Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

10.05.2015
Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Осы сейсенбіде К.Мәсімов басқаратын Үкіметтің мүшелері бірі қалмай, Ақордаға жиылды. Кеңейтілген отырыс. Алдағы бағыт-бағдар - 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам. Біздің Үкіметке бір сәтке дамылдауға мүмкіндік жоқ, оларды енді осындай зор шаруа күтіп тұр.

Алдағы 5 жылда кемінде 3-4 қазақстандық экспорттық бренд құру қажет, деді Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыс барысында. Яғни, индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасының өнімділігін арттырудың әрі әртараптандырудың маңызды бағыты болып қала береді.

Сосын Елбасы шенеуніктерге өзі жария еткен 5 реформаны жүзеге асырудың жолдарын атады. Реформалардың әрқайсысы бойынша сала-салалап, Мемлекет басшысы үкімет мүшелеріне бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

Сайлаудан кейін Үкімет құрамы өзгерген жоқ. Бірақ, Президенттің бұл шешімі әр басшы өз қызметін сақтап қалды деген сөз емес. Министрлер кабинетін  енді үлкен интеллектуалдық жұмыс күтіп тұр.

Елбасы бүгін 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың жүз нақты қадамын атады. Ол міндеттер біздегі биліктің көп мәселеге көзқарасын өзгертеді, жаңа лепке ілесе алмағандар, қабілеті жетпегендер орта жолда қалуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұмыс оңай емес, биліктің психологиясын өзгертеміз. Кімнің қабілеті бар соны білеміз.

Мінсіз мемлекет моделі дегеніміз не? Ол басқару жүйесінде адал, абыройлы, білімді, тәжірибелі шенеуніктер ғана топтасқан кәсіби аппараты бар ашық ел. Елбасы атаған жүз нақты қадамның  бестен бірі автономды, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз мемлекеттік қызметтің мансаптық  моделіне өтуіміз керек. Мемлекеттік қызметке ең адал, талантты, дайындықтан өткен азаматтар ғана қабылданады. Қазақша айтқанда, бұл «оңай шаруа емес». Сөзбен айту бір басқа, ал оны орындау зор күшті талап ететін өте үлкен, мағыналы жұмыс.

Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның Ербол Орынбаев басқаратын жұмыс тобы – іс басына келетін жаңа буын басшыларды  іріктейді. Жаңа тестілеу сынақтарын  енгізеді.  Үлкен іріктеуден өткен адал әрі   кәсіби басшылардың жалақысы  да  жұмыс нәтижесіне қарай төленеді.  Бұл – әлемдік тәжірибе.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шамамен олардың жалақысы жеке сектордың 70 пайызына жуықтауы мүмкін. Алайда, бұған қосылатын үстемеақыларды әрбір органдар өз ішінен табуы керек. Біз министрлер мен мекеме басшыларына бюджет мәселесін  өздері шешуге мүмкіндік жасаймыз.

5 реформаның екінші сүбелісі Заңның үстемдігі. Бұл салада қолға алынатын нақты қадамдар елдегі сот жүйесіне деген халық  сенімін нығайтады. Көп кешікпей елде судьяларды  жұмысқа қабылдау талабы күшейеді.

Үміткерлер бірден судья бола алмайды. Бірнеше жыл сынақтан өтеді. Сондай-ақ,  елімізде жергілікті полиция қызметі қызметі құрылуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бұл туралы көп айтып жүрміз, бірақ оған әлі барған емеспіз. Бәрін орталықта ұстап отырмыз. Ешкім жергілікті жерлерге қызметтерді бергісі келмейді. Дәл осы жергілікті полиция қызметі жергілікті қоғамдастықпен тығыз жұмыс істеп, ұсақ қылмыстарға «нөлдік төзімсіздікті» қалыптастыруы керек.

Отандық  экономиканың сипатын өзгертетін жаңа жобалар керек. Елге трансқұрлықтық 10 алып  компанияны  әкелу қажет.  Оларға жағдай жасап, өңдеу   өнеркәсібін  жолға қою керек. Он  алыптың кемі үшеуі ауыл шаруашылығы саласына бет бұрса, игерусіз жатқан  жайылымды жаратуға  болады. 

Елімізде қазір тоғыз  миллион  гектар  жер тек жатыр. Сондықтан, барды ұқсата алмай отырған жер иелерінің меншік құқына қатысты  мемлекет жаңа шешімдер қабылдауы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді жекешелендіруді бастау керек. Бұл қарапайым емес, керісінше аса өзекті, аса маңызды мәселе. Өйткені, бұл Қазақстанның жері. Ал, оны пайдалану қалай болса солай жүрмеуі шарт, өйтсек, біз күндердің күнінде жердің бәрін тоздырамыз.

Бүгінгідей аласапыран заманда қоғамда саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау   мейлінше маңызды. Сондықтан,  төртінші реформа Бірыңғай болашақ ұлтын қалыптастыру аясында елде «Үлкен ел - үлкен отбасы» атты жаңа  жоба басталады. Бұл жоба – Мәңгілік ел мұратын насихаттайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жоба аясында көркем фильмдер, сериалдар, біздің тарихымыз, мәдениетіміз, қазіргі уақыт туралы бағдарламалар дайындалады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстанның жаңа келбеті есепті мемлекетке айналу.   Елбасы атаған 5 реформа елдегі әр   азаматтың қамы үшін.

Сондықтан, бүгін Мемлекет басшысы «Үкімет - азаматтар үшін» атты  жаңа мемлекеттік корпорация құру туралы ойлану керек,-деді. Бұл құрылым мемлекеттік қызмет  көрсетудің бірыңғай провайдері бола алады.

Сонымен биыл жаз Үкімет негізі Заңдарды түзеді. Парламент күзгі сессияда Заңдарды қабылдауы қажет. Ал, келер жылдың басында жаңа реформалар  жүзеге аса бастайды. Елде түбегейлі  өзгерістер дәуірі басталады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу