоқ.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу