«Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы - елорда дамуына тың серпін берген бірегей жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы - елорда дамуына тың серпін берген бірегей жоба

05.07.2015
«Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы - елорда дамуына тың серпін берген бірегей жоба

Астана - елдің жүрегі. Астана - ел экономикасының күретамыры. Сәулеті дәулетіне сай шаһар.

Президент бастамасымен құрылған «Астана -жаңа қала» атты арнайы экономикалық аймақ - елорданың ерекше қарқынмен дамуына тың серпін берген бірегей жоба.

Жоба аясында индустриалды-инновациялық парк салынып, жас қаланың маңында заманауи өндірістер өркен жайды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық бой түзеді.

Осы 17 жылдың ішінде Астанадағы өндіріс өнеркәсібінің өнімі 300 миллиард теңгеге жетіп, 8 пайызға өсті. Экономикаға 545 миллиард теңге инвестиция салынды. Қалада шағын және орта кәсіп қарқын алды.

Бұл секторда өндірілетін өнім жалпы өңірлік өнімнің 40 пайызын құрайды. Шағын кәсіпкерлікке жұмысқа қабілетті қала тұрғындарының көпшілігі қатысып, жергілікті бюджетке түсетін табыстың 70 пайызын береді. Бұл - бүкіл Қазақстанға үлгі боларлық көрсеткіш. 

Астананың дамуы 2000 жылдардың басында арнайы құрылған экономикалық аймаққа жүктелді. Ерекше мәртебеге ие құрылым екі бағытта қатар жұмыс істеуге міндеттелді.

Біріншісі - Есілдің сол жағалауында әкімшілік-іскерлік орталық салу. Мінсіз орындалып келе жатқан бұл міндет бойынша қазір Есілдің сол жағалауында төбесі зеңгір көкпен таласқан, зәулім де көркі көз тартарлық 300-ден астам әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендері және ойын сауық орталықтары салынып, халықтың игілігіне берілді.

Ал, екінші бағыт бойынша Елордада екі индустриалды аймақ бой түзеп келеді. 

Архат Саябаев, «Астана- жаңа қала» АЭА басқарма басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта бірінші индустриалды аймақта инвестициясы 150 миллиард теңгені құрайтын 55 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 21-ін іске қосып, қалған 34 жобаны 2017 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Астанадағы айрықша жобалардың бірі - «Astana Solar» зауыты. Авторы - Нұрсұлтан Назарбаев. Күн көзінен қуат өндіретін өнім шығару туралы тың идеяны Президент 2010 жылы Францияға барған кезекті сапары кезінде жариялады.

Ал, Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасын жүзеге асыру «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық компаниясына тапсырылды. Уран өндіруден әлемдегі №1 кәсіпорын атанған ұжым осылайша тұңғыш рет елімізде баламалы энергетика секторын дамытуды қолға алды.

Елбасының бастамасымен екі жылдың ішінде Елордада озық үлгідегі, дүниежүзінде теңдесі жоқ жаңа зауыт салынды. Әрі зауыт өнімі Елордада өтетін EXPO көрмесін толық қамтып, алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Азат Бетекбаев, «KazPV» жобасының жетекшісі:

Кәсіпорынның жобалық қуаты 60 мегаваттан кем емес. Бұл - жыл сайын бір жылу электр станциясын салғанмен тең. «Astana Solar» ЖШС зауыты «КазPV» жобасының түйіндеуші технологиялық буыны ретінде дайын өнім - Күн модульдерін шығарады. Бас-аяғы екі жылдың ішінде шикізат өндіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклды қамтитын өндіріс орны іске қосылды. Бұл да болса бұрын негізінен шикізат қорымен танылған Қазақстанның енді әлемге өзінің дайын өнімдерін ұсына бастағанының жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының алдымызға қойған талабы да, тапсырмасы да - осы.

Елордадағы индустриалдық паркте ел біле бермейтін тағы бір жаңа зауыт бар. Ол - аффинаж зауыты. Елбасының тікелей тапсырмасымен іргесі қаланған кәсіпорын саф алтынның халықаралық стандарттарға сай 9999 сынамасымен құймалар әзірлейді.

Стратегиялық маңызға ие нысанға ел қазынасынан 5 миллиард 430 миллион теңге жұмсалды. Зауыт алғашында өзі шығарған алтын құймаларын тек қана Ұлттық банктің алтын валюта қорына өткізеді. Ал, өз кезегінде Ұлттық банк қорға қажет алтынды басқа елден тасымалдап, табандарынан таусылмайды. Яғни, алыстан арбаламай, іргеден алып, басы артық шығыннан құтылады. Сондай-ақ, өнімнің өзіндік құны олар үшін арзанға түседі.

Мейрамғали Тілеужанов, «ТауКенАлтын» ЖШС аффинаж зауытының директоры:

Швейцария, Италия, Германия, Дубайға бардық. Ресейдің барлық зауыттары бізге есіктерін ашып берді. Сол зауыттардың ішінен тек қана ең жақсы технологияларын алдық. Мұндай зауыт дүниежүзінде жоқ.  

Қазір Елорда іргесіндегі индустриалды паркте 2,5 мың адам еңбек етеді. Биыл жыл соңына дейін тағы 6 жоба іске қосылып, 1,5 мың адам жұмысқа тартылмақ. Сонымен қатар, екінші паркті іске қосуға байланысты дайындық шаралары да шираған.

Архат Саябаев, «Астана - жаңа қала» АЭА басқарма басшысының орынбасары:

Екінші индустриалды паркті дамыту үшін, халықаралық деңгейге сәйкес келтіру үшін әлемдегі ең үздік сарапшыларды тарту туралы шешім қабылданды. Қазір сингапурлық компания екінші парк жоспарын әзірлеуде.

Астана 17 жылда адам танымастай өзгерді. Астана барлық аймақтардың дамуына серпін беріп, жан басына шаққандағы табыс бойынша республикада көш бастады.

Осы 17 жылдың ішінде қаладағы қарапайым жұмысшылардың орташа жалақысы 14 есе өсіп, қазір 172 мың теңгеге жетті.

Анар Темірбекова, қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

Астананың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір өсті. Соңғы 17 жылда  65 пайызды құрады. 1998 жылы 60 миллион болатын, ал, қазіргі таңда 4 триллион теңгеге жетіп отыр.

Елордада шағын және орта кәсіпкерлік саласы ерекше дамыған. Қазір 80 мыңға жуық шағын кәсіпкерлік нысандарында 200 мыңнан астам адам нәпақа тауып жүр. Бұдан бөлек, сауда-саттық пен қызмет көрсету саласының көлемі ұлғайып, сапасы артып, сырттан қаржы тарту мәселесі де қарқын алып келеді.

Анар Темірбекова, қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

17 жылдың ішінде қала экономикасына 5,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Ол көбінесе құрылысқа, оның ішінде тұрғын үй құрылысына жұмсалды. Соның нәтижесінде 14 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жалпы, Арқадағы қаланың ажары Президенттің жіті назарында. Сондықтан болар, Нұрсұлтан Назарбаев Астананы көркейтуге қатысты жұрт көкейінде жүрген мәселелерді ешқашан елеусіз қалдырған емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Болашақта 80 қабатты «Әбу-Даби Плаза» кешені  іске қосылады. Диаметрі 120 метрлік үлкен шардың ішінде біздің негізгі павильон EXPO ішінде  болады. Бұл жерде арнайы трамвайлар жүреді. Көркі де, болашағы да зор.

Осыдан 10 жыл бұрын Мемлекет басшысы «Астана - ел экономикасының локомотиві болады. Құрылыс индустриясы қарқынды дамиды, ол экономикамыздың басқа салаларын дамытуға ықпал етеді», дегенді жиі айтып, көптің күдігін сейілтіп, үмітін оятатын, арман ететін. Сол арманның ақиқатқа айналғанына бүгінде Қазақ елі ғана емес, бүкіл әлем куә.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу