Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары өнеркәсібі алға басқан аймаққа айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары өнеркәсібі алға басқан аймаққа айналды

17.05.2015
Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары өнеркәсібі алға басқан аймаққа айналды

Әлемді әлсіретіп, жуан мемлекеттерді пұшайман халге түсіріп һәм жабағы жүні түлемеген жүдеу жұртты мүлде төмендетіп тастаған жаһандық  дағдарыстың жетер шыңы, таусылар тұсы, мәре сызығы әзір көрінбейді.

Долбар көп, дөп басқан ешкім жоқ. Өнері де өресі де зор, алымды әрі шалымды  Еуропа жұрты «дағдарыстың аттандап алдын-алатын мезгіл өтіп кетті, енді өзімен күресуден өзге амал жоқ» ,-деп ашық мойындаған.

Ал, «көппен көрген ұлы той», деп қашанда арқаны кеңге салуға бейім қазақтың билігі бірақ, бұл жолы етек-жеңін өз деңгейлестерінен, көрші-көлемнен  ерте жиды.

«Нұрлы жолдай» шұғыл бағдарлама қабылдап, шығынды азайтып, барды үнемдеуге көшті. Соның арқасы шығар, қазақтың экономикасы өзге елдердегідей ентігіп тұрған жоқ. Өңірлер де өркен бар, өріс байқалады.

Бір ғана мысал, төскейінен төрт түлік өргізіп, тек бау-бақша егуді басты кәсіп еткен Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары өнеркәсібі де алға басқан аймаққа айналды.

Аграрлы аймақ саналатын Оңтүстік Қазақстан облысы бұған дейін тек тоқыма, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі дамыған аймақ ретінде танылып келді. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының арқасында бұл салаларға қосымша тағы машина құрастыру, көлік логистикасы және құрылыс материалдары кластері қалыптасты. 

Бұрын-соңды өндірілмеген жаңа өнім түрлері  шығарыла бастады.  Кілем, ПВХ-профиль, битум, әйнек пен шыны, мотор майлары,  полиэтилен құбырлары. Сондай-ақ, вакуумдық пробиркалар, насостар, химиялық тұрмыстық тазартқыш құралдар, медициналық қондырғылар мен бұйымдар.

Мұның барлығы – бүгінде Оңтүстікте жасалатын отандық өнімдер.  Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық қуатын еселей түсуді мұрат еткен «үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы өңірде өндірістің өркендеуіне ерекше серпін берді.

Бағдарлама шеңберінде құны 184 миллиард теңгеден асатын 137 жоба жүзеге асты. Іске қосылған кәсіпорындардың 65 пайызы ауылды жерлерде орналасқан.   11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Үдемелі-индустриалды даму бағдарламасының алғашқы бес жылында іске қосылған өндіріс орындарының арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында 100 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

Бұл өңдеу өнеркәсібінде шығарылған тауардың 13 пайызы. Ал, жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде  еңбек өнімділігі 1 адамға шаққанда 76,3 мың АҚШ долларына жетіп отыр. Өндірісті өркендету бойынша өңір қазір өзге облыстар арасында көш бастап тұр.   

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары:

Тек қана бес жылды алатын болсақ, өнеркәсіптің көлемі екі жарым есеге өсіп отыр. Бұл жалпы өңірлік өнімнің құрамында, яғни экономикада осыдан 5 жыл бұрын  15 пайызды құрайтын болса, қазіргі таңда 25 пайызға жетіп отыр. Демек, бағдарлама мақсат еткен  құрылымдық диверсификацияға қол жеткізіп отырмыз.

Шымкенттің іргесінен жасақталған индустриалды аймақ та өңір экономикасының қарқынды дамуына негіз болды.   Қазір мұнда металлургия, химия және мұнай өнімдері, құрылысқа қажет бұйымдар шығаратын жетпістен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Жаңа салынған зауыттардың бірқатары ел аумағында тіпті Орталық Азияда өзіне теңдесі жоқ кәсіпорындар.

«МК керамик» - елімізде құрылысқа қажетті керамогранит материалдарын өндіретін бірден-бір зауыт. Ғимараттардың едені мен қабырғасына жапсырылатын құрылыс материалына өз елімізде сұраныс жоғары.

Өйткені, әлі күнге керамикалық тақтайшалар тек шетелден тасымалданады. Жаңадан іске қосылған өндіріс орны жылына 2 миллион шаршы метр осындай дайын өнім   шығарады.

Мұхтар Битеміров, зауыт құрылтайшысы:

Қазіргі шығарып жатқанымыз керамогранит. Келешекте керамикалық плита шығару ойда бар. Соны шығаратын екінші линияны қосатын боламыз.

Оңтүстікте сондай-ақ, қыздырылған шыны да шығады. Озық технология бойынша жасалған құрылыс материалы жылу сақтағыш қасиетке ие. Әрі  қуатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр іске қосылған зауыт бүгінде  тәулігіне 1 мың 700 шаршы метрдей осындай  дайын өнім шығарып жатыр.

Шикізатты қыздыру, балқыту процесін жүргізетін және қадағалайтын   өндірістік технологияның барлығы Италиядан әкелінген. Автоматтандырылған техниканың көмегімен шыныдан кез-келген пішінді кесіп дайындауға болады.

Тіптен оюлар мен нақыштарды да бедерлей алады.  Қыздырылған шыны беріктігімен де ерекшеленеді. Қалыңдығы  4, 6 және 8 миллиметр болатын  шыны шамамен 400 келі салмаққа шыдас береді.

Ерғали Иманәлиев, кәсіпорын экономисі:

Шыңдалған шыны қарапайым шыныдан 5-7 есе мықтырақ болады және 120 градус температураға шыдас береді.

Индустриалды аймақ өндірістің дамуына қолайлы жағдай туғызумен қатар өңір бюджетіне  қомақты кіріс те әкеледі.  Оны жасақтауға, ол жерге инфрақұрылым жүргізуге  жұмсалған мемлекет қаржысы жуық арада толық өтеліп, пайдаға жұмыс істейтін болады. 

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары:

Солардың есебінен түскен  салық 3 миллиард теңгенің үстінде. Ол деген сөз 5,8 миллиард теңге инфрақұрылымға инвестиция жұмсаған болсақ бюджеттен, оның жартысынан астамы қайтып отыр. Алдағы екі жылда толығымен ақталады.

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бүгінде өңірде тұтастай мақта кластері қалыптасып отыр. Арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеп жатқан осындай кәсіпорынның бірі - «Окситекстиль» фабрикасы.

Ұзын және қысқа талшықты мақтадан иірілетін жіптер негізінен тоқыма өнеркәсібінде пайдаланылады. Шығарылған өнімнің дені бүгінде Қытай мен Италияға экспортталып отыр.

Халықтың өмір сүру деңгейі қай кезде де  баспананың жайлылығымен өлшенетіні хақ.  Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқын алып тұр. Тек өткен  жылдың  өзінде 405  мың шаршы метр баспана салынды.

Ал, биыл тұрғын үй құрылысына 26,1 миллиард теңге инвестиция жұмсалмақ. Қазір Шымкент қаласында 4 мың пәтерлік 32 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.  

Жеңілдік талаптарымен әлеуметтік жалға берілетін  тұрғын үй бағдарламасы бойынша  биылғы сәуірде  1080 отбасының көптен күткен арманы орындалды. Ұзақ жылдар бойына баспана кезегінде тұрған жанұялар жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Олардың жартысына жуығы енді ғана отау көтерген жас отбасылар.

Нұрбол Әкімшілік полиция басқармасында жұмыс істейді. Жұбайы Жанар жоғары оқу орнында мұғалім. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Сегіз жылдан бері баспана кезегін күткен мерейлі отбасы бүгін шексіз қуанышқа кенелді.

Шаһар орталығынан бой көтерген көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.  Сәулетті әрі кең баспана енді бұл отбасының  қонақжай әрі ырысты мекені болмақ.

Нұрбол Ахмет, пәтер иесі:

Сөзбен айтып жеткізе алмайтын күн болып тұр. Көптен күткен баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Осы шаңырақта өсіп-өркендейік.

Аграрлы аймақ саналатын өңірде шаруалардың да табысы жаман емес. Өткен жылы өңірде 324 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.  Төрт түлік те көбейіп келеді. Ет өндіру 12 пайызға өскен.  Бұл асыл тұқымды малдың көбейгенінің арқасы.

«Сыбаға» бағдарламасымен шаруалар 15 мыңнан аса еті мен сүті мол текті ірі қара сатып алған. Ет экспортының әлеуетін арттыру үшін мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау несібесін еңбектен   іздеген жандардың  өз бетінше кәсіп етуіне мол мүмкіндік берді.

Солардың бірі - Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» шаруашылығы. Ұзақ мерзімге несие қаржы беру, субсидиялау, өндірген өнімін нарықта делдалсыз саудалауға жағдай жасау оларды  шаруасын әрі қарай дөңгелетуге талпындыра түсті.  Шаруашылық қора жайында бүгінде 3 мың қара мал бордақыланады.

Сырым Ертаев, шаруа қожалығының төрағасы:

Қазақстан Республикасының ішкі  нарқын қанағаттандырып, тұрғындардың сұранысын толығымен өтеп көршілес Өзбекстан еліне де өткізіп жатырмыз. Былтыр 100 тонна өнім өткізген болсақ, биыл 3 мың тоннаға келісімшартымыз бар.

Бүгінгі таңда жылыжай ісімен айналысатын шаруаларды мемлекет  барынша қолдап, қуаттап отыр. Соның арқасында  Түстіктегі жылыжай келемі 910 гектарға жетті. Оның 250 гектары өндірістік жылыжайлар.

Жалпы еліміз бойынша көкөніс пен бау-бақша өсірілетін жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Тиімді әрі табысты кәсіпті тез меңгерген түстіктің шаруалары былтыр 150 мың тоннадан астам көкөніс өндірген. Оның жартысы ішкі нарықта саудаланса, қалғаны өзге аймақтарға жіберілген. 

Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Қазақстанның толық қажеттілігін және экспортты толық қамтамасыз ету үшін келешекте 5 мың гектарға жуық жылыжай салу керек.

Ауылшаруашылық айналымындағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру, егіс алқаптарын әртараптандыру, су және ылғал үнемдегіш технологияларды енгізу шаралары қолға алынған. 

Егістікті әртараптандырудың арқасында мақта алқабының көлемі  жыл сайын 10 мың гектарға азайып келеді. Орнына экономикалық тұрғыдан тиімді болып саналатын бақша, жүгері, жоңышқа, көкөніс, жеміс-жидек пен жүзім егіліп жатыр. Нәтижесінде қосымша 6 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді.

Өткен жылы өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналған. Бұл  алдыңғы жылмен салыстырғанда, 210 мың тоннаға артық. Жиналған өнімнің  490 мың тоннасы Кеден одағы елдеріне, оның ішінде Ресейге 310 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдері экспортталды.

Екі жарым миллионнан астам астам халқы бар  Оңтүстік Қазақстан  облысы өнеркәсіптің өркендегені арқасында  экономикалық  өрлеу жолына түсті. Өңірлік өнім көлемі былтыр 2,3 триллионға жетті. Экономикалық өсім 6 пайыз болды. 

Өнеркәсіптегі өнім көлемі бойынша өңірлер арасында үшінші орынға тұрақтады. Ендігі мақсат, шикізаттық емес секторды  әрі қарай дамыту.  Ол үшін индустрияландыру картасы шеңберінде  тек өңдеу  ісімен айналысатын өндірістерге мемлекеттік қолдау көрстелетін болады. 

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары:

104 жоба іріктеліп алынып отыр келесі бес жылдыққа.  Енгізілген жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 900 миллиард теңгеге жуық. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2015-2016 жылдар.

Ол іске асқаннан кейін 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жобалардың  бірінші бесжылдықтан да деңгейі жоғары. Технологиялық жағынан болсын, инвестиция көлемі жағынан болсын бірнеше есе жоғары.

Оңтүстіктегі ағайынның бейнеттен белі талмайды. Қай кезде де еңбекқорлығымен дараланады.  Көпке үлгі. Облыс халқының үштен бір бөлігі  кәсіпкерлік саладан пайда тауып жүргені осы сөзімізге дәлел. Істің көзін таба білу. Тынымсыз қарекет. Қажымас қайрат.

Осының өзі қазағы басым, халқы көп, руханияттың ордасы саналатын күнгей өңірдің тірлігіне қозғау салып,  экономикасын өрге бастырып отыр. Ал, әлеуеті мықты, экономикасы мығым өңір – қашан да мемлекеттің  тірегі.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу