Вашингтон мен Мәскеу неліктен қайтадан айқасуға әзір? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон мен Мәскеу неліктен қайтадан айқасуға әзір?

21.06.2015
Вашингтон мен Мәскеу неліктен қайтадан айқасуға әзір?

Тоқсаныншы жылдардағы Балқан түбегіндегі жанжалды айтпағанда, соңғы 70 жылда соғыс көрмеген Еуропадағы қауіпсіздік жағдайы былтырдан бері аса тұрақты емес.

Осы аптада Ресей президенті ядролық арсеналын жаңа зымырандармен толықтыратындығын ескертті. Өйткені,  АҚШ баяғы социалистік лагерь елдеріне танкілері мен жауынгерлерін қоныстандырып қана қоймай, тіпті зымырандарын да орнатады деген қауіп бар.

Сонда қалай, «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі идеологиялық қарсыластардың жаппай қарулануға тағы кіріскені ме? Бұл сауал қазір батысты да, шығысты да мазалап отыр.

Соңғы екі айдың өзінде НАТО елдерінде де, Ресейде де әскери жаттығулар да жиілеп отыр. Кеңес одағы құлағаннан кейін серіктеске айналған Вашингтон мен Мәскеу неліктен қайтадан айқасуға әзір?

Қауіп қайдан төнсе, әскеріміз сонда. Турасын айтқанда – Калининградта, Қырымда. Сейсенбі күні Ресей президенті НАТО-ға осыны тұспалдап ескертті. Және де Владимир Путин «қырғи қабақ» соғыс жылдарындағы қарсыласымен дауда атом қаруын басты аргумент етіп таңдап алғандай.

Осы аптада Мәскеу облысындағы Кубинкада «Армия-2015» атты әскери-техникалық форум ашылды. Бұл шара Ресейде қарулы күштерді модернизациялау, оның қаржысын көбейту кезеңінде ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкенің беташарында Кремль жетекшісі мәлімдемегендей, биыл оның елінің ядролық арсеналы ондаған жаңа зымырандармен толығады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

40-тан астам құрлықаралық баллистикалық зымыран биыл ядролық арсеналымызға қосылады. Олар техникалық тұрғыдан ең озық деген ракетаға қарсы қорғаныс жүйесіне де төтеп бере алады.

Интерконтинентальдық баллистикалық зымырандар кемінде 5 жарым мың шақырымға жетеді. Алайда, Путин жаңа ракеталардың ұшу қашықтығына арнайы тоқталған жоқ.

Бір анығы – ол бұл мәлімдемені АҚШ өзінің танкілері мен басқа да ауыр қаруын НАТО-ның Ресеймен шекаралас мемлекеттеріне шоғырландыратынын жариялағаннан кейін жасап отыр.

Путиннің ойынша, Вашингтон Шығыс Еуропаға жауынгерлері мен әскери техникасын жөнелте отырып, Кеңес одағы құлағаннан бергі ең үлкен агрессияға барады.

Путиннің мұндай мәлімдемелері Ресейдің өзінде президенттің беделіне бедел қосса, Батыста соғысқа әзірлікті күшейтіп келеді. Соңғы бір жылда НАТО теңізде де, құрлықта да, әуеде де әскери жаттығуларды жиілетті.

Ал, осы альянстың бас хатшысының сөзінше, Кремль жетекшісі «қылышын жалаңдатқаннан» кейін альянстың әзірлігі тіпті артатын болады.

Йенс Столтенберг, НАТО-ның Бас хатшысы:

Ядролық қылышты мұнша жалаңдату өзін-өзі ақтамайды. Бұл – тұрақтылықты теңселтетін қауіпті риторика. Осының өзі әскеріміздің дайындығын әрі қарай күшейтуге себеп. НАТО болашақта да өз мүшелерін қауіптен қорғайтын одақ болып қала беретіндігіне сендіргіміз келеді.

Путин мен Столтенбергті айтыстырып қойған даудың себебіне қысқаша тоқталсақ, ол турасында жақында ғана «Нью-Йорк таймс» газетінде бір мақала жарияланды. Автордың мәліметіне жүгінсек, Америка Құрама Штаттары кейінгі кездері Ресейдің әскери белсенділігіне алаңдаған Латвия, Литва, Эстонияға алғаш рет танкілері мен жаяу әскер машиналарын және жауынгерлерін шоғырландырмақ.

Сонымен қатар, Польша, Румыния, Болгария, қажет болса, Венгрия аумағында да америкалық сарбаздар мен арсенал орналасуы мүмкін. Жалпы алғанда, Пентагон бұл мемлекеттерге 5 мыңдай солдат пен офицер жөнелтуді жоспарлап отыр.

Америкалық газеттің хабарлауынша, Литва мен Польша тіпті осы мәселе жөнінде Вашингтонмен келіссөздерді бастап кетті. Ал, Пентагон мен Ақ үй соңғы шешімді НАТО елдерінің осы айда Брюссельде өтетін кездесуіне дейін қабылдамақ. Дегенмен, америкалық жоспарда ядролық қару туралы әңгіме мүлде жоқ. 

Бірақ, Путиннің мәлімдеуінше, трансатлантикалық күштердің шекараға жақындауының өзі Ресейді қорғанысты әрі қарай нығайтуға мәжбүрлеп отыр.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Егер кімде-кім біздің қандайда бір территориямызға қауіп төндірсе, қаруымызды сол жаққа бағыттауымыз керек. Басқа амал жоқ. НАТО ғой біздің шекарамызға жақындап келе жатқан, біз емес.

Кремль басшысы ескерткендей, Ресей қазір өз алдына Батыспен жарыса қарулану мақсатын қойып отырған жоқ. Мәскеу АҚШ пен НАТО-ның Шығыс Еуропадағы әрекетіне жауап ретінде өзінің батыстағы шекарасын нығайтып, сол аймақтағы танкілерінің, ұшақтарының, зымыран кешендерінің, жауынгерлерінің санын көбейтеді.

Және де Ресей 2020 жылға дейін қару-жарағының 70 пайызын жаңартуды көздеп отыр. Алайда, қарулы күштерді модернизациялауға экономикалық рецессия қолбайлау болатын түрі бар. Мәселен, былтыр Ресейдің қорғаныс бюджеті 32 пайызға өссе, биыл 4 пайызға қысқарған.

Ал, Шығыс Еуропа мемлекеттерінде АҚШ-тың ғана емес, НАТО-ның шұғыл жауап беру күштерінің де саны артып, 30 мың адамға жетпек. Олар бірте-бірте Балтық елдері мен аймақтағы басқа республикалар үшін қорғаныс пен қауіпсіздіктің кепіліне  айналуы тиіс.

Юоазас Олекас, Литва қорғаныс министрі:

Осыған дейін жерімізге ешкімнің әскерін шоғырландырған жоқпыз. Кезінде Грузия да, Украина да, Молдова да сырттан күш тартпады. Кейін олардың барлығы шабуылға ұшырады, адам жоғалтты, территорияларынан айырылды.

Балтық теңізі. Зымыраған әскери катерлер, олардың ар жағында АҚШ-тың «Сан-Антони», Британияның «Оушен», поляктың «Люблин» деген алып кемелері. Бұл жаттығу жақында ғана Ресейдің Калининградтағы әскери-теңіз базасынан 160 шақырым жерде ғана өтіп, оған НАТО-ның 17 мемлекетінен 5900 жауынгер мен офицер қатысты.

Балтық елдері – Украина емес. Литва да, Латвия да, Эстония да – Солтүстікатлантикалық альянстың толыққанды мүшелері. Бірақ, бұл жаттығулар сол шағын республикаларды қорғауға әзірлік қана емес, Еуропадағы әскери бәсекенің өршіп бара жатқандығының бір көрінісі іспетті.

Филип Бридлав, АҚШ-тың Еуропадағы күштерінің қолбасшысы:

Айта кететін бір жайт, қазір Ресейдің қауқарының артқанын және оның қарулы күштерінің жаңарып, ірі стратегиялық әрекеттерге бара алатынын көріп отырмыз. Біз соны тоқтата алу үшін өзімізді күшейтуге тиіспіз.

Өткен айларда АҚШ Украинаның ғана емес, Грузияның да әскерін дайындықтан өткізді. Бұл жаттығу оңтүстіккавказдық республиканың Вазиани базасында ұйымдастырылып, оған грузиннің 600-дей сарбазы қатысты.

Сонымен қатар,  Құрама Штаттар мен Еуропаның 8 елі Арктикада да өзінің әуе күштерін сынап, оған озық үлгідегі ұшақтары мен мыңдаған жауынгерін тартты.

Соғыс ойындарын өткізуден Ресей де соңғы екі айда Батыстан кем түспей отыр. Мамыр-маусымда Астраханьда, Волгоградта, Краснодар мен Ростовта, Калининград жағалауында сан мың жауынгер мен офицер, зымырандар мен танкілер, әскери ұшақтар мен  кемелердің ұрысқа қауқары сыналды.

1997 жылы Ресей мен НАТО қабылдаған акт бойынша, Солтүстікатлантикалық альянс Шығыс Еуропаға әскер шоғырландырмауы керек. Бірақ, сол келісімнің бұзылуы Мәскеуді әрі қарай қарулануға, қорғанысты күшейтуге итермелеп отыр. Мұны тоқтату үшін істеу қажет?

Вольфганг Ишингер, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы:

Менің жеке пікірімше, НАТО Ресеймен арадағы базалық актіні бұлжытпай орындауы тиіс. Ол келісімде айқын көрсетілген: НАТО өзінің Шығыс Еуропадағы елдеріне әскери бөлімшелері жібермеуі керек.

Бірақ, Еуропадағы қауіпсіздік жүйесі былтыр наурызда Қырым Ресейдің құрамына өткеннен кейін теңселе бастады. Сонымен қатар, Батыс мемлекеттері Мәскеуді Украинаның шығысына әскер кіргізді деп айыптап келеді. Алайда, Кремль мұны жоққа шығарып, Донбассқа Ресейден тек еріктілер аттанғанын ішінара мойындады. 

Дау жалғасып жатыр. НАТО мен Ресей қазір серіктес емес - бір-бірін қарумен қорқытқан алпауыттарға көбірек ұқсайды. Тура «қырғи-қабақ» соғыс жылдарындағыдай.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу